Алматы облысында 1 ақпанан бастап “Мал ұрлығын тоқтату” жобасы іске қосылды
Алматы облысының прокуратурасы мен уәкілетті мемлекеттік органдар бірлесе отырып мал ұрлығын азайту мақсатында жоба бастады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Алматы облысы прокурорының көмекшісі Мерғалым Смағұлов баяндады.
Спикердің айтуынша облыста мал шаруашылығы жақсы дамығандықтан, ұрылардың бөтеннің мүлкіне қол сұғуы белең алған. Мәселен, соңғы 3 жылда 900-ге жуық мал ұрлығы бойынша қылмыстық іс тіркелген. Ал, биыл 24 мал ұрлығы анықталып, иелеріне 7 млн теңге шығын келтірілген.
Баспасөз-мәслихаты барысында Мерғалым Смағұлов жобан 1 ақпанан бастап жыл сонына дейін жүзеге асатынын жеткізді.
Оның сөзінше, қазіргі таңда шаруа қожалықтарының иелерімен және бақташылармен төрт түлік малды қараусыз қалдырмау, чиптеу, малды базарға немесе бір орыннан екінші орынға жеткізу кезінде рұқсат қағаздармен тасымалдау бойынша кең ауқымда түсіндіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Мерғалым Смағұлов облыс бойынша қазіргі таңда азаматтар заңсыз төрт түлікті сою мен ет өнімін сату фактілері тіркелмегенін, мал ұрлығы азайып келе жатқанын мәлімдеді.
“Мал ұрлығымен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Тұрғындар өзіне тиесілі мал-жанға бас-көз болуы керек, онсыз құқық қорғау органдарының қылмыскерлермен күресі нәтиже бермейді. Облыс тұрғындары да мүліктеріне жауапкершілікпен қараса, біз қолға алған жоба өз жемісін береді деген сенімдеміз”, – деді Алматы облысы прокурорының көмекшісі Мерғалым Смағұлов.