Қазақстан Жазушылар одағының мәжіліс залында V дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында республикалық «Құлагер» әдеби байқауының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Қазақстан Жазушылар одағы мен Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған әдеби байқаудың ресми ашылу жиынын одақтың басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ашып, жүргізіп отырды.
– Жаңа 2024 жыл жалпы қазақ үшін, әріден айтсақ, жалпы өркениет үшін өте ерекше болайын деп тұр. Себебі, елімізде V дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған 100-ден астам елдің спортшылары қатыспақшы. Қазақстанда тұңғыш рет өткізілгелі отырған бұл байрақты бәсекеде ат шабыс, күрес, садақ ату, қыз қуу, бүркіт салу, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен ең мықтылар анықталмақшы. Яғни, осы арқылы біздің рухымыз, біздің құндылықтарымыз қайтадан жаңғырады. Күннен- күнге жастарымыздың еліне, жеріне деген ықыласы артып, төл мәдениеті мен ана тіліне деген махаббаттары оянады деп сенеміз, – дей келе Мереке Әбдешұлы осы ойындар қарсаңында ұйымдастырылып отырған «Құлагер» әдеби байқауының мақсаты мен талаптарын жиылған жұртшылыққа жария етті.
Атап айтар болсақ, үздік проза, үздік поэзия, балаларған арналға үздік шығарма, үздік комикс, үздік деректі шығарма, үздік драматургия, үздік фантастика жанрлары бойынша мықтыларды анықтайтын бәйгеге талапкерлер бұрын еш жеде жарияланбаған тың туындыларын ұсына алады. Үміткерлер жасына шектеу қойылмайды. Әр номинация бойынша оза шыққан жеңімпаздарға 2 млн теңге көлемінде жүлде беру көзделген.
Басқосу барысында Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы Исламбек Салжанов халқымыздың ежелден келе жатқан спорт түрлерін дамыту жұмыстары жайлы, сонымен қатар, көшпенділер ойыны жөнінде баяндап өтті. Келесі болып сөз алған ат спортынан Германияның 6 дүркін, Жапония мен Францияның бірнеше дүркін чемпионы, даңқты жерлесіміз Бауыржан Мырзабаев өзінің спортқа келу жолы мен жеңіске бастаған жылдары жайында кеңінен әңгімеледі.
Жиын барысында КСРО және Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі сахна шебері Асанәлі Әшімов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Марфуға Айтхожина, жазушы-драматург, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының иегері Смағұл Елубай, жазушы Дулат Исабеков, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, белгілі жазушы Молдахмет Қаназ сөз алып, Дүниежүзілік көшпенділер ойынының еліміз үшін алар орны мен мазмұны жайында, осы орайда ұйымдастырылып жатқан «Құлагер» байқауының әдебиетімізге тың туындылар әкелуге қосар үлесі хақында өз ойын ортаға салып, қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Қуат Әбіл,
Қарасай ауданы