Қонаев қаласында облыстық ономастика комиссиясының отырысы өтті. Күн тәртібінде Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың есімін беру мәселесі қаралды. Отырысты облыс әкімінің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Нұрлан Әбдірахым ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша комиссия төрағасының орынбасары Данияр Ахметов сөз алып, Заманбек Нұрқаділовтың еліміздің тарихында алар орнының өте зор болғанын атап өтіп, қоғам қайраткерінің өмір жолына шолу жасап, жеткен жетістіктерін келелі әңгімесіне арқау етті. Еліне адал қызмет еткен азаматтың есімін халық жадында сақтау жайлы мәселе облыс көлемінде бұрыннан көтеріліп жүргенін тілге тиек етті. Заманбек Қалабайұлының 80 жылдығына орай Кеген жұртшылығынан аудан орталығындағы балалар өнер мектебін қоғам қайраткерінің есімімен атау жөнінде ұсыныс түсіп отырғанын хабардар етті. Заманбек сияқты тұлғаға өнер мектебі аздық ететінін жасырмаған комиссия мүшесі Мақсат Сейдалиев оның атына орта мектеп, көше немесе ауыл атауын беріп, музей ашу жайында ұсыныс білдірді.
Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков 2015 жылы пайдалануға берілген, 250 өнерпаз шәкіртке лайықталған өнер мектебінің 11 елдімекенде филиалы жұмыс істейтінін, бүгінде бөлімшелерін қоса алғанда мұнда 756 оқушы дәріс алатынын және ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, ауласына Заманбектің ескерткіші орнатылатынын алға тарта сөйледі.
Келесі кезекте облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы, комиссия мүшесі Кәдірбек Құныпияұлы отырыста өздеріне таратылып берілген ақпаратта З. Нұрқаділовтың туған жері Кеген ауданы деп қате жазылғанын, шын мәнінде, Ұйғыр ауданы Кетпен ауылында дүниеге келгенін жиналған қауымның қаперіне салды. Сондай-ақ, Ұйғыр ауданындағы азаматтардан да осындай ұсыныс түсіп жатқанын айтты. Комиссия төрағасы Нұрлан Ерғалиұлы Ұйғыр ауданының белгілі азаматтарының ұсынысынан хабардар екенін, бүгінгі отырыстың күн тәртібіндегі мәселені біржақты еткен соң, алдағы уақытта ол тақырыпты да қарастыру жоспарда бар екенін жеткізді. Заманбек Қалабайұлының Ұйғыр ауданының тумасы екенін, әкесі Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған оның Кеген ауданына 6 жасында келіп, нағашыларының қолында тәрбиеленгенін аудан әкімінің орынбасары Кеңес Күнесбайұлы да растады.
Жиын соңында комиссия мүшелері Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың есімін беруді бірауыздан мақұлдады.
Айжарық Көптілеуов