Тәрбие бастауы – балабақша. Сондықтан еліміздің болашағы саналатын сәбилерімізді ұлтжанды, рухы биік, парасатты да саналы азамат етіп тәрбиелеу үшін отбасындағы үлгі-өнегемен бірге балабақшада баулу мәселесіне барынша көңіл бөлген абзал.
Осы бағытта Қаскелең қаласындағы «Ерке-Нұр» бөбекжай-балабақшасында форум өтті. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында атқарылған шара ауданда орналасқан 10 мемлекеттік балабақшаның ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Оған «Ұлттық құндылықтар» академиясының мүшесі Фарида Омарбекова, Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің атқарушы директоры Майсам Бакиева, аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің әдіскері Айгүл Садырова және өзге де жекеменшік балабақшалардың өкілдері қатысты.
Форумға келген қонақтар алдымен көрмені тамашалады. Онда ұлттық құндылықтарды паш ететін жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды. Балабақшаның қайсыбірі шағын қойылымдар дайындаса, екіншісі асықтарды қолдану арқылы өздері ойлап тапқан ойындарын, ал енді бірі ата-бабаларымыз тұрмыста пайдаланған қыштан бұйым жасау технологиясын көрсетті. Жиынға келген көпшілік тәрбиешілер мен балалардың өнеріне тәнті болды.
Бұдан кейін шараға қатысушылар балабақша ішін аралап, «Ерке-Нұрда» еңбек ететін тәрбиешілердің жұмысымен жақынырақ танысты. Іс-шара аясында бүлдіршіндерге ұлттық құндылықтар дегеннің не екенін түсіндіру мақсатында ашық сабақтар өткізіліп, өзара тәжірибе алмасты.
Аталған форумда аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің әдіскері Айгүл Садырова сөз алып, бүлдіршіндерге өз халқының әдеп-ғұрпын үйрету қажеттілігіне тоқталып, мамандарды осы мәселе бойынша ойларын ортаға салуға шақырды.
Арнайы қонақ ретінде келген «Ұлттық құндылықтар» академиясының мүшесі Фарида Қызырқанқызы бүгінде жас ұрпаққа жақсы тәрбие және сапалы білім берумен қатар, оларға елінің тарихын, әдеп-ғұрпын түсіндіріп отыру қажет екенін атап өтті. Себебі шыққан тегін, халқының тарихын білмеген жастар елінің жарқын болашағын қалыптастыруға қадам баса алмасы хақ. Ендеше, баланың санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, орнықтыру аса маңызды. Сонымен қатар ол өзі қалыптастырған «Асық терапиясы» жайлы да кеңінен айтып берді.
– Ертеде әрбір қазақтың үйінде шашылып жататын асықтарды тек ойыншық ретінде ғана емес, тәрбиенің әдісі деп қабылдап, балалардың қимыл-қозғалысын реттеуге, кеңістікті бағдарлай білуге, сөздік-логикалық ойлауды сатылай қалыптастыруға, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауға, сабырға, бірлесе әрекет етуге тәрбиелеу құралы ретінде қолдануға болады. Жалпы біз өзіміздің қазақи ойындарымызды негізге ала отырып, жаңа мазмұнды ойындар, жаттығулар құрастырып, бүлдіршіндерді оқыту барысында қолдануымыз керек. Бұл тек ата-бабамыздан келе жатқан құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, сондай-ақ өзіміздің оқыту әдістерімізді жасап шығаруға үлкен септігін тигізеді, – деді Фарида Қызырқанқызы.
Жиында сонымен қатар Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің атқарушы директоры Майсам Бакиева ұлттық құндылықтарды оқу жоспарына енгізу, оның пайдасы жайында айтса, «Брусничка» балабақшасының тәрбиешісі «Қыш құмыра-көнеден қалған мұра», «Ақ көгершін» балабақшасының әдіскері «Ұлттық құндылықтарды насихаттауда мектепке дейінгі ұйым мен ата-ана арасындағы ынтымақтастық» атты тақырыптарда презентацияларын көрсетіп, өз ойларын ортаға салды.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткен форумның соңы қатысушылардың бір-біріне ұсыныс айтып, өзара ой бөліскен «Еркін микрофон» пікірсайысымен тәмамдалды.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы