Қазір бүкіл әлеммен бірге біздің еліміз де күрделі қиыншылықтарды бастан өткізіп жатыр. Жаһанды жайлаған экономикалық, қаржылық дағдарыстар, климаттың өзгеруіне байланысты күн сайын кездесіп жатқан қиындықтарға қоса дәл екі жыл бұрын адамзат коронавирус індетіне тап болып, бұрын-соңды кездеспеген әлемдік эпидемияның да азабын тарттық, миллиондаған адам құрбан болды.
Өзгеріс керек
Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі бұл індетке қарсы күресудің тиімді амалын таба алмай, екінші жағынан кейде мамандардың салғырттығы мен жауапсыздығы, біліксіздігі, білімсіздігінің салдарынан да көп адам мезгілінен бұрын бұл дүниемен қош айтысып кете барды. Бұл індеттің қалай пайда болғаны, қалайша лезде тарағаны, адамзатқа қарсы қолдан жасалған қастандық па? Ол жағы әлі анық емес. Ең қиыны, адамзат өз тарихындағы осы күнге дейінгі адасулар мен қателіктерден сабақ алып, бейбіт те берекелі, тыныш та тату өмір суруге ұмтылудың орнына әлі күнге бір-бірімен айтысыптартысып, алысып-жұлысып, бір адам, бір ел түгілі, бүкіл әлемді құртып жіберуге қауқарлы аса қауіпті қарулармен соғысып келеді. Ақпараттық технология әбден дамыған мына заманда әркім өз үйіндегі көк жәшік немесе қолындағы смартфоннан төрткүл дүниенің бұрыш-бұрышында болып жатқан қанды соғыстар ғана емес, саналы адамның айтуға аузы бармайтын азғындықтарды да көріп отыр.
Осының өзі тәуелсіз ел атанған 30 жылдан аса уақыт ішінде ұлттық дамуда алға басудың орнына шарасыздыққа негізделген жемқор жүйе қалыптасып, бұдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын «Оян, қазақ!» деп дабыл қаққан, «Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп, Қарағым, енді жату жарамас-ты!» деп сол кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды анық әспеттеп, қалың жұрты қазағына қинала, ойлана ұран тастаған Міржақып Дулатов атамыздың тұсындағыдан де кері кеткен қазіргі Қазақстан үшін көп нәрселерді қайта ойластырып, келешек дамудың бағытбағдарламаларын, жалпы айтқанда, ұлттық-рухани және әлеуметтік-экономикалық, идеология мәселесін мықтап қолға алу қажет. Бұл, бір жағынан, «нарықтық экономика» желеуімен жоспарсыз даму жолына түсіп, әбден адасқан қоғамдық құрылыс пен мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп, мемлекеттік ұйымдардан экономиканы, әлеуметтік қызметтерді, қоғамды тәрбиелейтін рухани ағарту жұмыстарын ұйымдастыру мен басқарудың жаңа үлгілерін қалыптастыруды қажет етсе, екінші жағынан, адамдардың өздеріне де заман, өмір, ұлттық мұрат талабына сай өзгеру қажеттігін алға тартып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғалы бері адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отырғанын айтып келеді. Ол 2020 жылғы Жолдауында халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру міндетін қойды. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі, қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруы тиіс екенін ескерткен Мемлекет басшысы қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру, ұлт сапасын арттыруға атсалысу екеніне ерекше екпін түсірді: «Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады», – деді Президент.
Ысырапқа ұрынбайық
Қазақтың тойшыл халық екенін ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Оған «Той – халықтың қазынасы», «Той десе қу бас та домалайды», «Бұдан жаман кезімізде де тойға барғанбыз» деген мақал іспетті тұжырымдар толық дәлел. Бұлардан біздің бойымызға тойшылдық әдет пен үрдіс, заманауи тілмен айтсақ – мейрамханалық менталитет әбден сіңіп, мықтап орналасып алғанын байқаймыз. Сонымен бірге «Қазақ осы, дүние мен малыңды, оңды-солды шашу үшін жинайтын» деп, соны өзгелерден артықшылығымыз сияқты мақтана әндетіп, жырдан-жырға қосатын өте ысырапшыл халық екеніміз де, өкінішке қарай, рас. Басымызда баспана, қорамызда мал болмаса да қарызданып, қауғаланып, тіпті болмаса банктен несие алып та той беріп жатқан ағайынның саны аз емес.
Әсіресе, ұлды үйлендіріп, қызды тұрмысқа шығарарда көп адамның біраз «шабылатынын» көпшілік жақсы біледі. Сонша шығынданып, елге белгілі азаматтар, ағайын-туыс, құдажекжат, жора-жолдас, ұжымдастар мен көрші-қолаң, ұл мен қыздың құрбыларын шақырып, тілек-баталарын тыңдаған сол жастар ата мен ананың, абыз ақсақалдар мен кейуана әжелердің үмітін ақтаса ғой, шіркін! Кейде той өтер-өтпестен, кейде бір немесе екі-үш балалы болған кезде немеренің қызығына енді кенеле бастаған ата-енені зар қақсатып, ажырасып жатқандар да кездеседі. Бұған кейде: «Сен енді барған жеріңнің бағын ашып, отымен кіріп, күлімен шығып, алдымен ерім – пірім деп еріңді сыйлап, содан соң ата-енеңді сыйлап, абысын-ажынмен тату болып, ағайынның ас-суын молайтып, бірлігіне қызмет етуің керек», – деп ақылкеңесін берудің орнына: «Ішіме сыйған сыртыма сыяды, неге олар саған әкіреңдейді, қайт үйге!» – деп жағдайды одан әрі ушықтыратын құдағилардың да ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Сөйтіп, ағайын-туыс, құда-жекжаттың бірлігі ажырап бара жатқаны жасырын емес.
Сол той өзін ақтаса, келген ағайын жастарға үлгі боларлық өнеге көрсетіп, мәнді, мағыналы сөздер айтылса екенау! Бәрінің айтатыны – бір сөз, бір тілек. Тойға деп әкелген көрімдік-тартуы да отырған орнының құнына жетпей, оның үстіне бір үйден бірнеше адам келіп, жарты үстелді «иемденіп» алатыны тағы бар. Өйткені екі-үш түрлі тамақ, бес-алты түрлі салат, олардан бөлек қазы-қарта, бәліш-самса, жал-жая, жеміс-жидек, ірімшік-құрт, қымыз-шұбат, неше түрлі тәтті, кемінде үш-төрт түрлі сусын-шырындар қойылады.
Той ғой, жарайды той! Ал бір туысқанымыз қайтыс болып, ақтық сапарға шығарып салатын болсақ та осы шашылу. Айырмасы тек ішімдік қойылмайды. Қалғанының бәрі дерлік сол күйінде қайталанады, қосымша шелпек қойылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пәтуа қабылдап, имамдар қанша айтып жатса да, бұл әдеттен арылар емеспіз. Мұның бәрі тағы да «Бала қолдан келеді, малды Құдай береді» деген алдамшы түсініктің жетегінде сол баланың бүгінгі тәрбиесі мен біліміне аса қажет дүние мен малды оңды-солды шашып жатқан ұлт екенімізді дәлелдей түседі.
Үйлену тойы кезінде жастардың «Лимузин» жалдап, оған ондаған түрлі өзге де жеңіл көліктер ілесіп, жол жүру қағидаларын бұзып, апатты жағдай тудырып, той болатын ауыл-аймақ пен жақын маңдағы көрікті жерлерді аралайтыны тағы бар. Бұл да аз шығын емес. Уақыттың да қадірін түсініп, бағаламаймыз. Сағат 17-ге шақырып, тойды 20-да бастаймыз. Содан түн ортасында әрең тарқаймыз. Кейде ертеңіне жұмыс, басқа да шаруаларымыз бар екені есімізге де кірмейді. Ал тойға аты белгілі бір-екі әнші шақырар болсаңыз, олар көп жағдайда «минусовканың» көмегіне жүгініп, тек 10-15 минут аузын жыбырлатқаны үшін ғана сізден бірнеше мың доллар сұрайтынын бүкіл ел біледі. Ең өкініштісі, олар сол елдің қадірін білмейді. Есесіне «дұрыс әңгімелесетін адам да көрмедік» деп өкпелеп кетеді. «Балалардың бақытынан несін аяймыз, бәрі солар үшін ғой» дейін десең, «Банкет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңірдің бір жарытпайақ қойғаны-ай!» деп Мұқағали ағамыз жырлағандай, қазір жарып жүрген қарапайым қазақ шамалы. Оның үстіне айлап, жылдап жинап-тергенін, біреуден немесе банктен несиеге алғанын бір күнде өзге біреудің қолына апарып салып береді. Сол мейрамхананың иесі өз туысың, өз танысың болса бір сәрі, әйтеуір өз қазағымызды байытып жатырмыз деп көңіл жұбататын. Олардың көбі – өкінішке қарай, шаңыраққа қарамайтын, қазақтың тойшылдығының арқасында байығанын түсінбейтін, керек десеңіз қазақты менсінбейтін өзгелер. Мұны ар көріп жатқан қазақ та шамалы. Өйткені отыз жыл бойы «көп ұлттылығымыз – байлығымыз» деген саясат үстем болды.
Өндіріс қайда?
Бүгінгі пысықайлар бір емес, бірнеше мейрамхана салатын болды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтірейік. Қазір Талғар қаласынан Алматының шығыс шекарасындағы «Думан» шағынауданына дейін баржоғы 20 шақырымдай ғана. Осы аралықтағы мейрамханалардың саны қазір 70-тен асқан. Олардың көбінің атауы да өзге тілдерде, қайдағы бір «Версаль», «Империя», «Евразия» тағысын тағы. Соның ішінде, тек «Диана» деп аталатын – 6, «Қуаныш» деп аталатын – 6, «Арлан» деп аталатын – 4 мейрамхана бар. «Алматы – Талғар» тасжолының Бесағаш пен Тұздыбастау ауылдарының шекарасындағы айналмадан Алматы әуежайына қарай Бұқтырма көшесінің оң жағы қатар тізілген тойхана, құдды бір мейрамханалар қалашығы дерсің!
Әрине, мен бұлардың барлығын «Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей, қызғаныштан не көреалмаушылықтан айтып отырғаным жоқ. Сол қос-қостан мейрамхана ашқан адамның кішігірім зауыт немесе басқа бір өндіріс түрін ашып, бірнеше ондаған жұмыс орнын құруға шамасы жетер еді ғой деген ой айту! Оның үстіне бұл бір ғана Талғар ауданы емес, бүкіл Алматы өңірі, тіпті, ел көлемінде солай десек, аса қателесе қоймаспыз. Мысалы, тәжтажал ылаңы кезінде Шымкент қаласында 150 мейрамхана, 147 мектеп бар екені айтылды. Ал алып қала Алматыдағы мейрамханалар саны қанша екенін бір Құдай білсін!
Егер сол бірнеше тойхана салған кәсіпкер тігін фабрикасын, азық-түлік өңдеу цехын немесе күннен-күнге бағасы аспандап бара жатқан құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын ашса, ол жерде қаншама адам жұмыс істеп, табыс табар еді, бала-шағасын асырар еді. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп, табыс салығы, басқа да міндетті әлеуметтік төлемдер есебінен қазынаға да қомақты ақша түсіп, оларда еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлер әлеуметтік тұрғыда мемлекет тарапынан қорғалған болар еді. Өкінішке қарай, мұны ойлап жатқандар жоқтың қасы. Біреулер сол мейрамханаларда мыңдаған, тіпті, жүз мыңдаған адам жұмыс істеп, бала-шағасын асырап отыр деуі мүмкін, бірақ олар табыс салығын, міндетті медициналық қамсыздандыру және басқа да әлеуметтік төлемдерді төлеп жатқан жоқ. Тіпті, олар үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына да ешкім ақша өткізбейді. Демек, олар дың барлығы мемлекеттің әлеуметтік қорғауынан тыс қалып жатыр деген сөз. Ертең зейнеткерлікке шыққанда олардың зейнетақысы мардымсыз болатыны да анық. Сөйтіп, бұған өзін емес, жұмыс берушіні емес, ең алдымен мемлекетті айыптап шыға келетіні айдан анық. Ұлттық ішкі жалпы өнімде көлеңкелі экономиканың үлесі тым жоғары болуының да бір себебі сол.
Сондықтан бұған басқаша қарау керек. Бірінші кезекте еліміздің экономикалық саясатындағы, кәсіпкерліктегі, соның ішінде, өндірістік бизнесті қолдау тетіктеріндегі кемшіліктерді түп-тамырымен жою қажет. Қарапайым халық егін егіп, мал бағайын десе – жер жоқ! Әйтеуір бәрін біреулер иемденіп алған. Олардың көпшілігі жерді не өзі пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Ал солардан жалға алып пайдаланайын десе, ауылдағы қарапайым шаруа мен диқанды қаржы жағы қинайды. Банктер беретін несиенің үстемақысы жоғары, оның үстіне ауылдағы мүлікті кепілзат ретінде қабылдай бермейді. Сыбайлас жемқорлықтың кесірі туралы айтпай-ақ қояйық. Бәрі «өзіміз өндіргеннен сырттан арзанға әкелген тиімді» деп, неше жылдар бойы қалыптасқан экономикалық жүйенің быт-шытын шығарып, жаһандану дейтін жалмауыз шыққан тұста қате бағыт ұстанған биліктің кінәсі екені түсінікті. Әрине, миллиондаған гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр, бірақ олар кімге беріліп, кім қандай жобаларды бастап жатқандығы жөнінде мәлімет тым тапшы.
Тәрбие мектебі
Сонда не істеу керек? Егер мемлекет тек тойхана немесе басқа бір кәсіпкерлік нысандарын салып, өздері нақты өнім өндірмей табыс табатын азаматтарға салық мөлшерін ұлғайтып, сонымен бірге оларда еңбек ететін азаматтар үшін міндетті төлемдердің бәрін төлетсе, керісінше, нақты өнім өндіру бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді алғашқы бірнеше жылда салықтан босатып, кейін жеңілдетілген салық мөлшерін белгілейтін болса, тиімді несие берілсе, жағдайдың күрт өзгеретініне күмән жоқ! Қазір мақтан мен дақпырттың уақыты емес, одан көсеге көгерер болса, қазақтың көсегесі баяғыда-ақ көгерер еді!
Мемлекет басшысынан бастап ұлт зиялыларының бәрі соңғы кездері адамгершілік құндылықтарды өзгерту жайында айтып жатыр. Сондықтан ұлттық үрдістен асып, беталды лаға бастаған, келген қонаққа, өскелең ұрпаққа өнеге болатындай ештеңе бермейтін, «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл кердең, наданның» деп данышпан Абай айтқан кейіптегі даңғаза, ысырапшыл, тәрбиелік мәні жоқ мейрамханалық менталитеттен арылуымыз керек!
Әрине, мен ешкім той бермесін демеймін, бірақ сол той келген жұртқа қазақтың сары алтындай салт-дәстүрін, бай мәдениетін, терең тарихын, адам болудағы, отбасын құрудағы, ел-халықтың батасын алудағы мақсат-мұраттың не екенін ұқтыратындай тәрбиелік мәні болуын қалаймын. Меніңше, бұрын солай болған. Қазіргі заманда да той халықты тәрбиелеудің тиімді мектебі болуы тиіс! Әйтпесе, асабалардың: «Орнымыздан тұрып тұрып, шапалақты ұрып тұрып, дастарқанда барды асқазанға тығып тұрып» деп, әйтеуір күлмекке жақсы дегендей мағынасыз сөздерінен әбден шаршадық.
Құтмағамбет Қонысбай