Өткен жылдың соңында немерем бірінші сыныбында оқитын Алматының жекеменшік мектебі оқушылардың ата-әжелерін Желтоқсан құрбандарына арналған асқа шақырыпты. Астың алдында жиын болатынын да алдын ала ескерткен. Әкешешелері тұрғанда, ата-әжелерін мазалап жатқаны несі деген сауалдың қылаң бергені де жасырын емес. Дегенмен, «Не айтар екен?» деген ойдың жетегіне еріп, айтылған жерден табылдық.
Жиында мектеп директоры бала тәрбиесінде ата-әжелердің алар орны мен атқарар рөлін айта келіп, жас атааналармен жұмыс жүргізудің қиындап бара жатқанын жеткізді. Қосымша қаржы төлеп отырғанын желеу етіп, ұстаздардан болмашы нәрсені талап ететіні, болымсыз жайдан дау-дамай шығаратыны да айтылып қалды. Осыған байланысты ата-әжелер өздерінің балаларымен сөйлесіп, олардың мектеппен ынтымақта жұмыс істеуіне ықпал етуімізді сұрады. Міне, осы жай өзімді көптен бері толғандырып жүрген тақырыпқа тереңірек үңіліп, жұртшылықпен ой бөлісуге итермелеген еді.
Мектеп дегенде, ең алдымен, өзіміз оқыған жылдар еске түсетіні белгілі. Ол кезде мұғалімге деген құрмет ерекше еді. Ұстаздардан оқушы былай тұрсын, ата-аналар да именетін. Көшеде келе жатқанда алдымыздан мұғалім көрінер болса, көзіне түспеу үшін бұрылып кетуге асығатынбыз. Нашар оқып, үлгеріміміздің төмен болғанынан емес, мұғалімнің мысы басып тұратын. Ал әлдеқандай тентектік жасап қойып, ата-анамызды мектепке шақыратын болса, төбемізге қара бұлт үйірілгендей үрейленетінімізді несіне жасырамыз?! Ол да бір заман екен-ау.
«Ол кезең мен бүгінді салыстыруға болмайды!» деп дау айтатындардың табылатынына күмән жоқ. Қазіргі жастар бізге қарағанда ақпаратпен молынан қамтылған, дүниенің төрт тарабында болып жатқан өзгерістерден хабардар, өркениеттің даму бағытын бағамдай алатын алғыр екені рас. Дегенмен тек қана тұтынушылық пиғыл қалыптасқан, өзінен басқаны ойлап бас қатырмайтын, барша жұртшылық соған ғана қызмет етуге тиістідей сезінетін жастардың бар екенін ешкім жоққа шығара алмас.
Қалада «қызмет істеймін, ақша табамын» деген оймен балаларын күні бойы мұғалімдердің бақылауына қалдыратын жекеменшік мектептер баршылық. Бұл, бір жағынан, мемлекеттік білім шаңырақтарының жетіспеушілігін азайтса, екіншіден, балаға берілетін білімнің сапасын көтереді деген пікір қалыптасқан. Иә, ата-ананың әжептәуір қаржысын алып отырған мұндай мектептерде оқушылармен жекелей жұмыс жүргізу жолға қойылғанын жоққа шығара алмайсың. Мұнда сыныпта оқитын балалардың саны да мөлшерден тыс болмайды. Себебі әркімнің балаларын ақылы оқытуға шамасы келе бермейді. Осылай болғаннан кейін ата-аналардың мұғалімдерден нәтиже талап етуінде тұрған еш айып жоқ. Алайда ақша төледім екен деп астамшылық жасайтын жастардың қатары жиілеп кеткені ойландырады. Мысалы, бүгін бүлдіршінін мектепке әкеліп, апта өтпей жатып «Неге менің балам ағылшынша сөйлеп кетпеді?», «Неге домбырада күй тарта алмайды?!» деген сияқты талаппен шу шығаратындар баршылық екен. Және осы талабын міндетсіп, мұғалімді төменшіктетіп, дауысын көтере айтатындары еш қисынға келмейді. Музыкадан сабақ беретін бір мұғалімнің осындай жайсыз әңгімеден кейін: «Мен домбырашы болу үшін алдымен музыка мектебін, содан кейін училищені, соңынан консерваторияны тамамдадым. Ал олар бір аптаның ішінде балаларын күйші етіп шығаруды талап етеді», – деп кейігенін естіген едім.
Бала болғаннан кейін алысып ойнамай, кей жағдайларда шекіспей тұра алмайтыны белгілі. Осындай жайды ести сала мектепке келіп дау шығарып, төбелескен баланың атаанасымен жұлысып, тіпті сотқа жүгінуге дейін барып жатқан оқиғалардың куәсі болып келеміз. Жағдайды соған дейін ушықтырып, бір-бірін көрместей болып жатқан кезде, кеше төбелескен балаларының алаңсыз ойнап жүргеніне де куә болғанбыз. Қатарластар мен сыныптастар, әсіресе ер балалар арасында күш сынасуы табиғи жағдай екені әмбеге аян. Ендеше неге біз оны шектен шыққан оқиға ретінде қабылдауға дайын тұрамыз? Сондықтан балалар арасындағы табиғи бәсекелестікке түсіністікпен қараған жөн деп есептеймін.
Бүгіндері еліміздің болашағы қазақ тілімен тікелей байланысты екенін түсінген жастар балаларын қазақ мектебіне беріп жатыр. Бұл – өте қуанарлық, құптарлық үрдіс. Алайда туғанынан тілі орысша шыққан, үй ішінде ата-аналары тек орысша сөйлейтін ортада тәрбиеленген бала қазақ тілін қабылдай қоймайтыны белгілі. Тіпті отбасында қазақ тілі басым болғанымен, теледидар, телефонның ықпалымен орысшаға бейімделіп кеткен бүлдіршіндер қаншама? Осындай жағдайда қазақша сөйлеу былай тұрып, айтқанды түсінбейтін немеремді тізеге салып отырып қазақ мектебіне бердік. Өз қолымызға алып, тәрбиеледік. Телефонға қарауды азайтып, теледидардан тек қана қазақша бағдарламаларды көруді талап еттік. Бір қуанарлығы, бүгіндері «ю-тубта» қазақ ертегілері, қазақша мультфильмдер, бағдарламалар баршылық екен. Соның арқасында немереміз екі тоқсанда қазақша тіл сындырып, тәп-тәуір сөйлейтін халге жеткен. Мұны өзіміздің үлкен жеңісіміз деп қабылдадық. Алайда өздері қазақ тіліне менсінбей қарайтын, күні үшін ғана балаларын қазақ мектебіне беретіндер де бар көрінеді. Осындайда, күні бойы қазақ тілінде сөйлеуге дағдыланған баланы кешкісін үйге алып бара жатып орысша сөйлесетіндерге не деуге болады?! Ата-анасы керек қылмаған тілді әлі ой-санасы жетіле қоймаған жеткіншек не қылсын?! Мәселе осындай атааналардың отбасында балаларына ана тілін үйретуге атсалыспай, тек мұғалімдерден талап етуінде болып тұр. Олар үшін бәріне мектеп кінәлі!
Мектеп кінәлі дегеннен шығады. Оқу жылының басында қалалық бір білім шаңырағында болған жай есімнен кетер емес. Каникул кезінде мектептен әлдебір қағаздарын алуға келген оқушы қызды арақ ішіп алған күзетші сүйіп алыпты. Бейнежазбасы да бар, бәрі дәлелді. Бұл жерде атааналардың жанайқайын да түсінеміз. Осы шетін оқиғаға наразы болған олар биліктен мектеп директорын қызметінен алуды талап етіп, үзілді-кесілді шарт қойды. Директор ол күзетші мектепке келісімшарт бойынша қызмет көрсететін күзет фирмасының адамы екенін, каникул кезі болғандықтан ол бейбақты қадағалауға мүмкіндік болмағанын айтып шырылдайды. Ал ата-аналар болса алған бетінен қайтар емес. Қан шығармай тоқтайтын түрлері жоқ. Мен, шынымды айтсам, мектеп басшысын аяп кеттім. Жасамаған қылмысы үшін неге жауапқа тартылуы керек? Ол басқаратын ұжымның мүшесі болса бір сәрі, өзге мекеменің қызметкері үшін неге ол күюі керек? Бұл – біздің қоғамымызда қалыптасқан «Бәріне мұғалімдер кінәлі!» деген көзқарастың салдары.
Осы жерде мұғалімдердің бүгінгі жағдайы туралы айтпай кетуге болмас. Ұзақ жылдар бойы қоғамдағы барлық тесік пен жыртықтардың жамауы болып, шенділер келе жатқанда көше тазалаудан бастап, жиындар мен концерттерде залды толтыруға дейінгі барлық қоғамдық жұмысты иықтарына артып алған ұстаздардың негізгі міндеті – бала оқытуға қолдары тимей кетті емес пе?! Міне, осындай сорақылыққа тосқауыл қою мақсатында 2019 жылдың желтоқсан айында «Педагог мәртебесі туралы» Конституциялық пәрмені бар Заң қабылданған болатын. Бұл Заң еліміздегі ұстаздар қауымының жағдайын түбегейлі жақсартып кеткені анық. Атап айтқанда, ұстаздардың ар-намысын қорғаудан бастап, білімдерін жетілдіру, мемлекет есебінен тәжірибелерін шыңдау, күнделікті жүктемені азайту, қосымша жұмыстарына үстеме ақша алу, жалақыларын көтеру, мұғалімдерге тиісті емес жұмыстардың бәрінен босату көзделген.
Осы мақаланы дайындау барысында білім беру саласының жетекшілерімен, мамандармен, ата-аналармен жүздесіп, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның ұстаздар қауымына тигізер шарапаты мен осал тұстары жайлы пікірлерін білген едім. Олардың көпшілігі бұл Заңның бала тәрбиесімен айналысып жүрген ұстаздар қауымы үшін пайдасы мол екенін бірауыздан мақұлдаған. Дегенмен, сала мамандарының өздері «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, Заңның кері әсері де кездесетінін жоққа шығармады. Атап айтқанда, осы Заңды арқаланып жекелеген мұғалімдер оқушылар мен атааналардың, қажет десеңіз, қоғам алдындағы жауапкершіліктерін сезінуден қала бастаған. Бұл жерде педагогтік әдеп, заңдылық, адалдық, жауапкершілік, жеке адамның арнамысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге қатысты қарым-қатынас әрекеттері де бар. Мұғалімдердің еңбегі әділ бағалана бастағалы бері жаппай диплом алып, мектепке жұмысқа келушілердің де қатары көбейген. Әдеттегідей, мұндайда педагог мамандығына, бала тәрбиесі мен білім беру ісіне табыс көзі деп қарайтын жол-жөнекей жабысатын жандардың да көбейе түсетіні белгілі. Нәтижесінде, мұғалімдердің қатары көбейгенімен, білім беру сапасы, түлектеріміздің бәсекеге қабілеттілігі көңіл көншітпей келеді. Осыған байланысты, ұстаздар қауымы мен білім беру саласының жетекшілері алдында оқыту мен тәрбиелеудің соны бір соқпағын салып, мұғалімдердің қызметтік сапасы мен жауапкершілігін арттыру міндеті өзекті болып қала бермек.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әр Жолдауында білім беру саласын жетілдіру, ұстаздардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартып, мектептердің материалдықтехникалық жарақтануын қамтамасыз етуді басты мақсаттардың бірі ретінде айтумен келеді. Осы бағытта қадау-қадау істердің атқарылып келе жатқанын да көріп келеміз. Ал ата-аналардан ел және мемлекет тұрғысынан қарағанда тағдыршешті мәселеге түсіністікпен қарап, қолбайлау емес, қолдаушы болуларын өтінер едік!
Тек, бір-бір үйдің тентегінен ұлт болашағын ұлықтайтын ұландар тәрбиелеп шығарамыз деп жанұшыра еңбек етіп жүрген ұстаздарды қолдап жазған дүниемізді сол мәртебелі мамандық иелерінің өздері оқи алмайтыны өкіндіреді. Себебі олар бүгіндері сол «Педагог мәртебесі туралы» Заңды желеу етіп, жақсылық пен жаңалықтың жаршысы, қоғамдық ойды алға сүйреуші газетжурналдарды жаздырып алып оқуды қойып кеткелі қашан?!
Қуат Қайранбаев