Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылында орналасқан Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайында халықаралық зергерлер күніне арналған «Зергерлік өнері – ұрпаққа мұра» атты көрме ұйымдастырылды.
Ұлтымыздың асыл өнерін ардақтаған көрмеге Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшелері, Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің ұстаздары Сейтмахан Оразалиев пен Аманқұл Исақов, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы Алтынбек Есенғазиев, өзге де қолөнер шеберлері мен музей қызметкерлері және мектеп оқушылары қатысты.
Бүгінде Ұста Дәркембай атындағы қолөнер мұражайының 6 көрме залы бар. Онда 2500-ден астам экспонат қойылған. Аталған шарада музей қорындағы жүздеген әшекей мен зергерлік бұйымдар, түрлі қолөнер туындыларынан құралған жәдігерлер келушілердің назарына ұсынылды. Мұражай директоры Дәулет Шоқпаров көпшілікті айтулы күнмен құттықтады.
– Өткен жылы облыста республикалық қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Ал биыл елімізде V дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Осы ауқымды шаралардың барлығы еліміздегі қолөнер саласын тың белеске көтереді деп сенемін, – дейді Дәулет Дәркембайұлы.
Зергерлік өнер ұлттық мәдениет тарихында ерекше орын алады. Онда халықтың дүниетанымы, талғамы, көркемдік және материалдық құндылықтар көрініс табады.
Көрмеде шеберлер түрлі зергерлік бұйымдардың жасалуы жайлы оқушылар сауалына жауап беріп, шеберлік сағабын өткізді. Зергерлік – атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп.
– Жас ұрпақ сол дәстүрді әрі қарай сабақтастырып, жалғастыруы тиіс. Бүгінгі көрмеде қойылған күмістен жасалған кісе белдік пен шолпыны қолданудағы тәлім-тәрбиенің өзі қандай терең. Жүзіктер де түр-түрге бөлінеді. Мәселен, құдағи атанған ананы немесе құда түсіп, атастырылған қызды қолына таққан әшекейлерінен аңғарған. Осы құндылықтарды ұмыт қалдырмай, қайта жаңғыртуымыз қажет. Бір қуанарлығы, бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың зергерлік өнерге деген қызығушылығы артып келеді. Тіпті, біздің колледжге шетелден келіп білім алатындар да аз емес. Зергерлік өнерді зердеге тоқимын дейтін жастарға қашанда есігіміз ашық, – дейді Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің ұстазы Сейтмахан Оразалиев.
Шара соңында ұста Дәркембай Шоқпарұлының дарынды шәкірті Сайлау Ботабеков бастаған үздік зергерлерге арнайы Алғыс хат пен сыйлықтар табысталды. «Зердің жайын зергер білер, аңның жайын мерген білер» дегендей, ұлттық қолөнер уақыт ағысымен қайта жаңғырып, арадағы сабақтастықтың алтын арқауы үзілмесе екен деген тілектеміз.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы