Қонаев қаласындағы «Тұлпар» ретро салоны аз уақыттың ішінде көпке танымал болды. Алматы – ¬ Өскемен күре жолының бойында орналасқандықтан, оған жолаушылардың көз тоқтатпай өтпеуі мүмкін емес. Әйнек ғимарат ішінде сап түзеген ретро көліктер өткеннің белгісіндей менмұндалап тұрады. Көрген жанды еріксіз өзіне қарай тартады. Әсіресе жаз мезгілінде мұнда адам қарасы үзілмейді. Туристер қызыға тамашалайтын орынға айналған. Міне, осылайша ретро салон қаланың имиджіне оң әсер етіп, өлкетануға өзіндік үлес қосуда. Ондағы әр көлікте белгілі кәсіпкер Мұратбек Сіргебаевтың қолтаңбасы бар.
Бала арманы ақиқатқа айналған
Көлік мұражайының иесі, «МС» компаниясының директоры, Қонаев қаласының Құрметті азаматы Мұратбек Амантайұлына хабарласып, сұхбатқа шақырған едік. Бұл ұсынысымызды кәсіпкер қуана құптады. Сөйтіп, уағдаласқан күні ретро салонға бардық. Есікті ашып, табалдырықтан аттай бере өткен шаққа бір-ақ түскендей әсерге бөлендік. Кинодан ғана көретін қырқыншы жылдардағы автокөліктер алдымыздан шықты. Мотоциклдің де неше түрін кездестіресіз. Ең бастысы, ретро көліктер зауыттан енді шыққандай жарқырап тұр. Ескі заманды еске түсіретін басқа да жәдігерлер мұнда жетіп-артылады.
Айналаға таңырқай қарап тұрып, ретро салон иесінің келгенін де байқамай қалыппын. Зорайып шыққан дауыстан жалт бұрылдым. Бұл кісіні сырттай танығанмен, кең отырып әңгімелескен емеспін. Соның сәті енді түсті.
– Айтылған уақытта кешікпей келетін адамдарға құрметім зор. Өйткені уақыт алтыннан да қымбат, – деп маған жылы шырай танытып, қолын созды. Өңі бір қарағанда сұсты көрінгенмен, жүрек түкпірінде кеңдік пен мейірім жатқанын әңгіме барысында анық аңғардым. Амандық-саулықтан соң, күнде көрісіп жүрген жандардай тіл табыса кеттік. Қолын иығыма салған күйі мені мотоциклдердің сапын бастаған үшаяқты көліктің қасына ертіп апарды.
– Бұл – 1949 жылы шыққан «ИЖ-49» деген мотоцикл. Араларындағы жасы үлкені осы. Мұның басқалардан тағы бір айырмашылығы, аяқпен оталдырмайсың. Рөлдің тұсындағы құрылғыны қолыңмен қозғасаң болды (оның қайда тұрғанын көрсетіп), дүр ете қалады. Неге бұлай жасалған деп ойлап тұрсың ғой. Ендеше айтайын, ол кезде соғыстың зардабынан аяғынан айырылған жарымжан жандар қоғамда аз болмады. Зауыт соны ескерген. Анау тұрған көліктер де қасіретті жылдардан сыр шертеді.
Менің атам да Отан үшін отқа түскен. 1943 жылы кескілескен шайқаста ауыр жарақат алыпты. Елге келген соң зейнет жасына жеткенше мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Кішкентай кезімнен Иманбек атам мен Күлбарам апамның қолында өстім. Үлкендердің соғыс жылдарында көрген қиыншылығын көздеріне жас алып әңгімелегенін талай рет естідім.
Айтпақшы, туған жерім ¬– бұрынғы Талдықорған облысы, Андреевка ауданына қарасты Фурманов ауылы. 1974 жылы мен жеті жасқа толғанда біздің әулет Қапшағайға қоныс аударды. Содан бері өмірім осы қалада өтіп жатыр, – деді Мұратбек Амантайұлы.
– Ескі көліктерді жаңа кейіпке айналдыру оңай шаруа емес. Бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Техникаға деген қызығушылығыңыз бала кезден басталды ма? Осылай деп алғашқы сауал қойғанда кәсіпкер «дәл айттың» дегендей маған мейірлене қарап, әңгімесін әрі қарай жалғады.
– Оныңыз рас, мектеп жасынан бүлінген заттарды қайта құрастырғанға құмар болдым. Ең бірінші жұмысым өзім мінген велосипедтен басталды, – деп күлді. – Сөйтіп бірте-бірте бұл істің кәнігі маманына айналдық. Әкем Амантай Қапшағайдағы автобазада жұмыс істеді. Сол кісінің жанында жүріп көп нәрсені үйрендік. Кейін Талғардағы техникумға оқуға түстім.
Асқар тауым – әкем 1994 жылы 49 жасында өмірден озды. Бір жылдан кейін атам да келмеске кетті. Жауапкершілік жүгі мойнымызға артылды. Заман өзгерді. Нарықтық қоғам орнады. Барлық мекеме жекеменшікке өтіп жатқан уақыт. Бұрынғы дүрілдеп тұрған автобазаның жұмысы тоқтап қалған. Өтпелі кезеңде әкем басқарған мекеменің осындай халге түскені жаныма батты. Қаншама адам жұмыссыз қалды. Соны ойлағанда өзімді қоярға жер таппай кететінмін. Сөйтіп ары ойланып, бері ойланып, қабырғаммен ақылдаса келіп, нартәуекелмен мекеме ғимаратын сатып алдым. Автобаза деген аты болмаса, қарауында ескі «Камаздан» басқа түк қалмаған.
«Шешінген судан тайынбас» дегендей, сенімді серіктеріммен қолға алған істі аяғына дейін жеткізуге күш салдым. Ол кезде техника бөлшектерін сататын дүкендердің есігіне қара құлып салынған. Сондықтан ескі-құсқыларды қайтадан жөндеп, іске жаратудан басқа амал қалмады. Қоқыс алаңдарынан темір-терсекті іздей жүріп, жарамсыз көліктердің біразын сол жерден таптық.
Төккен тер босқа кеткен жоқ. Жыл өткен сайын автобаза техникамен толыға түсті. Жұмыс жанданды. Қызметкерлер жалақы алып, көңілдері көтерілді. Ісіміз алға басып, «МС» компаниясын құрдық. Техника, құрылыс, дәмхана, ауылшаруашылық саласындағы кешенді бизнесті жандандыруға кірістік.
Алғашында дәмхананың алдына өзіміз құрастырған ретро көліктердің бір-екеуін клиент тарту үшін қойғанмын. Келушілердің қызығушылығы артты. Бұл жер фотосессия алаңына айналды. Ретро көліктер біртіндеп көбейді. Тіпті, кафенің алдында бос орын қалмады. Сөйтіп жүргенде салон ашу идеясы ойға келді. 2019 жылы Жеңіс күнінде «Тұлпардың» тұсауын кестік. Содан бері бес жыл да зымырап өте шығыпты. Қазір мұнда 42 мотоцикл, 50-ден астам ретро көлік топтасқан. Осы жұмыстың бәрі ұжымның ерен еңбегі, – дейді Мұратбек Сіргебаев.
Өз ісіне берілген еңбекқор, жауапкершілігі зор азаматтар ол кісінің қасынан табылып отырған. Өйткені өзі де сондай жан. Мәселен, бүгінде кәсіпкердің оң қолына айналған Андрей Донскойдың мекеме қызметіне орналасқаны қызық оқиға. Андрей Ақтөбеден осында тойға келеді. Қайтар жолда автобазада жұмыс істейтін бауырына жолығады. Мұратбек ағасына көмек қолын созып жатқан Андрейдің іс-әрекетін байқайды. Техниканың нағыз шебері екеніне көзі жетіп, оны бірден жұмысқа шақырады. Кәсіпкер адамтанудан қателеспеген екен.
Қырғыз азаматы Наманжанмен кездескен сәті де әсерлі. Бірде Мұратбек көлігімен келе жатып жол-жөнекей қол көтерген жолаушыны көріп тоқтайды. Жүргізушінің жүк көлігі бұзылып қалған екен. Дереу керек-жарағын тауып беруге жәрдемдеседі. Сол кезде көлігін жөндеп жатқан жігіттің самдағайлығына тәнті болады. Ол да көп ұзамай Мұратбектің сенімді серігіне айналады. Бірақ өкінішке қарай, Наманжан қазір бұл өмірде жоқ.
– Осындағы әр көлікте біздің қолтаңбамыз басулы. Оларға қараған сайын түн ұйқысын төрт бөліп жұмыс істеген қиын да қызықты шақтар еске оралады, – дейді кәсіпкер.
Қонаев мінген көлік
– Енді сізді осындағы ең асыл жәдігермен таныстырайын, – деп мені ғимараттың төр жағына қарай алып жүрді. Басқалардан ерекшеленіп, дара тұрған «Чайка» автокөлігі көзге оттай басылды.
– Бұл – заманымыздың заңғар тұлғасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев мінген көлік. Ретро салонның баға жетпес байлығы. Мұны да әбден тозған, шіруге аз-ақ қалған күйінде Алматының шетінде тұратын бір тұрғыннан сатып алдық. Зауыттан 1983 жылы шыққан екен. Оны қалпына келтіру үшін сегіз ай уақыт кетті, – деді Мұратбек Сіргебаев.
Көліктің дәл тұсында мемлекет қайраткерінің мүсіні асқақтап тұр. Оны да Мұратбек аға өткен жылы біреудің қорасынан шытынап-сынып, шаң басқан жерінен тапқан екен. Кезінде Қапшағайдағы фарфор зауытында жұмыс істеген Ваня есімді шеберді арнайы алдыртып, мүсінге реставрация жасатқан. Қазіргі көрінісі жер мен көктей.
– Қонаев атамыз мінген «Чайка» толық жөндеуден өткен соң, 2014 жылы 9 мамыр – Жеңіс күнінде Бақанас ауылына өзім айдап апардым. Сондағы жұрттың ыстық ықыласын көрсеңіз ғой?! Үлкендер көздеріне жас алып, темір тұлпарға алақандарын тигізіп жатты. Қонаевқа қатысты жәдігер мұнымен шектелмейді. Тағы бір дүниеміз бар, – деп екеуміз сыртқа шықтық. Ретро салонның алдында пойыз вагоны қойылыпты.
– 2023 жылы «Тұран Экспресс» жолаушылар компаниясының бас директоры Роман Ботабеков аңыз адам отырған вагонды қайта жөндеп, ішіндегі жиһаздарына дейін реттеп, Қонаев қаласына сыйға тартқан. Оның орны – ретро салон болды. Ботабековке құрмет ретінде ол кісінің суретін және вагон туралы қысқаша мәліметті тақтайшаға жазып, іліп қойдық, – дейді Мұратбек Амантайұлы.
Вагон ішіндегі қонақ бөлме, ас үй, душ кабинасы, төсек-орын, ыдыстар мен жиһаздар, 4 адамдық жатын купе, 10 адамға арналған конференц-зал, бәрі-бәрі кеше ғана зауыттан келгендей. Димаш атамыз ұзақ сапарға шыққанда нөкерлерімен бірге осы ваон ішіндегі үстел басында елдік мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салған шығар деп топшыладық.
– Дінмұхамед Ахметұлының өмір жолы – баршаға өнеге. Әсіресе Қонаев қаласының тұрғындары үшін айтулы тұлғаның жөні бөлек. Ата-анам Димаш атаның даналығын, ел басқару ісіндегі даралығын құлағымызға құйып өсірді. Сондықтан менің қайраткерге деген құрметім алабөтен. Қапашағай қаласы Қонаев болып өзгергенде қуанбаған жан кемде-кем шығар деп ойлаймын. Өйткені Димаш ата соған лайық, – деп тебірене сөйледі кәсіпкер.
Коронавируспен күрескен «Жедел жәрдем»
Ретро салондағы тағы бір көлікті ерекшелеп айтқымыз келеді. Ол – сыртында «Жедел жәрдем» деген жазуы бар «ГАЗ-2412». Бұл көліктің тарихымен танысқанда бүкіл әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы еріксіз еске түседі.
Мұратбек Амантайұлы қайырымдылық жасауға әркез асығып жүретін жан. Сол бір қиын-қыстауда ауруханаларға дәрі-дәрмек пен демалатын аппарат алу үшін қаражатын аямаған. Әдеттегідей көмек қолын созу үшін Қонаев қаласындағы емханаға бас сұққанда, бас дәрігердің «Науқастар санының көптігінен «Жедел жәрдем» көлігі жетіспей жатыр», – деген сөзін естігенде бей-жай қарап отыра алмады. Ретро салонда тұрған «Волганы» дереу ауруханаға тапсырады. Жанар-жағармайына кететін қаржыны да береді.
Міне, сол көлік 2020 жылдан бастап, пандемия аяқталғанша 5000 рет шақыртуға барып, науқастарды дер кезінде ауруханаға жеткізуге зор үлес қосады. Қаншама адамды ажалдан арашалап қалды десеңізші! Және бұл көлік дәрігерлерді бірде-бір рет жолда қалдырмаған. Өткен жылы аурухана қызметкерлері көлікті иесіне қайтадан тапсырған екен.
Мұратбек Амантайұлының қайырымдылық істері жалғасын тауып келеді. Ол ¬– қаладағы футбол командасының демеушісі. Мүмкіндігі шектулі жандардың қамқоршысы. Қарттар үйіндегі ата-апаларды қуантудан жалықпайды. Әр мереке сайын Қонаев қаласының көшелерінде ретро көліктер шеруін өткізеді. Оған отырған тұрғындар мәз-мейрам болады. Сол жұмыстар бейнеленген фотолар ретро салонның бір бұрышын түгелдей алып жатыр.
– Бұл суреттерді мен мақтан үшін іліп қойған жоқпын. Осында келген әрбір адам қайырымдылықтың ізгі қасиет екенін жан жүрегімен сезініп, адамдарға жақсылық жасауға ұмтылса деген ниет. Өзің ғана қуанбай, жан-жағыңа мейірім шуағын шашып жүргенге не жетсін! – деп әңгімесін аяқтады кәсіпкер. Кең жүректі адаммен жылы қоштастық.
Ретро салонда бұдан басқа да өткеннің өнегесіндей болған көне заттар аз емес. Кеңес одағына кеңінен танылған Қапшағай фарфор зауытының шыны ыдыстары да осы жерден табылады. Келмеске кеткен сол өндіріс орны қайтадан жанданса ғой деп армандайсың. Әрине, «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» дегендей, бір мақалада бәріне жеке-жеке тоқталу мүмкін емес. Сондықтан ретро салонға арнайы барып, жәдігерлерді қолмен ұстап, көзбен көргеннің жөні бөлек.
Болат Мәжит