«AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов қоғамдық қабылдау өткізді. Оған облыс тұрғындары тікелей барып та, онлайн түрде де қатысуға мүмкіндік алды.
Алғашқы болып онлайн режимде байланысқа шыққан Кеген ауданы Қарқара ауылының тұрғыны Оразалы Омаров Шарқұдыққа апаратын жол жасалып, электр жарығы тартылып жатқанын, алайда сол маңдағы шекаралық белдеуге кіріп отырған 100 метр жер жөндеусіз, электр жарығынсыз қалмай ма деген алаңдаушылығын білдірді.
Бұл сұраққа жауап берген Нұржан Кеңесұлы шекаралық белдеу белгіленгенімен, туризм саласын дамыту мақсатында автомобиль жолдары мен электр желілері салынатынын, жол қозғалысына және Қазақстан азаматтарының жүріп-тұруына ешқандай шектеулер болмайтынын жеткізді.
Келесі кезекте Ұйғыр аудандық мәслихатының депутаты Алимжан Ашимов сауалын жолдап, Шонжы ауылындағы көпқабатты үйлердің әлі күнге дейін көмірмен жылытылатындықтан қыста суық болатынын, осыған байланысты аудандағы көпқабатты үйлерге газ тарту мәселесін қарастырып, мемлекеттен қаржы бөлуге көмектесуін сұрады.
Аталмыш сауалға облыс әкімінің орынбасары былайша жауап берді:
– Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы «ЖетисуЭнерги» ЖШС арасында 2021 жылғы 26 шілдеде 6 автономды блок-модульдік газбен жұмыс істейтін қазандықтарды салуға және жөндеуге келісімшарттар жасалды. Жобалар әзірленіп, сараптамадан өткен. Алайда 2022 жылғы 23 қарашада облыстық прокуратура тарапынан жеке серіктестік шартын бұзу туралы ұсыныс түсіп, сот арқылы келісімшарт бұзылды. Қазіргі таңда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі жаңа жоба әзірлеуге облыстық энергетика басқармасына 137 млн теңгеге бюджеттік өтінім берді.
Ұйғыр аудандық мәслихат депутаты Айдос Иманәлиев ауызсу мәселесін қозғады. Ол Қалжат ауылына ауызсу тартуға мемлекеттен 571 млн теңге қаржы бөлінгенін, мердігерлердің тұрақсыздығынан 2 жылдан астам уақыт жұмыс тоқтап тұрғанын айтып, осы істің ары қарай жалғасын табуына мемлекет тарапынан қолдау болса деген өтінішін білдірді. Бұл ретте мердігерлер тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары баяу жүргізіліп, аяқталмағанын, мәселе сотқа дейін жеткенін алға тартқан Нұржан Кеңесұлы нысан бойынша атқарылған жұмыстардың көлемі расталған соң Қазақстан Республикасының заң нормаларына сәйкес тапсырыс беруші тарапынан жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп, бұл істі аяқтауға қосымша қаржы бөлінетінін алға тартты.
Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласынан қабылдауға арнайы келген Айжан Талқамбаева ауданда газдандыру жұмысының жүргізіліп жатқанына 5 жылға жуық уақыт болғанын, бұл игілікке Көктөбе орта мектебі қол жеткізе алмай жүргенін жеткізді.
Бұл мәселеге орай Нұржан Кеңесұлы ауданның 15 мектебін сұйық отыннан газға ауыстыру бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірлеу үшін конкурс жарияланғанын, оның нәтижесінде «ПроектДизайнҚұрылыс» ЖШС-мен келісімшарт жасалғанын, биыл бұл мәселе шешімін табатынын алға тартты.
Облыстық «Семей–Полигон» мүгедектер және ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбай Мұсапиров Талғар қаласындағы «Жаңа» ықшамауданында 9 қабатты 72 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысының тоқтап қалғанына байланысты мәселе көтерді. Оның сөзінше, құрылыс өткен жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс болған, бірақ коммуналдық желілердің жоқтығынан 70 пайызға аяқталып, тоқтап қалған.
Бұл сауалға жауап берген облыс әкімінің орынбасары:
– 2022 жылдың желтоқсанында «Шах құрылыс компаниясы» ЖШС мердігерлік ұйымы негізсіз себептермен 2 үйдің құрылысын тоқтатты. Мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын қайта бастау қажеттігі туралы хабарлама жолданды. 2023 жылдың 4 мамырында «Шах құрылыс компаниясы» ЖШС-ның үстінен облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз берілді.
2023 жылғы 20 қазанда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Шах құрылыс компаниясы» мен Талғар ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі арасындағы шарт мерзімдерін ұзартып, құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға міндеттеу туралы шешім шығарды. Соттың шешіміне байланысты Талғар ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі қайтадан апелляциялық шағыммен сотқа жүгінді.
Бүгінде «Гунн Стройсервис» ЖШС жүргізіп жатқан 3 нүкте бойынша құрылыс монтаждау жұмыстары 85-90 пайызға аяқталған, алайда инженерлік желілердің болмауына байланысты үйлердің іске қосылуын тоқтатуға мәжбүр.
2019 жылы қараша айында Талғар ауданының құрылыс бөлімімен «Жетісу сәулет құрылысы» ЖШС арасында жасалған шарт негізінде «Талғар қаласында бес 72 пәтерлі тұрғын үйді абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық желілер салу» жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан оң қорытынды алынып, биылғы жылға құрылыс жұмыстарына бюджеттік өтінім жасалды. Сонымен қатар Талғар ауданы құрылыс бөлімімен «Гражданпроект ЗИ» ЖШС арасында жасалған шарт негізінде «Талғар қаласы, «Жаңа» ықшамауданы магистральдық инженерлік желілердің (сумен қамту және кәріз жүйесі) құрылысы» жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадын өту сатысында, – деді.
Талғар қаласының тұрғыны Марат Жапаров «Жаңа құрылыс» ықшамауданы 2014 жылы бас жоспарға енбегендіктен Қызылқайрат ауылына тартылған су құбырларына ілінбей қалғанын, осыған орай тұрғындар өз тараптарынан су құбырларын жүргізгенін, алайда ол талапқа сәйкес жүргізілмегендіктен жиі апат болып, жаз мезгілінде қысым болмай қалатынын, осыған орай тұрғындар тарапынан көп наразылық туындайтынын айтып, «Жаңа құрылыс» ықшамауданына жаңа құбырлар салу үшін жәрдем көрсетілсе деген тілегін білдірді.
Бұл мәселеге орай Нұржан Құдайбергенов Қызылқайрат ауылының Хасанов, Қарасай батыр, Астана көшелерінің су құбырларына ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін Талғар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен өткен жылы сметалық құжаттама дайындалғанын, қажетті қаржы 102 млн теңге құрап отырғанын, қаражат бөлінген жағдайда су құбырлары аталған көшелерде ауыстырылатынын жеткізді.
Талғар ауданы Тұздыбастау ауылының тұрғыны Жақсылық Бәзілбаев:
– 50 мыңға жуық халқы бар Тұздыбастау ауылында 150 трансформаторлық қосалқы станса бар. Олардың 100-і жекеменшік, 50-і мемлекет балансында, қазіргі таңда тозығы жеткен. 25 үй қосылатын трансформаторлық қосалқы стансаға 60 үй қосылып алған. Электр жарығы жел соқса өшіп қалады. Тұздыбастау ауылында 15 ықшамаудан бар, осы 15 ықшамауданға бір-бірден трансформаторлық қосалқы станса орнату үшін қаражат бөлуге ықпал етуіңізді сұраймын, – деді.
Нұржан Кеңесұлы бұл мәселе аудан әкімдігінің бақылауында екенін, конкурс өткен соң, 3 трансформаторлық қосалқы станса қойылатынын айтты.
Іле ауданынан келген Әлия есімді әйел үйінде екі мүгедек жанды қарап отырғанын, олар біраз жылдан бері үй кезегінде тұрғанын, жастары 50-ге жақындаса да пәтер мәселесі шешілмей келе жатқанын айтып, бұл түйінді шешіп беруді өтінді. Нұржан Кеңесұлы бұл мәселені толық зерделеп, заң шеңберінде көмек жасайтынын жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға келген жандар облыс әкімі орынбасарының қабылдауына дән риза болып, алға тартылған мәселелер шешілер деген сеніммен қайтты.
Алма Есенбай