Райымбек ауданында облыс әкімінің қолдауымен аз қамтылған отбасылар баспаналы болды. Өткен жылы қазынадан 152,6 млн теңге бөлініп, 11 ауылдық округтен 20 үй сатып алынды деп, хабарлайды Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев.
Былтыр Сарыбастау ауылының тұрғындарына арналған екі коммуналдық тұрғын үй құрылысы аяқталған болатын. Бұл үрдіс биыл жалғасын таппақ, бюджеттен үй сатып алуға 242,9 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде 625 адам тұр. Биыл тұрғын үй кезегін азайту мақсатында 20 жалгерлік баспананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Сарыжаз ауылынан 4 пәтерлі 10 жалға берілетін тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттамасын жасауға 13,5 млн теңге бөлінді. Бұдан өзге, ауданда әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтсақ, Сарыбастау ауылында кіші спорт кешені және Қарасаз ауылында өнер мектебі, Нарынқолда жастар ресурстық орталығының құрылыс жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, Көмірші ауылында құны 134,2 млн теңге болатын медициналық пункттің құрылыс жұмыстары 80 пайызға, Нарынқолдағы 250 орындық емхана құрылысы 35 пайызға аяқталған.
«Былтыр Райымбек ауданында құрылыс қарқын алды. Жамбыл, Текес, Сарыбастау, Шәлкөде ауылдарында әкімшілік ғимараттар пайдалануға берілді. Сүмбе және Қызылшекарада кіші спорт кешені ел игілігіне берілді», – деді аудан әкімі Берік Фатықұлы.
Берік Дүйсенбаев баспасөз мәслихаты барысында Қарасаз ауылында жоба құны 894,4 млн теңгелік 250 орынға арналған балалар шығармашылық орталығы салынып, келесі жылдың қаңтар айында қолданысқа берілетінін алға тартты. Өткен жылы атқарылған іргелі істердің қатарында Сүмбе жерінде қолданысқа берілген Мәдениет үйі де бар. Құрылыс жұмыстарына 536,2 млн теңге жұмсалған ғимарат бүгінде ауылдағы өнерпаздар жиі бас қосатын орынға айналған.
Құрылыс саласында қарқын алған аймақта бірқатар бағдарламалар да орнымен іске асырылған. Мәселен, “Ауыл аманаты” жобасы бойынша өңірдегі 49 кәсіпкер 275,1 млн теңге несие алып, өндірісін өркендеткен жайы бар. Райымбек ауданында кәсіпке бет бұрған ағайынның саны артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, бұл маңда 4,1 мың адам шағын кәсіптен нәпақасын тауып отыр. Жалпы, ауданда 3540 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Мемлекеттен қолдау тапқандар, кәсібін дөңгелетіп, нәтижесінде 2925 жаңа жұмыс орыны құрылған, оның 1065-і тұрақты, 1860-ы уақытша жұмыс орны болып ашылды.
«Ұлттық жоба шеңберінде 6 жоба мемлекеттік қолдауға ие болып, 108 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. Жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау курстарында оқытуға 8 млн 864 мың теңге бөлініп, 25 азамат кәсіптік білім негіздерін оқып шықты.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша, жаңа бизнес бастауға және кәсіпкерлікті дамыту үшін 15 азаматқа 20 млн 700 мың теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Сонымен қатар, кәсіпке қызығатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін конкурс негізінде 11 азаматқа 53 млн 700 мың тенге микронесие берілді», – деді спикер.
Өңірдің экономикалық жағдайына айрықша әсер етер сала — ауылшаруашылығы. Былтыр, Райымбек ауданында ауылшаруашылық өнімінің көлемі 51,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл ретте диқандардың үлесі барын да айтқан абзал. Тарқатар болсақ, 11954 гектар алқаптан дәнді дақыл жиналып, орташа түсім гектарына 16 центнерді құрады. Көкөністен гектарына 269,2 центнер, ал картоп өнімінен 218,1 центнер өнім алынған.
Мал шаруашылығына келсек, ауданда мал басын асылдандыру жұмысы жолға қойылған. Жыл басынан 2625 мал басы асылдандырылып, 105 бас асыл тұқымды бұқа алынған. Берік Фатықұлының сөзінше, аймақта 9 шаруа қожалығы 704,8 млн теңгеге 827 бас асыл тұқымды ірі қара мал, 1400 ұсақ мал алуға жеңілдетілген несие алды.
Баспасөз мәслихатында аудан басшысы жол жөндеуге қатысты мағұлмат берді.
«2024 жылдың соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жолдардың жағдайын 65%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 2023 жылы Шәлкөде ауылының ішіндегі көше жолдары 177,2 млн. теңгеге орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Тегістік ауылына, Сүмбе ауылына, Қызылшекара ауылына, көше жарық шамдарын орнатуға жоба -сметалық құжаттары жасалынып, мемлекеттік сараптамаға жіберуге құжаттары әзірленуде»,-дейді аудан әкімі.
Еске салсақ, «Ауыл — ел бесігі» бағдарлдамасы аясында Қайнар ауылындағы көшелерді орташа жөндеу жұмыстарына 65,0 млн теңгеге бөлініп, үш шақырым жол жаңартылды. Жобаның шарапатын көрген ауылдар қатарында Сарыжаз да бар. Мұндағы жолды жаңартуға 315,2 млн теңге қарастырылып, елді мекендерге көше жарығын орнату үшін жоба-сметалық құжаттамасын жасауға 20,6 млн теңге берілген.