Ол бала күнінен өте елгезек, өмірге, өнерге құштар болып өсті. «Досмұқасан» ансамблінің қазақ эстрадасында аты жер жарып тұрған кез. Соған еліктеп, гитарада ойнап, оған қосылып, ән айтуды 7-8 сыныпта оқып жүрген кездерінде-ақ кәдімгідей меңгерді. 1985 жылы орта мектепті жақсы бітіріп, сол жылы оқуға түсе алмаған соң, «Жан-жақты дайындалып, ендігі жылы тағы да тапсырамын» деп кеңшарда жұмыс істеп жүрген. Екінші рет те сәті түспеді, бірақ ол мойыған жоқ, алдына «Қалай да жоғары білім алып, арманыма жетуім керек» деген мақсат қойды.
Бұл – КСРО басшылығының шешімімен 1979 жылдың 25 желтоқсанынан бастап, Ауғанстан Демократиялық Республикасының аумағына Кеңес әскерінің шектеулі контингенті кіргізіліп, жеті жылдан бері қиян-кескі соғыс жүріп жатқан кез болатын. Сірә, тағдырына жазылғаны шығар, 18 жасқа толып, одан небәрі үш ай өткенде, сол кездегі баршаға ортақ талап пен тәртіптің негізінде аудандық әскери комиссариат оны Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге шақырды. Сөйтіп, өрімдей жас жігіт 1986 жылы 17 қараша күні әскерге аттанды. Түрікменстанның астанасы Ашхабад қаласында 6 айлық әскери жаттығудан өтіп, артиллерия барлаушысы-корректировщик әскери мамандығын үйренді. Оның өте тиянақты, бұйрықты бұлжытпай орындайтын, нысанаға дейінгі арақашықтықты мейлінше дәл есептейтін ерекшеліктері ескеріліп, сержант шені берілді. Осылай, 1987 жылдың мамыр айынан Ауғанстанның Газни провинциясында Кеңес әскері құрамындағы 191 жеке мотоатқыштар полкінде артиллериялық барлау взводы командирінің орынбасары болып, нағыз соғыс жағдайындағы жауынгерлік қызметін бастады.
– Артиллериялық барлау взводы жауынгерлерінің негізгі міндеті – Пәкістан жақтан дұшпан әскерлеріне жіберілетін қару-жарақ тиелген керуендерді анықтап, оны жою мақсатында керуенге дейінгі қашықтықты дәл есептеп, оның координатын оқ ату бекінісіне рация арқылы жедел баяндап отыру. Соған қарай бұл нысандарды атқылауға бұйрық беріледі. Ең бір ерекшелігі, біз жаяу немесе жерде жүретін көліктермен жүрмейміз. Бізді негізінен тікұшақтармен жеткізеді және санаулы секундтар ішінде секіріп үлгеруің керек. Әйтпесе, дұшпан тікұшақты атып түсіруі мүмкін. Сондықтан, бәрі қас-қағым сәтте орындалуы тиіс. Қайда түскеніңді екі артиллериялық буссольді бір-біріне қарама-қарсы қойып, магнитті азимут пен дирекциялық бұрыштарды анықтап, жоғары тұрған командирлерге хабарлайсың. Егер түнде түссек, таң атқанша сол түскен жерде тапжылмай жату керек, өйткені минаға түсіп қалуымыз мүмкін. Кейде тікұшақ екі-үш күндеп, тіпті апталап келмей қалады. Ол кезде де ешқандай асығып-аптығуға, тапсырманы үзіліске түсіруге болмайды. Үнемі тегіс жерге де түсе бермейсің және секіру биіктігі де біркелкі емес. Бірде шамамен 4-5 метр биіктіктен секірдік, командирдің орынбасары болған соң ылғи алда жүресің, тура тастың үстіне түсіппін, кейінгілер менің үстіме құлай бастады. Көз алдыңызға елестетіңізші, қандай болғанын! Бірақ ұрыста тұрыс жоқ, ешкімге шағымданбайсың. Өзіңді ғана емес, қасыңдағы қаруластарыңды, дұшпанның оғынан мерт болмауды, бұйрықтың орындалуын ғана ойлайсың. Соғыс тезірек бітсе екен, елге аман-есен қайтсақ қой, шіркін деген уайым мен қайғы, ертеңгі күнге деген үміт пен сенім де қатар қабаттасып, бүкіл жан-жүрегіңді қинайды, – дейді кеудесі жауынгерлік мараппаттарға толы, бүгінде Талғар қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Рашид Пірімбаев.
Иә, олар 18-19 жасында жалпыға бірдей әскери борышын өтеуге аттанды. Борыш болғанда бейбіт күндегі қарапайым әскери қызмет емес, кеңестік идеологияның басты ұстанымдарының бірі болған «интернационалдық борыш» деген парызды өтеу мақсатында жат жердің, жат елдің тыныштығы үшін кәдімгі жан алысып, жан беріскен соғысқа аттанды.
– Сол соғысқа Қазақстаннан 20 мыңнан астам жауынгер қатысты. Бес отандасымыз Кеңес одағының батыры, бір бауырымыз Халық қаһарманы атанды. Екі азамат «Айбын» орденінің толық иегері болса, мыңдаған жігіт бұрынғы Кеңес одағы және Тәуелсіз Қазақстанның орден-медальдарымен марапатталды. Әттең, бар өмірі алда, көздерінде нұр ойнап, жүректерінде жастық оты жалындаған, армандары асқақ 924 жерлесіміз жат жерде көз жұмды. 1015 жауынгер елге мүгедек болып оралды. 21 боздақ із-түссіз кетті, ләйім олардың рухы шат болғай!
Қазір ойлап отырсам, сол боздақтар өздерінің жастық шақтарын ажал оқтарының ыстық жалынына айырбастап алғандай, төбемізден тоқтаусыз шуылдап ұшқан оқтың дауысы мен жалыны жап-жас жауынгерлерді ондаған жылға қартайтып жібергендей. Бірақ қанша қиналсақ та елде қалған ата-анамызға, іні-қарындастарымызға, туған-туыстарымызға, достарымызға, туған жер мен елге деген сағыныш бізді үнемі алға жетелейтін. Әрбір жауынгер, егер оған оқ тиіп көз жұмса немесе жарақат алса, жақындарына оңай болмайтынын, ата-анасы зар жылап, қиналып өмір сүретінін жан-тәнімен түсінетін. Сондықтан «Сақтансаң – сақтармын» дегендей, әскери тәртіпті қатаң сақтап, әрқашан сақ болуға, қапыда мезгілсіз мерт болып кетпеуге тырысатын. Барлығы өздері үшін емес, ата-анасы, бауырлары, туған-туыстары қиналмауы үшін жауынгерлік борышын адал атқарып, үйлеріне аман оралуды сәт сайын тілейтін, – деп жалғастырды одан әрі әңгімесін Рашид.
Мен одан бұрын да, қазір де КСРО-ның Ауғанстанға әскер кіргізгені қателік болды, бейбіт күнде жат ел үшін қаншама боздақтарымыз құрбан болды деген сыңайдағы пікірлер айтылып келе жатқанын, бұған қалай қарайтынын сұрадым.
– Сол соғысқа қатысқан азамат ретінде нақты өз ойымды айтар болсам – бұл ешқандай қателік емес! Осы соғысқа қатысқан барлық басқа азаматтар да дәл осылай ойлайтынына еш күмәнім жоқ! Егер бірнеше күн кешіккенде АҚШ бастаған Батыс елдері Ауғанстанды толық өздеріне қаратып алар еді де, тек Орталық Азия ғана емес, сонау Қиыр Шығысқа дейінгі аралықты бақылап отыру мүмкіндігіне қол жеткізіп, ұлан-ғайыр еліміздің оңтүстігі тұтас тұрақсыздық аймағына айналуы мүмкін еді! Оның үстіне бұл – сол соғыста құрбан болған, мүгедек болып оралған, денсаулықтарына өлшеусіз зиян келген қаншама жастың Отан үшін от кешкен ерлік істері мен туған елге, жерге деген сүйіспеншілігін жоққа шығару болмай ма?! Осы тұрғыдан, кім не десе, о десін, біз Ауғанстан үшін ғана емес, өз еліміздің тыныштығы үшін, халқымыздың бейбіт өмірі үшін соғыстық деп ойлаймын.
Күдік ұялатқан бір жайтты өз көзіммен көрдім. Бірде дұшпанның мұздай қаруланған 20 сарбазы тұтқынға түсті. Былайғы өмірде моджахеттер сияқты сақал-шашы өскен, бастарына сәлде орап, ұзын шапан киетін сол сарбаздарды тексерсек, арасынан бір ауған да шыққан жоқ, бәрі – Еуропа мен Америка, тіпті Африка елдерінен келген жалдамалы баскесерлер болып шықты! Сонда қараңыз, бұл соғыс Ауған халқының өз арасындағы азаматтық соғыс емес, біздің еліміздің оңтүстік шекараларына жақындап, стратегиялық аймақта өз күштерін орналастыруды мақсат тұтқан Батыс елдері мен КСРО арасындағы соғыс болып шықпай ма?!
Бір күні біздің бөлімшеге бір қыстақты барлап қайту тапсырылды. Барлаушы болған соң ешкімнің көзіне түспеуің керек. Бірақ бір сайдан өтіп бара жатқан кезде ауғанның шопаны бізді көріп қойды. Оны ұстап алып, жаймен түсіндіріп, қалбырдағы бұқтырылған сиыр етін, қойытылған сүт беріп, ешкімге айтпауын өтіндік. Алайда 25-30 метр жүрмей-ақ қыстаққа қарай айқайлап, жүгіре бастады. Одан пайда тапқан жоқ, өз дұшмандарының оғынан қаза тапты.
Тағы бір бөліп айтатын жайт, біз қанша операцияға қатыссақ та, оның алдында сапқа тізіп қойып, жауырынымыздың оң жағынан пистолет үлгісіндегі құрылғымен егетін, оның не екенін білмейміз. Жақында ғана интернет арқылы Барнауыл қаласында тұратын бір әскери дәрігермен танысып, соның не екенін сұрадым. Сөйтсек, бізге допинг салады екен ғой!
Біздің ата-бабаларымыз қашанда ерлік пен елдіктің, бірлік пен бауырмалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқаны тарихтан белгілі. Рашидтен Ауған соғысында қазақ жігіттерінің қалай соғысқаны, өзара қарым-қатынасы жөнінде де аз-кем айтып беруін өтіндім.
– Біз барлаушылар болғандықтан, күнделікті араласа бермедік. Бірақ қанына тартпағанның қары талсын демекші, қай жерде, қандай жағдайда кездесіп қалсақ та құшақтасып көрісіп, шүйіркелесе кететінбіз. Қанша жерден соғыс болып жатса да, бойына біткен астамшылдығы мен өзімшілдігі қалмайтын біреулер болады, егер солар бірлі-жарым бауырымызға озбырлық көрсетіп жүргенін естісек, ретін тауып, орнына қойып кететінбіз. Бізде жылжымалы монша болды. Шаршап-шалдығып жүрген бауырларымды көрсем, соған түсіріп, өзімнің жуулы тұрған киімдерімді кигізіп жіберетінмін.
Бір күні біздің Ауғанстанда жүргенімізге бір жылдай уақыт болған кезде жаңадан жас сарбаздар келді. Менен басқаның бәрі «мүмкін, жерлестерімізді кездестіріп қалармыз деп соларды көруге кетті. Сонда командирім: «Сен неге бармай отырсың?» – деп сұрады. Мен: «Қазақтар соғыс көрмей-ақ қойсын!» – дегенім сол еді, ол: «Осы қазақтар өте бауырмал келеді және бірін-бірі үнемі қолдап жүреді, сонда мектепте осылай оқыта ма?» – деп сұрады. Мен: «Жоқ, мектепте оқытпайды, бұл – біздің қанымызда бар қасиет», – деп жауап бердім.
Жалпы, біздің ата-әкелеріміз кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ғой, бірақ Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сынды, басқа да қазақтың талай даңқты ұлдарының ерліктері әділ бағаланбағаны белгілі. Ауған соғысында да қазақтың аталар даңқына лайық талай ұлдары ерлік пен өрліктің нағыз үлгісін көрсетті. Мұнда да олар ең қиын, ең қауіпті әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындады. Бұл соғыста да талай әділетсіздіктер болды.
– Мысалы, қандай?
– Көп жағдайда азиялық ұлт өкілдерінің, соның ішінде қазақ жігіттерінің ерліктері әділ бағаланған жоқ. Соғыстағы жағдайды былай қойғанда, Кеңес әскерлері Ауғанстаннан шығып жатқан кезде телеарналардың оператор-журналистері колоннаны түсіріп келе жатып, біздің – қазақтардың тұсына келген кезде камераларын төмен түсірді, шамасы орыстардан басқасын көрсеткілері келмеген сияқты. Бұл әділетсіздікке шыдамай, біз оларды тоқтатып, беттеріне бастық. Содан кейін ғана бізді түсірді, ал телеарнада көрсетті ме, көрсетпеді ме – ол жағын Құдай білсін. Мұның бәрін Қазақ елі тәуелсіз мемлекет атанған соң емін-еркін, ашық айтуға мүмкіндік туып отыр. Бүгінгі және кейінгі ұрпақ сол тәуелсіздіктің қастерлі қасиетін терең түсінуі тиіс. Біз – Ауған соғысының ардагерлері жастарға осы тұрғыда үлгі-өнеге көрсетіп, олардың бойына отаншылдық сезімін сіңіруге қызмет етуіміз керек.
1988 жылы күзге таяу Газни провинциясындағы 36 жауынгерден құралған бөлімшемізге командирден бұйрық келіп, Ауғанстанда соғыс бітті, елге қайтасыңдар деп хабарлады. Бәріміз бір-бірімізді құшақтап, құттықтап қуана жолға шықтық. Бізге басқа да бөлімшелер қосылып, ұзын колонна болып, көптеген қыстақтар мен қалалардан өтіп, елге аман-есен оралсақ деген арманмен келе жаттық. Бірнеше тау асуларынан өтіп, жолдың тар тұсына келген кезде колоннаны бастап келе жатқан танк минаға жарылды. Колонна жүре алмай тоқтап қалды. Сол сәтті пайдаланған дұшпандар снарядпен атқылай бастады. Бір снаряд танктің дәл кабинасына түсіп жарылды. Жүргізушісі орыс жігіті болатын, бәріміз жүгіріп барып бірінші жәрдемді көрсетуге асықтық. Басынан қан ағып, ішінің сау жері қалмаған, ішектері ағып жатыр. Бізге қарап жатып, ішектерін өз қолымен ішіне тығып, тек «Мама, Мама» дейді. Ол не болғанын біліп тұр. Бірақ соңғы демі қалғанша ажалмен алысып жатыр. Оның бұл өмірден кеткісі жоқ. «Мама, прости меня!» деп екі рет қайталады. Осы сұмдық көрініс әлі күнге көз алдымда, сірә, өмір бойы есімнен кетпейтін шығар.
Осындай батыр, қаһарман жауынгерлердің, соның ішінде мыңға жуық қазақ бауырларымыздың қаншама асыл арманы Ауған тауларында қалды?! Менің де оқимын, жоғары білім аламын деген арманым денсаулығыма байланысты орындалмай қалды. Енді сол арманыма ұл-қыздарым жетеді деп сенемін. Адам ұрпағымен мың жасайды дейді ғой, солар армандарына жетсе – менің де жеткенім.
Талғар ауданы бойынша 11 сарбаз Ауған соғысында ерлікпен құрбан болды. Қазіргі таңда ауданда Ауған соғысының 160 ардагері тұрады. «Красная звезда», «За отвагу», «За военные заслуги» орден-медальдарымен марапатталған батыр ардагерлеріміз бар. Ауған соғысының ардагері, Талғар ауданының Құрметті азаматы, Талғар аудандық маслихатының депутаты Ерғалым Жданов досымыз соғыс зардабынан марқұм болып кетті. Жалпы біздің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төрт мүшесі Талғар ауданының Құрметті азаматы атағын алды. Бұл да Ауған соғысына қатысқан азаматтарға деген ел басшылығының, «АMANAT»партиясының, аудандық мәслихат депутаттарының құрметі деп білеміз. Барлық іс-шараларымызды қолдап жүрген азаматтарға, әсіресе, дәрігерлерге үлкен алғысымызды айтамыз. Әрқашан еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай! – деп аяқтады сөзін кейіпкеріміз.
Жалпы көпбалалы отбасында өскен жандар өте бауырмал, елгезек, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратыны күмәнсіз. Рашид те әкесі Абдолла Пірімбайұлы мен 11 құрсақ көтеріп, жетілдірген «Алтын алқалы» батыр ана Нәбира Әділқызының қайсар ұлы. Оның өзі де бұдан дәл 35 жыл бұрын, 1989 жылы қаңтар айында Әлпия Сабырқызы атты ақылына көркі сай арумен отбасын құрып, алтын асықтай Тілдәбек, Ерлан, Нұрлан, Сұлухан, Нұрсұлу есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасының абыройлы отағасы, бал тілді 6 немеренің мақтан тұтар атасы. Егіз ұлы Ерлан мен Нұрлан жуырда ғана өмірлік серіктерін тауып, бұл үйге қос бірдей келін түсті. Алла бұйыртса, жақын күндерде той жасап, ел-халықтың батасын алмақ. Дәулеттінің қос қонағы бір келеді, деген ғой ата-бабаларымыз, ләйім, дәулетіңіз бен сәулетіңіз артып, ұрпағыңның қызығына кенеліп, бақытына бөлене бергейсің, Рашид!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы