Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары вейпке тыйым салу туралы Заң жобасын мақұлдады. Жағымды жаңалықты ұрпақ саулығына бей-жай қарамайтын, ел ертеңін ойлайтын азаматтар қуана құптады.
Электронды темекі елімізде жұқпалы дерттей жайылып, оны тұтынушылар жасарып бара жатқаны жасырын емес. 2023 жылдың көрсеткіші бойынша, елімізде 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9,8%-ы электронды шылымды тұтынады екен. Оған себеп, вейптерді жас талғамай саудалайтын дүкендер. Тексеріс нәтижесінде, облыста ұрпақ саулығына зиянын тигізіп жатқан 256 нысан анықталған. Ал одан өзге көзден таса қалып жатқан орындар қаншама десеңізші.
Электронды шылымның белең алуының тағы бірі себебі – жастар арасында қалыптасқан жаңсақ пікір. Олардың түсінігінше, шылымға қарағанда, вейптің адам денсаулығына айтарлықтай зияны жоқ. Алайда Джонс Хопкинс университетінің деректеріне сүйенсек, вейптерде дәстүрлі темекіге қарағанда 10 есе көп никотин бары анықталған. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі де растап отыр. Олардың мәлімдеуінше, бір шылым құрамында шамасы 2 мг никотин болса, электронды шылымда бұл көрсеткіш 67 мг-ды құрайды. Оған қоса, электронды шылымды қолдану жүйке жасушаларының зақымдануына, ми қызметінің бұзылуына, өкпе және өзге де аурулардың туындауына әкеліп соқтырады.
Осы мәселеге қатысты Іле ауданы М.Мақатаев атындағы №13 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Күзембаева пікіріне құлақ түрейік.
– Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында белең алған электронды темекі – олардың өміріне аса қауіпті. Басында ол адамды елітер иісімен, жағымды шекер дәмімен баурап, уақыт өте келе тәуелділікке ұрындырады. Осы вейп құрылғысын сатуға және сатып алуға қатысты Заңның күшіне енетініне қуаныштымын. Жасөспірімдер мұндай зиянды әдеттерден гөрі, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылса, – дейді ұстаз.
Жас буынның ермегіне айналған вейптерді №36 орта мектебі тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Күлпара Шамғұнова да сынға алды.
– Мәжіліс депутаттарының елімізде вейптерді әкелуге, өндіруге және сатуға тыйым салынатынына қатысты қажетті Заңды мақұлдап, оны Сенат қарауына жолдағанын естігенде қатты қуандым. Себебі ұрпақ саулығы бәрінен де маңызды. Вейптердің таралуы және пайдаланылуы кең етек алды. Себебі олар бақылаусыз сатылады, әрі бағасы да жасөспірімдерге мейлінше қолжетімді. Қынжылтатыны сол, электронды темекілер, вейптер жастар арасында сәнге айналды. Әсіресе мектеп оқушылары көп тұтынатын болды. Ендеше ұрпақ саулығына, ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді жоятын кез келді деп ойлаймын, – деді ол.
Заңмен шектелген әрекеттерді бұзғандардың жазасы да ауыр болмақ. Аталған заң бойынша электронды шылымды саудалағаны үшін келесідей қылмыстық жауапкершілік енгізіледі:
• Сату әрекеті үшін ең жоғары айыппұл – 50 тәулікке дейін қамауға алу;
• әкелу және тарату үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
• қылмыстық топтың аса iрi мөлшерде, не бiрнеше рет қайталанған әрекеті үшін 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Заң бұзушылық әрекеті азаматтық не әкімшілік емес, бірден қылмыстық іс деп танылуы мәселе салмағының ауырлығын аңдатады.
Елімізден бөлек, электронды шылымның белең алуына заңмен тосқауыл қойып, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отырған 40-қа жуық мемлекет бар. Оның кейбірі тек ішінара заңмен шектелсе, екіншілері бұл шылымды құрылғылардан үзілді-кесілді бас тартып отыр.
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы