Облыс әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмыс тобы ата-аналарды «Ата-ана бақылауы» бағдарламасына қосу туралы жиын өткізді. Оған мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, балабақша меңгерушілері, ата-аналар комитетінің мүшелері қатысты.
Жиынды облыс әкімі аппараты құқық қорғау органдарымен жұмыс және ТКҚ қызметін ұйымдастыру бөлімінің бас инспекторы Айғана Асанова ашып, аталған шара, оқушыларды түрлі ақпараттық тосқауылдардан қорғау бағытында өткізіліп отырғанын жеткізді.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Айжан Ізбасар «Ата-ана бақылауы» бағдарламасына ата-аналарды қосудың маңыздылығы турасында сөз қозғады.
– Бүгінгі көтеріп отырған мәселе – баланың тағдырына қатысты. Оқушылардың өз-өзіне қол салуы, зорлық-зомбылыққа ұшырауы қоғамда жиі орын алатын жайт. Оған түрлі сайттар мен ойындар да әсер етуде. Өйткені, балалар көп уақытын түрлі сайттарға кіріп, ойын ойнаумен өткізеді. Ұялы телефон арқылы өзіне қажетті емес ақпараттарды бойына сіңіреді. Сол себепті баланың қандай сайтқа кіріп-шыққанын бақылап отыру аса қажет. Осы орайда ата-ана балаға көп уақыт бөліп, оның немен айналысып жүргенін біліп отыруы тиіс, – деді А.Ізбасар.
Қонаев қаласы әкімі аппаратының бас маманы Әйгерім Кенжеқанова «Ата-ана бақылауы: Баланың смартфонын қашықтықтан қалай бақылауға болады?» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол смартфондарда «Ата-ана бақылауы» деген функция бар екенін, сол арқылы балалардың ойын ойнауына, басқа да сайттар, әлеуметтік желілерде отыруына шектеу қоюға болатынын жеткізді.
Облыстық ғылыми-тәжірибелік ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері Бауыржан Тыналиев «Сандық әлемде баланы қалай қорғауға болады?» тақырыбында сөз қозғады.
– 6 жасқа дейінгі балаға міндетті түрде ата-ана бақылауы қажет. Өйткені бала бұл жаста интернет әлемімен таныса бастайды. 7 жастан гаджетті тұрақты қолданады. Осы кезде түрлі ойын ойнауға көшеді. 11 жастан бастап жасөспірімдік шаққа аяқ басқан бала тұрақсыз мінез танытады. Аяқ астынан эмоцияға беріледі. Сол кезде ата-ана бақылауының қаншалықты қажеттігі баламен бірге талқылануы керек. 14-17 жасында бала тәуелсіз ересек адамға айнала бастайды. Халықаралық балалар конвенциясының негізінде 13 жастан бастап балаға ерік-таңдау беріледі. Баланы бұл кезде құпия аңдудың қажеті жоқ. Оның сіздерге деген сенімі болуы керек. Сол себепті барлық мәселені баламен ақылдаса отырып шешкен жөн, – деді әдіскер. Сондай-ақ, баяндамашы балалардың интернетке кіруін бақылайтын 4 бағдарлама бар екенін, оның тиімдісі «Гугл фемили линк» деген қосымша болып табылатынын алға тартты. «Ата-аналар бақылауы», «Менің балам қайда?» қосымшалары арқылы баланың скринін көріп, кіммен араласқанын бақылай алатынына тоқталды.
Жиынды бас инспектор Айғана Асанова қорытындылап, бұл күнгі алған ақпараттардың ата-аналарға пайдасы тиеріне сенімділік білдірді.
Алма Есенбай