Жамбыл ауданының Мыңбаев ауылында тұратын Жарқын мен Шолпанның отбасында дүниеге үшем келді. Жаңа туған нәрестелер Алматы қаласындағы облыстық көпсалалы клиникалық аурухана перзентханасынан үйлеріне шығарылды. Ана мен сәбилердің денсаулықтары қалыпты.
Облыстық перзентханаға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, Жамбыл аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Дамир Сұраужанов, Мыңбаев ауылдық округінің әкімі Темірлан Елдесұлы барып, ана мен балаларын салтанатпен шығарып алды. Сондай-ақ, аудан әкімі Нұрлан Ертасұлының сәлемін жеткізіп, сыйлықтар тапсырды.
Үшемді дүниеге әкелген Шолпан Мамашева Тәуелсіздік құрдасы, яғни, 1991 жылдың 25 тамызында Түркістан облысының Сарыағаш ауданында туған. Ал күйеуі Жарқын Бағлаев Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының тумасы, 1987 жылы 13 тамызда дүниеге келген. Отағасы Жарқын Ақылбекұлы Ұзынағаш ауылындағы базарда жұмыс істесе, Шолпан Бегалықызы үй шаруасында. Олар бұған дейін де көпбалалы болатын. Бес балалы жас отбасыға 2021 жылдың маусымында «Айдың нұры» қайырымдылық қоры Мыңбаев ауылынан 4 бөлмелі тұрғын үй сыйлаған.
Сондағы баспана қуанышында үлкендердің айтқан бата-тілектері қабыл болғандай, тура екі жарым жылдан кейін осындай бақытқа кенеліп отыр. Үшемнің есімдері – Темірлан, Гүлназ, Дильназ, тегі – Ақылбек.
– Балалар 2170, 1490, 1900 грамм салмақпен дүниеге келді. Алғашқы күндері олардың жағдайы ауыр, жасанды тыныс алу аппаратында болды. Медицина қызметкерлерінің бақылауымен үш аптаның ішінде нәрестелердің әрқайсысы 300-ден 700 грамға дейін салмақ қосты, – дейді акушер Гүлжахан Сыздыққызы.
Бақытты ата-ана үшемнің ішіндегі ұлға ауыл әкімінің құрметіне Темірлан есімін беруді жөн көріпті. «Мен екінші рет үшемді дүниеге әкелдім. 2020 жылы табиғи жолмен босанған едім. Бірақ менің және балаларымның жағдайы өте ауыр болды, дәрігерлер бір ғана баланы аман алып қалды. Бұл жолы мұқият дайындалып, білікті дәрігерлерді таңдап, алдын ала барлық қажетті ем-шаралардан өттім. 32 аптада осында жатқызылып, жоспарлы түрде кесір тілігімен босандым. Сәбилер шала туғандықтан жағдайлары ауыр болды. Бірақ мен дәрігерлерге сеніп, кішкентай періштелеріммен кездесуді күттім. Қазір босанғаннан кейінгі үшінші аптада мен балаларыммен қауыштым», – дейді қуанышымен бөліскен Шолпан Мамашева.
Осылайша, Жарқын мен Шолпан енді 8 баланың ата-анасы атанды. Олар Мыңбаев ауылы Ынтымақ көшесі, 9 «Б» мекенжайында тұрады. Көпбалалы отбасының баспанасы табиғи газбен жылытылады, орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Балаларының алды 2013 жылы дүниеге келген. Тұңғыштары Ақнұр 5-сынып, одан кейінгі Нұрислам 2-сынып, Азамат 1-сыныпта оқыса, Берікбол мен Бейбарыс мектепке дейінгі жаста. Енді, міне, бес баланың артынан бірден тағы үшеуі ілесіп, бақытты шаңырақ сәбилердің балдай тәтті үнімен шаттыққа бөленді. Бес ұл, үш қыздың ата-анасы өздеріне қолдау көрсетіп, көмек қолын созған медицина мамандарына, қайырымды жандарға, облыс, аудан басшылығына зор ризашылықтарын білдірді.
Айта кету керек, өткен жылы облыс бойынша 26 825 бала дүниеге келсе, оның 233-і егіз болған, бір рет үшем туған.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы