Еңбекшіқазақ ауданы Райымбек батыр атындағы орта мектепте «Білім мекемелері жанынан органикалық тыңайтқыштарды өңдеуде оқу-тәжірибелік алаңдар ашудың педагогикалық мүмкіндіктері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға қатысушылар азықтүлік қауіпсіздігіне баса мән беру үшін ауылшаруашылық саласындағы өндімділікті арттырудың жолын қарастыру қажет екенін айтты. Абай атындағы ҚазҰПУ ардагерлер кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Берікжан Әлмұхамбетов, педагогика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры Бауыржан Сайдахметов, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық құндылықтар академиясының академигі Қажымұқан Арынов, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының профессоры Мұхит Бекбауов, ардагер ұстаз, қоғам қайраткері Гүлнар Жошыбаева , «Qazverm» кооператив төрағасы Пернебек Тұлғанбаев, педагогика ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУдың профессоры Мұхамедрахим Құрсабаев, Еңбекшіқазақ аудандық әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Айжан Тортаева, «QazAGO» ЖШС оқу орталығы директоры Гулзира Асамұратова, О.Жандосов атындағы орта мектеп директоры Айжан Жамешева, сондай-ақ ұстаздар мен оқушылар, бизнес қауымдастық өкілдері ойларын ортаға салды.
– Біз калифорниялық қызыл құрт өсірумен айналысамыз. Олардың қоректенетін негізгі тағамы – органикалық қалдықтар. Ең бастысы, бұл қалдықтар сатылмайды, тегін. Кез келген жерден табуға болады. Қызыл құрттар осы қалдықтарды жеп, ішінен өңдеп, бізге биологиялық тыңайтқыш жасайды. Оларды топыраққа сеуіп, шашатын болсақ, егіннің өсуін 2-3 есе күшейте түседі. Осының арқасында жер құнарланып, өнім молаяды, – дейді «QazAGO» ЖШС оқу орталығы директоры Гүлзира Асамұратова.
Кәсіпкер Орал Асамұратов бүгінде шылаушын өсіріп, тірліктің тың түрін түлетіп отыр. Топырақты құнарландыруда таптырмайтын тыңайтқыш өндіруді кәсіпкер 2 жыл бұрын қолға алған. Ол құртқа жапырақ, тал сабағы және төрт түліктен бөлінген органикалық заттарды тастау арқылы биогумус деп аталатын биологиялық тыңайтқыш шығарады.
– Бүгінгі таңда диқандар биотыңайтқышты жаппай пайдалануға көшті. Соның арқасында топырақ құнарланып, мол өнім алуға қол жеткізді, – дейді кәсіпкер.
Әр мектеп білім және тәрбие беру бағытында белгілі бір басымдықтарды таңдайды. Еңбекшіқазақ ауданындағы О.Жандосов атындағы орта мектеп оқушылардың экологиялық дүниетанымын қалыптастыруды мақсат тұтады. Аталған ғылыми-практикалық конференцияда О.Жандосов атындағы орта мектептің экологиялық жобасы үлгі ретінде таныстырылды. «ECOBOOK» жобасы үш бағытта жұмыс атқарады. Атап айтсақ, «EVERGREEN» (қалдықсыз өмір), «ZERO WASTE» (көгалдандыру) және «ECOBOOK » ( ғылыми жұмыстарды) қамтиды.
– «ECOBOOK» экологиялық жобасының кәсіпкерлікпен де байланысы бар. Жоба шеңберінде оқушылар ата-аналармен бірге оқу орталығына барып тәжірибеден өтеді. Практикалық жұмыстарды шынайы көре алады. Сондай-ақ, жоба аясында оқушыларға әдістемелік және ғылымитеориялық қолдау көрсетіліп, кәсіптік бағыт-бағдар беріледі. Бүгінде біздің жобаға 50-ге жуық мектеп атсалысып, 150-ден аса оқушы қатысуда, – деді О.Жандосов атындағы орта мектеп директоры Айжан Жамешева.
Конференция соңында ауданның екі мектебі экоклуб құрып, өз эко алаңдарын ашса, тағы 6 білім ордасы «QazAGO» ЖШС оқу орталығының жаңа жобасына өтініш білдірді.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы