Қонаевта оңтүстік айналма көпір жолы күрделі жөндеуден өтеді
Таяуда Қонаев қаласындағы оңтүстік айналма жолын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталады. Бұл туралы Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін қала әкімі Нұрлан Құматаев мердігер компания өкілдерімен және коммуналдық қызмет көрсетуші жауапты мамандармен көшпелі жиын өткізді. Әкімнің сөзінше, қажетті тексерулерден кейін көпір жолында жүк тасымалдау мен қауіпсіздікке әсер ететін бүлінулер анықталған.
«Біз үшін ең маңыздысы – адамдардың қауіпсіздігі. Қазір жолды бір-бірімен жалғастыратын тұстарда шұңқырлар пайда болған. Бұл – жол апатына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар аталған жол қалаға кіреберіс басты жолдардың бірі болғандықтан, көпірді толығымен жаппаймыз. Егер жауып тастасақ, көлік жүргізушілеріне ары-бері қатынау қиынға соғады. Көпір салудың барлық технологияларын сақтай отырып, жолды аз уақыт ішінде күрделі жөндеуден өткізу қажет», – деді Нұрлан Құматаев.
Өз кезегінде мердігер компания өкілі жұмысты бастауға дайын екенін жеткізді.
«Бұл көпір өткен ғасырдың 80 жылдары салынған. Ол кездегі құрылыс технологиясына сәйкес, жолды бір-бірімен жалғастыратын тұстарына жылына екі рет жөндеу жасалатын. Жалпақ тілмен айтқанда, көпірде қозғалыс көп, ал жолды тастай етіп бекітіп тастаған. Біз жөндеуді еуропалық тәсілмен жасамақпыз. Құрылыс жұмыстары 1 айға созылады, себебі, жолдың бір бағыты ашық болады. Ең бастысы, біз 5 жылға кепілдік береміз. Сол уақыт ішінде бюджетке еш шығын болмайды. Сондай-ақ біздің серіктестік ҮАААЖ (БАКАД) бен Алматыдағы бірнеше айналма жолдың көпірін жасаған», – деді құрылыс компаниясының директоры Жанат Есмұханов.
Әкімдіктің хабарлауынша, жол жөндеу 26 қаңтардан басталды. Мамандар дүйсенбі күні жолдың бір бағытын ашамыз деп отыр.