Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде мемлекеттік қызметке қызығушы жастар арасында жиын өтті. Онда жастарды өңірлік кадр резервіне іріктеу жайы талқыланды. Жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға дарынды жастарды тартуды мақсат еткен іріктеуге қатысу үшін құжаттар биылғы жылдың 1–31 наурыз аралығында қабылданатыны айтылды.
Жиынды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Арсен Жақыпов ашып, жүргізіп отырды. Ол биыл жасақталатын өңірлік кадр резервіне іріктеу жұмыстарын облыстық кадр комиссиясы жүргізетінін алға тартып, жас мамандар таңдалатын негізгі төрт бағытты атап өтті. Үміткерлер агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары, экономика және қаржы, цифрландыру, әлеуметтік сала бойынша өңірлік резервке бақ сынамақ. Іріктеуден өткендер жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарын атқарады. Арсен Абзалұлы талапқа сәйкес іріктеуге жоғары білімді, жасы 35-тен аспайтын, кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алатынын сөзіне қосып, олар 5 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден соң үздік 15 адам таңдалатынын жеткізді.
Келесі сөз алған Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының басшысы, облыстық кадр комиссиясының мүшесі Мейрам Мұсаев іріктеудің негізгі бағыттарын тілге тиек етіп, ел ертеңі жастар екенін сөзіне қосты. Ол:
– Дана халқымызда «Жас келсе, іске» деген сөз бар. Бұл – жастардың қашанда тың бастамалардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші екенінің дәлелі. Елімізде бұған дейін республикалық кадр резерві құрылса, енді өңірлік топ жасақталады. Яғни, әр өңірде қатарының алды болып жүрген, ойы озық, дүниетанымы ерекше жастар топтасады. Жастар осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, сапалы білім алып, мол тәжірибе жинақтап, Отанымыздың беделді де белсенді азаматтары ретінде ел дамуына ерекше атсалысады деп сенемін, – деп қазіргі таңда озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге де облысымызға да өте қажет екенін жеткізді.
Келесі болып сахнаға көтерілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі, облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы сауданы дамыту бөлімінің басшысы Әділ Әбілдаев бұған дейін Президенттік жастар кадрына үміткер болғанын, ендігі кезекте өңірлік резервке өтуге талпынысы барын алға тартты. Мемлекет басшысының мемлекеттік аппаратты нығайту жайлы міндеттемесін іске асыру шеңберінде құрылған кадрлық резерв жобасы жастар үшін мол мүмкіндік екенін де жасырмады.
Жоғары оқу орнын үздік бағамен аяқтаған студенттерге мемлекеттік қызметке комиссиясыз-ақ өту жағдайы қарастырылған. Міне, сондай жанның бірі – диплом ала салысымен тексерусіз-ақ қызметке орналасқан Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы Алина Айтуова. Мінберге көтерілген жас маман бүгінгі таңда жастар үшін бар жағдайдың жасалғанын айтып, мемлекеттік қызметкер атанғанына шын қуанатынын жеткізді.
Жиын соңында департаменттің жас қызметкерлері Абай Әкімбай, Сүннет Бақтиярұлы, Гүлнұр Рахыбай халыққа адал және кәсіби қызмет етуге ант берді.
Құралбек Сәбитов