Боралдай кентіндегі «Боралдай нан» наубайханасының жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асты. Алғашында «Боралдай нан» ЖШС 5 мыңға жуық нан шығаратын. Өнімнің де түрлері санаулы еді. Бүгінгі таңда зауыт айына 800 тоннаға жуық нан өнімдерін дайындайды. Халық арасында наубайхананың 30-дан астам өнімі кеңінен танымал.
Аталған зауытта бөлке нан, багет, «Бородино наны», кебек қосылған қара нан, ашытқысыз нан, әр түрлі салмасы бар тоқаштар жасалады. Барлығын нарықтағы қолжетімді бағамен сатып алуға болады. 2024 жылы компания «Бородино нанын» қайтадан арнайы рецепт бойынша іске қосамыз деп отыр.
– Менің әкем Флорий Моисеевич бір кездері наубайхана өндірісімен айналысқан. Әкеме қызыққаннан кейін мен өз ісімді ашуды шештім. Бүгінде біз Алматы қаласы мен облыс бойынша нан-тоқаш өнімдерінің кең ассортиментін өндіреміз және сатамыз. Өндіріс үнемі даму үстінде, әртүрлі нан сорттарын қамтитын өнім ассортименті жаңартылып отырады. Мысалы, таңғы асыңызда нанға жағып жейтін май, басқа да тәтті қатпарлы кондитерлік өнімдер, багеттер, тоқаштар, крекерді де қосамыз. Қазақта «Нан болса, ән де болады», «Ас атасы – нан» деген сөз бар. Біз оны күн сайын қолданамыз, – дейді зауыт директоры Владимир Пак.
Зауытта нан өндіру технологиясы үнемі жетілдіріліп отырады. Ұнды сатып алудан бастап оны сақтауға, қамыр илеуге, пішіндеуге, пісіруге, тасымалдауға дейінгі әр кезең маңызды. Нан өндірісі қиын, қарбалас. Немқұрайдылыққа жол берілмейді. Компания келесі жылы «Бородино» нанын да арнайы рецепт бойынша шығаруды жоспарлап қойған. Бірінші сортты барлығына танымал «кірпіш» пішінді нан тұтынушылар арасында танымал болып қала береді.
– «Кірпіш» нанның дәмін көпшілік жақсы көреді. Оны тек ілеліктер ғана емес, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандарында да, Алматы шаһарында да тұтынады. Бағасы – 140 теңге, – деп жалғастырды наубайхана басшысы.
«Боралдай нан» брендінің басты артықшылығы – бағаның тұрақтылығы, сапаның артуы, өнімнің түрленіп жаңартылып отыратындығы. Қазіргі уақытта нан өнімдерін әртүрлі ірі дүкендердің сөрелерінен көруге болады. Зауыт Іле және басқа аудандардағы жеке сатушылар арқылы жұмыс істейді.
Кәсіпорында 240 адам еңбек етеді. Оның 70 пайызы – жастар. Жастар жалақыға және жасалған жағдайға назар аударады екен.
– Біз әр қызметкерімізді бағалаймыз, өйткені жақсы маман дайындау оңай емес. Біз жұмыс орындарында жағдай жасаймыз, жалақы уақытында беріледі, сыйлықақылармен марапаттаймыз. Жаңа жұмыс орындары пайда болған кезде компания «Еnbek.kz» электрондық еңбек биржасына жүгініп, хабарландырулар жариялайды, – деп атап өтті Владимир Пак.
Компания келсімшарттарын мерізімінде орындап, қызметтерін тиянақты жалғастыруда. «Осы 10 жыл ішінде тұрақты клиенттер нарығы қалыптасты. Біз жаңа серіктестермен ынтымақтастық орнатамыз және оларға қатысты барлық ақпаратты «Боралдай нан» өндірістік компаниясының менеджерлерінен алуға болады», – деп қорытындылады сөзін кәсіпорын директоры.
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы