Биыл Қонаев қаласында биыл облыс орталығында әкімшілік, мәдени және әлеуметтік нысандардың құрылысы жоспарлануда. Осыған байланысты облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс салуға арналған жер телімдерін аралап, сала мамандарымен инфрақұрылым жүргізу мен құрылыс салу барысында туындауы ықтимал мәселелерді талқылады.
Марат Елеусізұлы алдымен Индустриальная көшесі №1 мекенжайында орналасқан жер телімінде болды. Мұнда облыс әкімдігінің, оған қарасты департаменттер мен тағы басқа мекемелердің ғимараты салынады. Бұл жердегі жоғары кернеулі электр желісін белгіленген аумақтан тысқары шығару жұмысы қолға алынып, қосымша жер телімін рәсімдеу қарастырылуда. Одан кейін Алматы-Өскемен күрежолының солтүстік бетіндегі конгресс-холл, облыстық прокуратура, төтенше жағдайлар департаменті, арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы бой көтеретін орындармен танысты.
Келесі кезекте облыс басшысы болашақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, полиция және қорғаныс істері жөніндегі, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен экономикалық тергеу департаменттері, мұрағат, облыстық, қылмыстық әкімшілік және экономикалық соттар мен ҚР Ұлттық банкінің филиалы қоныстанатын Алматы-Өскемен күрежолының оңтүстік беткейіндегі жер теліміне барды. Бұл учаскеде газ құбыры мен жоғары кернеулі электр желісін нысандар орналасатын жер телімдерінің аумағы шекарасынан шығару жұмыстары жүруде. Марат Елеусізұлы қала әкімі Нұрлан Құматаев пен сала мамандарына облыстық сот ғимараты салынатын орынның жанындағы нысандарды басқа жерге көшіру бойынша оның иесімен келіссөз жүргізуді тапсырды.
Одан әрі сапарын жалғастырған облыс әкімі 10-ықшамауданның 12-ықшамауданмен қиылысқан тұсында перинаталдық және онкологиялық блоктары бар көпсалалы аурухана, тәулігіне 500 адамға дейін қабылдайтын емхана, 150 орынды оңалту орталығы, 600 орынды жатақханасы бар колледж ғимараттары құрылысы басталатын жер телімінде аялдады. Жер жағдайымен және құрылыс жобасымен танысып көріп, өз бағасын берді. Содан соң Қонаев көшесіндегі 2 гектар аумақтағы мұражай салынаты жердің және Жамбыл көшесіндегі орталық саябақ пен қалалық жағажайдың ортасындағы көпфункционалды спорт кешені құрлысының әзірлік жұмысынан хабардар болды.
Қонаев қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл құрылысы басталатын 2 мектептің орнын белгілеу шешімін таппай тұр. Осы мәселе бойынша сөз қозғаған облыс басшысы білім ордасының орналасатын орны оқушылардың қатынауына қолайлы болуы керегін, сондықтан оның халық тығыз қоныстанбаған шеткері аймақтан салынбағаны жөн екенін қала әкімінің қаперіне салды.
– Қонаев қаласындағы әкімшілік, мәдени және әлеуметтік нысандар салуға арналған жер телімдерін аралап, қарап шықтық. Соның нәтижесінде, кейбір жел телімдерінің жобасына аздаған өзгеріс енгізіліп, кейбір мәселелердің шешімін табу бойынша жұмыс істеледі. Инженерлік инфрақұрылымның және нысандардың жобалау мен құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жалғасуда. Жобалау жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Мемлекеттік органдар мен әлеуметтік нысандарды салу Қонаев қаласының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген кешенді жоспарына сәйкес республикалық бюджеттен қаражат қарастырылады, – деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы