Қонаев қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. «Qonaev city» орталығыда өткен шараны мансап орталығы ұйымдастырды. Ай сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараның мақсаты — жұмыс іздегендерге жол сілтеу, жұмыссыз азаматтар мен жұмыс берушілер арасында байланыс орнату. Жермеңкеге 18 жұмыс беруші мекеме қатысып, 100-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. Бір ғана «Наурыз Агро» ЖШС-не 40-қа жуық қызметкер қажет. Ал ішкі істер министрлігіне қарасты №57 мекемеде 10 бос жұмыс орны бар.
«Біздің №57 мекемеде қазіргі таңда жасақ бастығы лауазымы бос. Аға инспектор сынды бірнеше бос жұмыс орны бар, жұмысқа орналастыру бөлімінде де маман тапшы. Бізге жұмысқа орналасу үшін негізгі талаптар — үміткер 18 жасқа толған Қазақстан азаматы болуы керек», — деді, ҚАЖ департаменті №57 мекемесінің тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің бастығы Қарлығаш Қазамбаева.
Қонаев қаласында жыл басынан 209 адам жұмыссыз санатына тіркеліпті. Бүгінде олардың 150-і мансап орталығынан кеңес алып, уақытша және тұрақты жұмысқа тартылған. Облыс орталығында бос жұмыс орны да, жұмыссыз жүргендер де жетерлік. Сұранысқа сай талап та бар.
«Мекемелерге дәрігерлер мен мұғалімдер қажет. Сонымен қатар, электрик мамандар мен агро сала қызметкерлеріне сұраныс жоғары. Қаламызда құрылыс қарқын ала бастады. Сондықтан дәнекерлеушілер мен құрылысшыларды сұрайтын жұмыс ұсынушылар көп», — деді Қонаев қаласы бойынша мансап орталығының директоры Қанат Ақшолақов.
Өткен жылы Алматы облысындағы еңбек мобильдігі орталығына қарасты мансап орталықтары 92 жәрмеңке өткізді. Оларда 11 мыңға тарта жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңке барысында 7500-ге жуық адам кеңес алып, нәтижесінде 2 мыңнан аса адам тұрақты жұмысқа, 92 азамат уақытша жұмысқа орналасқан.
Меруерт Қыдырбайқызы