Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға жаңадан тағайындалған Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыс әкімдері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания жетекшілері қатысты.
Президенттің баспасөз қызметі хабарлағандай, жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің басты міндеттері айқындалды. «Өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі, алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге, шын мәнінде, сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек», – деген Президент Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертіп, бюрократияны тоқтату қажеттігін айтты.
Жиында белгілі болғандай, соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кеткен. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді. Президент бюджетті бөлу тәртібін қайта қарауды ұсынды, сонымен бірге, жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке жаңа инвестициялық саясат енгізуді тілге тиек етіп, жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеттерін түсіндіріп өтті. «Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек», – деді Президент.
Жиында әрбір министр мен әкімнің атқарған жұмысына Инвестициялық штабтағы қорытындыға қарай отырып нақты баға берілетіні белгілі болды. «Талап қатаң болады. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс. Мен бұл шаруаның бағытбағдары туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Бизнес өкілдерімен кездесулерде де осы мәселеге тоқталдым. Уәкілетті құрылымдар жұмысты жандандыруы керек. Түскен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет. Алайда бұл істе құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс.Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қайқайсысын да қатаң айыптаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Басқосуда мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау, экономикалық кешен, мемлекеттік меншік тізімін қайта қарау, стратегиялық жоспарлау және реформалар, адал бәсеке, агроөнеркәсіпті дамыту, су ресурстарын үнемдеп пайдалану тақырыптарында сөз қозғалды.
Президент ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді көрсетті. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Оның үстіне, инвестицияның тапшылығы техниканы тоздырады, егін бітік шықпайды, еңбектің өнімді болмайды. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Осылай ойын өрбіткен Мемлекет басшысы көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керектігін алға тартты. Сонымен бірге, инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу, жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлу жайы да қаралды. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырмақ.
Президенттің пікірінше, Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық бағытынан ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісіне көшуге айрықша көңіл бөлгені жөн. Сондай-ақ Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды кеңінен қолданысқа енгізудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Елімізде су тым орынсыз жұмсалады.
Жиында коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Елдімекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі болып қала бермек. Әкімдіктер болған проблемадан сабақ алып, келесі жылы қайталанбауын қадағалауы қажет. Өкінішке қарай, жауапты мекемелер олай емес. Қазандықтың жарылуы, жылусыз қалу секілді бір проблема жылда қайталанады. Салдарынан халық сенімі жоғалады. Мемлекет басшысы Үкіметке елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуді міндеттеді. Сондай-ақ еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы автожол мәселесіне де айрықша тоқталды. «Еліміз үшін маңызды «Астана – Балқаш – Алматы» тасжолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау – Астрахань», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Талдықорған – Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс. Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан бөлек, Президент экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін еске салды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән берілді. Азаматтарға әлеуметтік көмек пен қолдау көрсету механизмдерін толық қайта қарау қажет екені айтылды. Президенттің пікірінше, әлеуметтік көмектің тиімділігін арттырып, оның кімге және қалай берілетінін ойластыру керек. Сонда бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беруге мүмкіндік туады.
Жиында денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелер де назардан тыс қалмады. Кеңейтілген отырыста Үкіметке, әкімдерге және «СамұрықҚазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешу тапсырылды.
Президент баяндама қорытындысында жаңа Үкімет құрамына экономикаға жаңа серпін беру, кәсіпкерлермен, инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу, қағазбастылықтан құтылу, көзбояушылықты тоқтату, бастамашыл болу, дербес жұмыс істей білу бағытында нақты міндеттер жүктеді.
Қуаныш Тұңғатар