Ел үшін күтпеген ауыр күндер болған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы куәгерлерінің бірі – Алматы қаласы метрополитен полициясы бастығының орынбасары Дінмұхамед Әуелхан. Ол қаңтардың 5-іне қараған түні әріптестерімен бірге қалалық әкімдік ғимаратын қорғауда тұрған. Сондағы өзі көзімен көріп, басынан кешкендерін Жамбыл ауданына келгенінде бізге былайша айтып берген еді:
– Сол күні біздің бүкіл жеке құрам дабыл бойынша аяғынан тік тұрғызылып, барлығымызды арнайы қорғаныс құралдарымен жарақтандырып, Республика алаңына жөнелтті. Біз онда қалалық әкімдіктің алдында қатар құрап тізіліп, алдымен не болып жатқанын жай ғана бақылап тұрдық.
Түнде алаңға өте белсенді топ жиналды, олардың ұрандатқан айқайлары түсініксіз еді, біз адамдардың бей-берекет қозғалысын ғана көріп тұрдық. Бір кезде жиналғандардың қарасы тіптен көбейіп, бүкіл алаңды жайлады. Олар әкімдікке қарай қозғалып, алдындағының барлығын жапыра бастады. Алдында тұрған полиция қызметкерлерімен қақтығысып, қолдарындағы темір кесінді, арматура, таспен соққылай бастады. Олар өте көп еді. Қала көшелеріне неше түрлі әдемі тақтатас, өрнектас төселген еді ғой, алайда бұл құрылыс материалдары әп-сәтте ниеті бұзықтардың қылмыс құралына айналып шыға келді. Орнынан қопара аршып алынған тақтатастармен бізді атқылады. Мұның қаншалықты жойқын екені өзіме де қатты сезілді. Ойлап көріңізші, «брусчатка» деп айтып жүрген бір өрнектастың салмағы 3 келідей тартады. Қалқанға тигеннің өзінде қанша күшті болсаң да теңселтіп жібереді. Олар құқық қорғаушыларды аямайтынын осындай әрекетімен анық білдірді. Өте көп еді, жолындағының барлығын қиратты, полиция қызметкерлерінің қатарын бұзып өтіп, қорғаныс құралдарын тартып алып, киімдерін шешіндіріп, аяусыз ұрып-соқты.
Осы сәтте мен бірнеше бұзақының бір полицейді жерге жығып алып, аямай ұрып жатқандарын көріп қалдым. Ойланбастан бірден көмекке ұмтылып, жабыла өлімші етіп сабап жатқандарды жан-жаққа лақтырып, құлап жатқан әріптесімді арашалап алдым. Басынан қан-жоса болған полицейді көтеріп, аяққа тұрғыздым да «Қаш!» дедім.
Сол мезетте аналар өзіме тап берді. Қорғана жүріп тойтарыс бердім. Біздің жігіттерден тартып алынған каска, қалқанды олардан қайтарып алып, екі қалқан мен бір резеңке таяқтың көмегімен қорғандым. Өзім де қарымта қайтарып, бірнешеуіне жақсылап соққы жұмсап үлгердім. Қарсы соққыдан беті қайтып қалғандардың орнына басқалары келе береді. Осылайша үсті-үстіне төпелеуге төтеп бере жүріп, арнаулы батальон экипажына қарай жылжи отырып жеттім де, сондағы көлікке қолымдағы екінші қалқанды қалдырдым.
– Бірақ сол жерде менің соңымнан бізге қарай одан да көп адамдар тобы таяп қалды, – дейді әңгімесін одан әрі жалғастырып. – Қолдарына тас ұстағандарын байқадым. Мұндай жағдайда қалай қарсы тұру керек екенін бізге жақсылап үйреткен болатын. Мен сасқан жоқпын. Қолдарындағы тасты лақтырып бітіргендерін, одан соң қоян-қолтық ұрысқа көшетінін күттім. Солай болды да. Жаңбырша жауған тастан қалқаным сақтады. Сол кезде менің артымда арнаулы қызметтік көлік, басқа да полицейлер тұрғаны жақсы болды, бәріміз бірлесе қорғаныс амалын құрып, шабуылға төтеп бердік. Бірақ қанша тойтарыс берсек те қайта шабуылдаулар таңға дейін жалғасып, мұндай ұрысқа бірнеше рет түсуге тура келді.
Ет қызуымен сезбеппін, екі тізем, иықтарым мен қолдарым жарақаттаныпты. Бұл бейне бір орта ғасырлық соғыс сияқты болды. Қылыш пен семсер болмады демесеңіз, тап бір сол заманға өтіп кеткендей, кинодағы көрініске ұқсайды. Қолымызда қалқан мен таяқ, басымызда дулыға-каска, бейне бір жан беріп-жан алысқан қан майданда жүргендей болдық.
– Өз өміріңіз үшін қорыққан жоқсыз ба? – деп сұрадық.
– Мен әріптесімді қалай аяусыз соққыға жыққандарын көрдім, оны тастап кете алмадым. Егер сол сәтте әрекетсіз, абдырап тұрып қалсам, онда оны жазым етуі мүмкін еді. Қасымда бірге жүрген азаматты өлімге қалдырып кеткенімді білсем, ары қарай қалай ғана тыныш өмір сүрер едім? Ондайға адамның ары жібере ме? Мұндайда ештеңе ойламайсыз, ойлануға уақыт та жоқ. Тек қана өзіме-өзім «жинал» дедім. Спорттық дайындығыма да сенген шығармын.
Біз қару қолданған жоқпыз. Бірақ келесі күні қару-жарақ дүкендері тоналып, қаруланып алғандар одан бетер тосын әрекетке көшіп, полиция басқармалары мен департаменттеріне шабуыл жасай бастады. Біздің қызмет орнымызды да басып алмақ болды, бірақ біз оларға табанды түрде тойтарыс бердік. Ғимараттың терезелері мен сыртқы қаптама тастары шағылып, сындырылды, алайда берілмедік, себебі онда қару-жарақтар сақталған еді, оның тонауға түсіп, қолды болуына жол берген жоқпыз, – деді офицер.
– Сонда кімдер шабуылдаған?
– Осындай қақтығысқа арнайы дайындалған адамдарға ұқсайды, бірақ араларынан соншалық суперменді көргенім жоқ. Бұлар біреудің басқаруындағы қиратушы топ болғаны анық. Олардың іс-әрекетін әлдекімдер үйлестіріп отырғаны сөзсіз, өйткені жай адамдар қару-жарақ сақталған орындар мен стратегиялық нысандарды бұлайша тез әрі ұйымдасқан түрде басып ала алмас еді. Мұның барлығы алдын ала жоспарланған болуы мүмкін деп ойлаймын.
– Оларды сабырға шақырып, қандай талап қойғандарын білуге тырысқан жоқсыздар ма?
– Оның барлығы да бекер еді. Бізді ешкім тыңдаған да, тыңдағысы келген де жоқ. Біз басында оларды сабырға шақырмақ та болдық, бірақ бұл әрекетімізден түк шықпады, тобыр ештеңе тыңдамастан тура ғимаратты басып алуға беттеді. Мұндай оқиғаның болғаны өте өкінішті, әрине. Біз ешкім зардап шекпеуі үшін барынша тырысып бағып едік, бірақ қақтығыс болды. Біздің жеке құрамдағылардың бірқатарының денсаулығына зиян тигені болмаса, бәрі аман, бірақ басқаларында адам шығыны болды.
– Мұндай жағдайға қаншалықты дайын едіңіздер?
– Әрине, мұндай жағдайға бізді оқытып-үйреткен. Топтың шабуылына қарсы тұрып, қоян-қолтық ұрысқа түсудің амал-тәсілдерін меңгергенімізді көрсетіп, өзімізді қорғай алдық. Мысалы көрші ел Қырғызстанда анау жылдары төңкеріс болып, билікті басып алу, түрмедегілерді босатып жіберу сияқты қиын жағдайлар орын алғаны белгілі. Бізде ондайға жол берілген жоқ, бірақ қала әкімдігінің ғимараты аянышты күйге түскенін білесіздер. Енді мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін халқымыз арандатуға бой алдырмауы керек дегім келеді.
– Құтқарып қалған қызметкердің денсаулығы қалай болды?
– Мен ол жігітті танымаймын, іздегенім жоқ. Тек шені аға лейтенант немесе капитан екенін ғана білемін. Оның каскасы мен қалқаны ғана қолымда қалған. Атын сұрауға мұршам келген жоқ. Егер сол жерде сәл ғана осалдық танытсам екеумізді де жер жастандырар еді деп ойлаймын. Одан соң анамды, үш балам мен әйелімді, жақындарымды көрмеуім де мүмкін еді.
– Құқық қорғау саласындағы тәжірибеңіз қаншалық?
– Бұл салада 23 жылдан бері қызмет етіп келемін, көп жағдайды көріп, басымнан өткіздім. Мұндайда ешқашан әлсіздік танытуға, берілуге, тіпті қорқынышқа бой алдыруға болмайды. Өз қара басымды сауғалап, кетіп қалуыма да болатын еді, бірақ жолдасыңды өлімге қиып тастап кеткенің өмір бойы есіңнен кетпей, жүрекке жүк, сүйекке таңба болмай ма? Өзекті өртер ондай өкінішпен қалай өмір сүрерсің. Оған адамдық арым жібермегеніне тәубә деймін. Әріптесімді арашалап қалу кезінде бойымда ерекше күш пайда болғанын сездім, денем ауырсынуды, шаршап-шалдығуды білген жоқ, әйтпесе екі жақтың күші тең емес еді, бірақ төтеп бердім. Бұған өзім де таң қалдым.
– Спортпен шұғылдандыңыз ба?
– Иә, мен бала күнімнен бері спортпен айналысамын. Жекпе-жектің дзю-до түрінен спорт шеберімін. Жарыста жүлделерден құралақан емеспін.
– Адамдар көшеге кедейшілік пен қымбатшылық қысқаннан амалсыздықтан шықты деген сөздер айтылды. Бұған не дейсіз?
– Мен де бай отбасында өскен жоқпын. Әпкем мектепке барарда етігінің сырмасы істемейтіндіктен, қонышын тігіп жіберетін, аяқ киімін үйге келген соң ғана жібін қайта сөгіп шешетін. Бірақ біз тонауға барған жоқпыз, ол кәсіпкер, мен полицей болдым. Қандай жағдай болсын, әрдайым адам болып қалу керек қой.
– Қандай отбасының тәрбиесін алдыңыз?
– Алматыда туып-өстім, осында еңбек етіп келемін. Әке-шешем қазақы ауылдағы көпбалалы қарапайым отбасынан шыққандар. Бірі Алматы облысы Жамбыл ауданының, екіншісі Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы. Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында мектеп бітіргеннен кейін ару қала Алматыға арман қуып келген олар осында жоғары білім алып, бірін-бірі тауып, шаңырақ көтерген, қызмет істеген. Әуелхан әкем мен Жорахан анам балаларын отбасы құндылықтарын қадірлеуге, отаншылдыққа тәрбиеледі, ата-бабаларымыздың батырлығы туралы үнемі айтып отыратын. Олардың әкелері, яғни, менің екі атам да Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Ыбырайым Мұшанұлы артиллерист, Әбсемет Сатыбалдыұлы танкист болған майдангер. Соғыстан кейін екеуі де мал шаруашылығында ұзақ жыл абыройлы, жемісті еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, бейнетінің зейнетін көрген, өмірлері үлгі-өнегеге толы адамдар болған, – дейді қамал алар қырықтың қырқасындағы полиция полковнигі.
Расында да осындай әулеттен шыққан ұрпақтың осал болуға қақысы жоқ-ау. Дінмұхамед Әуелханұлының бойынан да туған ел мен жерге деген перзенттік сүйіспеншілік, ұлтжандылық айқын аңғарылады. Қызметтік міндетке адалдығына адамгершілігі сай атпал азаматқа туған қаланың тыныштығын сақтаудағы еңбегіне сәттілік, отбасына амандық тілейміз.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы