«Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілген болатын. Өзгерістер бойынша 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады.
Қазіргі уақытта, Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі бар. Ел аумағының көп бөлігі (батыс облыстарды қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан. Ендігі кезекте Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына 5-ші уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылмақ. «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы N 1749 қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, «Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа қою керек». Айта кетейік әлемнің 175 елінде бірыңғай уақыт белдеуі қолданылса, 22 мемлекет бірнеше уақыт белдеуінде тұр.