Өтеген батыр кентіндегі «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубында Ашық есік күні өтті. Әлеуметтік клубта аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға баса назар аударылды. Клуб ұжымы қонақтар мен шәкірттерге арнап «Мейірімділік әлемі» атты қызықты шоу-бағдарлама ұйымдастырды.
Импровизацияланған концерт барысында бастауыш сынып оқушылары ән айтып, би билеп, домбырада ойнады. Сондай-ақ қазақ тілі, математика, сурет, шахмат, дене шынықтыру пәндерінен шағын сабақтар өткізілді. Демеушілердің қолдауымен мұнда тегін факультативтік сабақтар бар. Яғни, оқушы мектепте берілген тапсырмаларды клубқа келіп, емін-еркін орындауға болады. Клубқа әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балалары ғана келе алады. Орталықта әртүрлі шығармашылық үйірмелер де жұмыс істейді. Музыка, сәндік-қолданбалы өнер сабақтары жүйеленген. Мұндағы ұстаздар балаларға мектеп пәндері бойынша үй тапсырмаларын орындауға көмектеседі, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 400-ден астам бастауыш сынып оқушысы қосымша білім беру курстарынан өтеді. Оқу семестрі үш ай және 120 оқушыға арналған.
Аталған қолдау шарасы қайырымдылық мақсатында қолға алынған. Клубтағы сабақтарды тәжірибелі тәлімгерлер, зейнеткер-педагогтер жүргізеді. Бұл жердегі жұмыс еңбек ардагерлері де іс жүзінде қоғамға пайда әкелетінін дәлелдейді. Мысалы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Самаркөл Құрамина Алматы облысы Балқаш ауданы Бура ауылының мектебінде 45 жыл жұмыс істеген. Ол «Біздің білім ордасы – Тәуелсіздік құрдасы» кітабының авторы, оның оқушылары – республикалық және облыстық тақырыптық олимпиадалардың көптеген жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Ал шахмат және тоғызқұмалақ ойынынан жаттықтырушы Ерік Садықов 42 жыл бойы Жетісу облысы Алакөл ауданы Қарабұлақ ауылының мектебінде Қазақстан тарихы, қоғамтану, дінтану және құқықтану пәндерінен сабақ берген. «Шыңға өрлеу» клубының директоры Гүлшар Аптимованың жұмысқа шақыруын үлкен қуанышпен қабылдаған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін тәлімгерлер балаларды сағынып, таныс ортаға қайта оралған. Клуб басшылығы мектептер үшін ыңғайлы сабақ кестесін жасаған. Клуб директоры Гүлшар Аптимованың айтуынша, балалар күн сайын жаңа іспен шұғылданады. Жоба авторларына үлкен алғысын білдірген ата-аналар да дән риза.
– Біз клубтың ашылғанына шын жүректен қуаныштымыз, онда балалар бос уақыттарын білім алумен ұштастырады, – дейді 2-сынып оқушысы Айсұлу Жарасқызының анасы Нұргүл Тұрсынбаева.
Балалар білім ордасында ән айтуды, би билеуді, шахмат пен тоғызқұмалақ ойнауды үйренеді. Олар осында жүріп көп дүниені таниды. Клубтың көмегімен мектепте оқушылардың бағалары жақсарып, ұстаздар мен ата-аналардың қарым-қатынасы түзелген. Ең бастысы, балалар мұнда құштарлықпен келеді. Барлығы да бірде-бір сабақты өткізіп алмауға тырысады. Ата-аналардың пікірінше, «Шыңға өрлеу» білім беру бағдарламасы Іле ауданындағы басқа да ақылы үйірмелер мен секциялардың ұсынған методикаларынан асып түседі. Мұнда балалардың көкжиегі кеңейіп, шығармашылық әлеуеті артады.
«Шыңға өрлеу» жобасының авторы Раиса Сыпабекованың айтуынша, қайырымдылық клубтарының желісін құру идеясы оған 2018 жылы Алматы ардагерлер үйінің директоры болып жұмыс істеген кезде келген.
– Зейнеткер-педагогтерге балалармен қарым-қатынас жетіспейді, – дейді Раиса Мұсабекқызы. – Басында біз оқушыларды Қарттар үйіне шақырып, сол жерде сабақ ұйымдастырдық. Содан кейін олар жобаны әзірлеп, байқауда жеңіске жетті. Бүгінде Алматыда әлеуметтік клубтың 15 бөлімшесі жұмыс істейді, онда күн сайын 880 бала айналысады. Тәлімгерлердің арасында танымал суретшілер, мәдениет және спорт қайраткерлері бар. Олар балаларға өмірлік тәжірибе мен білім береді. Аға буын және жас ұрпақ интеграциясы осылай жүреді.
Куә болғандай, орталықтың нәтижесі өте жақсы. Клубтарға барған оқушылардың ата-аналарынан, қоғам қайраткерлерінен және Парламент депутаттарынан 8500-ден астам оң пікір түскен. Алматы облысында «Шыңға өрлеу» желісін кеңейту және жобаны еліміздің басқа өңірлерінде дамыту бойынша жоспар бар. Ол үшін қаржыландыру мәселесін шешу қажет.
Ашық есік күнінде келген қонақтар, соның ішінде, жергілікті әкімдік пен «Шыңға өрлеу» клубының өзге аймақтағы бөлімшелері ұжымға өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында табыс тіледі. Өз кезегінде «Шыңға өрлеу» Іле аудандық филиалының әлеуметтік клубы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға демеушілік көрсетіп, ауыл балаларын оқыту ісіне атсалысып жүргені үшін шынайы алғысын білдірді.
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы