Қарасай ауданындағы іскер әйелдер кеңесі мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы филиалы бірлесіп, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау тақырыбында жиын өткізді.
Өңірдегі кәсіпкер әйелдер үшін ашық әңгіме алаңына айналған аталмыш шарада аудандағы қызметтік өсу орталығының, мемлекеттік кіріс басқармасының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, сонымен қатар екінші деңгейдегі банктердің өкілдері қатысып, көпшілкті мазалап жүрген сауалдарға жауап берді. Алқалы жиынды «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық бөлімінің директоры Орынбай Жанәділ ашып, жүргізіп отырды.
Аудандық іскер әйелдер кеңесі төрағасының орынбасары Әсел Жылқыбаеваның мәліметіне сүйенсек, жалпы еліміз бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік реестріне 308 жеке кәсіпкерлер пен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер кіреді екен. Солардың жетеуі Алматы облысына тиесілі десек, төртеуі ¬Қарасай ауданында орналасқан. Атап айтқанда, Қаскелең қаласындағы «Ғылыми-әдістемелік орталық» пен «Зияткер» баспаханасы ЖШС, Елтай ауылындағы «Обрайн» ЖШС, Бұлақты елдімекеніндегі «Алға даму орталығы» жеке кәсіпкерлігі мен Қырғауылды ауылындағы «Ad Terek Group» ЖШС осы бағытта жұмыс істеп келеді.
Өз сөзінде Әсел Амангелдіқызы әлеуметтік кәсіпкерлік негізгі төрт бағыт бойынша жүзеге асырылатынын айтып өтті. Біріншіден бұл бизнеске ерекше жағдайды қажет ететін жандар мен қандастар тартылса, екіншіден кәсіпкерлер тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған тауарлар шығарып, соларға қызмет көсетуге міндетті. Үшіншіден мүмкіндіктері шектеулі жандар шығарған бұйымдарды тұтынып, соларды саудалауға тиіс болса, төртіншіден денсаулық сақтау мен білім беру саласында қызмет етуі, дәлірек айтқанда оқыту-сауықтыру орталықтары мен медициналық мекемелер ашуға міндетті.
Бизнестің осы бағытын жетілдіру мақсатында Әсел Амангелдіқызы мен серіктестері бірігіп, әлеуметтік кәсіпкерлік мектебін ашқан. Бағдарлама аясында семинар-тренингтер ұйымдастырып, бұл саланың қыры мен сырын ашып көрсететін алқасөз отырыстарын өткізіп келеді. Әлеуметтік кәсіпкерлікке қандай салықтық жеңілдіктер мен өзге де артықшылықтар берілетіні, жобаға қалай қатысып, қандай құжаттар жинау керектігі жан-жақсы түсіндіріледі.
Аудандық қызметтік өсу орталығының директоры Абзал Нұсқабай ерекше күтімді қажет ететін жандарға, көп балалы отбасылар мен өздерін жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкерлерге, жастар мен жасы ұлғайған адамдарға мемлекеттік бағдарламалар аясында көмек көрсету жұмыстары жайлы баяндады.
Жиын барысында көпшіліктің әлеуметтік кәсіпкерлік туралы аз білетіндері анықталды. Осыған байланысты кәсіпкерлерге аталған бағыт туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жолдарын көрсету қажеттігі туындаған. Өйтпеген жағдайда қоғам үшін аса қажетті бағыт кенжелеп қалуы ғажап емес.
Жиын барысында қатысушылар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді. Ондағы қағазбастылық, мемлекеттік субсидия алуға берілген өтінімдердің көп уақыт қозғаусыз жатып қалатыны сөз болды. Осы орайда, алыстағы облыс орталығына бара бермеу үшін «Дамудың» бөлімшесін Қаскелең қаласында ашу жайында ұсыныстар түсті. Мемлекеттік кірістер басқармасы Қарасай аудандық бөлімінің мамандары салықтық жеңілдіктер туралы тайтты.
Шараны қорытындылаған Орынбай Басарұлы іскер әйелдер қауымдастығының қатарына екінші деңгейдегі банк өкілдерін кіргізіп, кәсіпкерлер кеңесіне олардың басшыларын тарту жөніндегі ұсынысын ортаға салды. Сонымен қатар жиында мүдделі мекемелер мен орталықтардың қатысуымен тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін арнайы топ құру жайлы шешім қабылданды.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы