Жасанды интеллект жетістіктері жұмыр жерді уысында ұстап, жаңа технология адамзаттың бүкіл қимыл-әрекетін алмастырып әкетсе де, мерзімді баспасөздің туы жығылмақ емес. Айды бағындырып, ғарыш кеңістігіне қала салуды ойластырып жүрген Америка жұртшылығы да, ұялы телефонның ең озық үлгілерін ұсынып, темір тұлпардың мың сан маркасын шығарып жатқан Еуропа мен шығыстағы жапон, кәріс елдері де газеттен қол үзген жоқ. Тіпті, ғаламтордағы ала-құла ақпарат көбейген сайын халық үшін газеттің маңызы бұрынғыдан да арта түскендей.
Дамыған мемлекеттерде газет-журналдар күнделікті шығуды былай қойып, түске дейін, түстен кейін немесе кешкі басылым деп тәулігіне бірнеше мәрте жарық көретінін естіп, біліп отырмыз. Мұның сыры неде деп ойлайсыз? Әрине, бұл бірінші кезекте ұлттың санасы ояу екенін әрі мемлекетте мерзімді басылым оқу мәдениеті қалыптасқанын айғақтайды. Біздің ел, өкінішке қарай, бұл кезеңнен әлі өте алмай жатыр. Соңғы жиырма жылдың ішінде смартфон мен ғаламтор жылдамдығы еселеп артты да, тұрғындар арасында бәрі осы бір алақандай техниканың ішінде жинақтала қалған деген таяз түсінік пайда болды. Базбір жылдары теледидар мен радио шыққанда да ел ішінде газеттің күні қараң, әне-міне, тоқтайды деген әңгіме тараған. Бірақ төреші уақыт бұл сөздің де жаңсақ айтылғанын өзі-ақ дәлелдеді.
Қалың жұртшылық бүгінде газеттің қандай қиындықпен жарық көретінін жете түсіне бермейді. Жылына бір мәрте 5-10 мың теңге қиып, жазылып қою туралы айта бастасаң, кірпідей жиырылып, оқу, тоқудан ат-тонын ала қашады. Ал бірақ қалтасындағы смартфонға, ондағы байланыс тарифіне жылыңыз не, айлап, апталап 10 мыңдап ақша шығындап жатқанын ескермейді. Өкініштісі, смартфондағы ақпараттың бүгін бар, ертең ізім-қайым жоғалатынын, танымдық-сараптамалық, мазмұны бай материалдар тапшы екенін ұғынғысы келмейді. Мұндайда бұл кезеңнен де өтерміз, газет-журналдың дәуірі әлі алда деп өзімізді жұбатудан басқа амал жоқ. Осы төзім нәтижесін беріп келе жатқандай ма, қалай, былтыр Үкімет күнтізбеге жаңа мерекені қосу туралы шешім шығарды. Сөйтіп, 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілді. Мемлекеттің мұндай қамқорлығы, әрине, газет, баспа қызметкерлерін қатты қуантты. Ғаламтордағы оқырман тартамын деп неше түрлі анайы сөздерді тақырыпқа шығарып қою әдістерінен, әнші-жұлдыздардың жеке өмірін жылтыратып беруден шаршаған жұртшылық алдағы уақытта газетті іздейтіні сөзсіз. Өйткені, болған оқиға, өткен шара, небір атышулы жағдайға біржақты қарамай, терең талдау жүргізетін, асықпай-аптықпай пайым жасайтын ол – газет тілшілері. Ендеше, газет-журналдың дәуірі енді туып жатыр деп сенімді айта аламыз.
Бұл ойымызды қуаттай түскендей, кеше 2 ақпан – Ұлттық басылым күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау арнады. Онда Президент: «Құрметті баспасөз қызметкерлері! Баршаңызды Ұлттық басылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сонау 1913 жылы, дәл осы уақытта еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті», – дей келіп, басылымдар сөз бостандығынан айнымайтынын, әрдайым шынайы ақпарат пен сапалы сараптама жазатынын, сондай-ақ, жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейтінін баса көрсеткен.
«Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық шабыт тілеймін!» – делінген Президент құттықтауында. Іле-шала ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауы жолданып, газетке деген мемлекеттің айрықша көзқарасын байқатты. «Барша әріптестерімді Ұлттық басылым күнімен құттықтаймын! Қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихында бұл күннің маңызы бөлек. Себебі дәл осы кезеңде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасып жатқан «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Сондықтан, өткен жылы Үкімет қаулысымен 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілуінің өзіндік символдық мәні бар деп білеміз», – деп жазған министр қазақ баспасөзінің қайнар-бұлағында «Қазақ» газеті тұрғанын, баспасөз қашанда ұлттың үні, мемлекеттігіміздің тұғыры болып қала беретінін айтқан. Мәдениет және ақпарат министрлігі мерзімді басылымдарға ұдайы қолдау көрсететінін жеткізген.
Министрдің айтуынша, әлемде болып жатқан жаңа трендтерге қарамастан, мерзімді басылымдардың жөні бөлек, маңызы ерекше болып қала береді. Аида Ғалымқызы ұлттық медианы дамыту, бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыру, журналистердің мәртебесін арттыру негізгі мақсаттың бірі ретінде көрсетті. Алдағы уақытта барша журналистер қауымын осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Еске салсақ, бүгінде Қазақстанда 5 804 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, оның 3 985-і мерзімді баспасөз басылымы, 212-сі телеарна, 90-ы радио, 1 222-сі ақпараттық агенттік және желілік басылымдар. Газет-журналдарға жазылу ісі де оңтайланған. «Қазпошта» мен «Kaspi Bank» қосымшалары арқылы онлайн-жазылу жұмысы жолға қойыла бастады.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, газет, Алаш арыстары айтқандай, халықтың үні ретінде қай заманда да құндылығын жоймайды. Ұрпағыңыз ұлтын сүйетін, рухани бай, тілі көркем, ақыл-парасаты толысқан, отаншыл, елшіл болып өскенін қаласаңыз, газеттен қол үзбеңіз, мың сан оқырман!
Қуаныш Тұнғатар