Біз – бақытты заманның ұрпағымыз. Тәуелсіздігіміз бар Тәңір берген. Еліміз бар еңсесі тіктелген. Осы мемлекеттің алшаң басқан азат азаматымыз. Істегіміз келсе, екі қолға бір күрек табылады. Еңбек етсек, ерінбесек, еншіміз де жетерлік. Басымызда зәулім-зәулім баспана, астымызда – шетелдік автокөлік. Неше түрлі «брендтерден» киінеміз. Тағамның да сан түрін талғап ішеміз. Ішкеніміз – алдымызда, ішпегеніміз – артымызда. Тек сол бар дүниенің қадірін біле бермейтініміз қынжылтады. Кешегі өткен ата-әжелеріміздің тағдырына талдау жасамаймыз, таразыға салып салмақтамаймыз. Олардың көрген қиындығы мен тартқан азабының нәтижесінде біз осы күнге жеттік. Соны ұғынамыз ба? Қайдам?
КЕШЕ…
90 жастан асқан апам бар. Зейнеттен гөрі көрген бейнеті көп. Бетіндегі тарам-тарам болып түскен әр әжім соның айғағы. 1933 жылы дүниеге келген. Балалығын сұм соғыс ұрлаған. Жастығын соғыстан кейінгі қиындық жалмаған. Бала болып жүгірмеген, күлмеген. Жас болып жалындап та жүрмеген. Жаз жалаң аяқ, қыста қолдан басылған пимамен ауылдан 10-15 шақырым жердегі мектепке оқуға барады екен. «Сонда жарыған қағаз да, қалам да жоқ. Киген киімдеріміз де жұ рым-жұрым. Ал аяққа аттың тұяғынан аяқ киім жасап киетінбіз. Онда да оны қолы жеткендер, шамасы келгендер жасайды. Әлгі балалар тұяқпен сырғанап, мектепке бізден бірінші жетеді, ал біз пимамызбен омбылап, әзер баратынбыз. Ал күздігүні қырманға апарады. Жұмыс істейміз. Сол кезде түскі асымызға жүрек жалғау үшін бір алма беретін. Одан басқа ас-ауқат деген жоқ. Күн ұзаққа бір алманы дәтке қуат етіп, кешкісін сүріне үйге келеміз. Онда да жарыған ас жоқ. Қуырылған бидай, тартылған талқанды талғажау етеміз», – деп апам бір күрсініп алатын.
«Соғыс жылдары 10-11 жастағы баламыз ғой. Бірақ бізді бала деп жатқан пенде жоқ. Қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Егістікке барамыз, мал бағамыз. Сәл ересектеу балалар соқа тартады. Түн баласы шамның жарығымен жүн түтіп, жіп иіреміз, соғыстағы бауырларымызға, әкелерімізге киім тігеміз, тоқимыз. Аналарымыз бен үлкен бауырларымыз бірнеше күн бойы үй көрмей егістіктен де қайтпайтын кездері болады», – деп әңгімесін өрбіткен апамыз, әсіресе, ішер тамақтың қинағанын көзіне жас ала отырып айтады. «Бүгінгі заман рахат қой. Тамақтың небір түрі алдарыңда самсап тұрғаны. Дүкендерге барсаң да толып тұрған тағам. Тек соның қадірін білмейсіңдер. Бұл заманның қалай келгенін көрген жоқсыңдар, Жаратушы сендерге біз көрген қиындықты көрсетпесе екен», – деп әр сөзінің соңында бүгінгі бейбіт заманның мәңгі болуын тілеп отырады.
Апам бойжеткен соң да жас болып қызық көрмеген. Өз жүрек қалауының да артынан ермеген. Ата-анасының қалауымен тұрмыс құрған. Оған қайғырып, қамыққан емес. Сол күніне де тәубесі таусылмай отырады әлі күнге. «Жас кезімде де талай қиындық көрдім. Өзімнен жасы үлкен, бірінші әйелі қайтыс болған, төрт баласы бар ер адамға ата-анамның қалауымен қосылдым. Жиырмаға да толмаған едім. Алланың берген алты баласын дүниеге әкелдім. Сол үйдегі 10-15 адамның кірқоңын жуу, тамағын жасау сынды барлық жұмыс менің мойнымда. Балалар өскенше үйде де, түзде де тірлік еттік. Мал соңында жүрдім. Аңызақ күнде асқа да, киімге де жарымай осы күнге жеттік. Бүгінгі заман нағыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман ғой. Тек қадірін біліңдер. Бекер ысырап жасамаңдар», – деп Ырысалды апам өзі көрген қиындығын ұрпағының көрмеуін тағы да тілеп кетті Жаратқаннан.
БҮГІН…
Иә, кешегі әжелеріміз бен аталарымыздың бейнетін біз көрген жоқпыз. Тағдырталайдың тауқыметін тартқан жоқпыз. Олар көрген азаптың бірін де сезінбедік. Олардың ұлт болып қалсақ деген асыл армандарын жүрекке түйген жоқпыз. Бірақ қазір біз сол бабалар салған жолды оңынан жалғап келеміз бе? Кеше біздің аталарымыз ішер асқа зар болып, талқан жеп таңдайын қақса, біз қалған асымызды кесірленіп қоқысқа лақтырамыз. Біздің арыстар қазақтың тілін тірілтем деп жанын шүберекке түйіп қызмет етсе, біз сол тілді менсінбей, орысша шүлдірлейміз.
Бүгінгі қоғамның басты дерті – масылдық. Сары ауыз балапандай Үкіметке аузымызды ашып, алақанымызды жаямыз да отырамыз. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Дегенмен «Жағдайым жоқ, Үкімет қайда қарап отыр?», «Аш қалдық, ішер ге асымыз, киерге киіміміз жоқ. Үйде жағатын отын жоқ. Әкімшілік бізге неге көмір бермейді, неге киім бермейді?», «Анау бәленше атаулы әлеуметтік көмек алыпты? Біз ше?» деген дабыра сөздер әлеуметтік желіде де, халықтың арасында да желдей есіп жүр. Тіпті сол жүз мыңдап алатын әлеуметтік көмекке арқа сүйеген жандар қолын қимылдатып еңбек еткісі келмейді. 100 мыңдық жалақысы бар жұмыс ұсынсаң, «Ой, оны қайтем? Одан да үйде жатып 200 мың алмаймын ба?» деген ер азаматтарды көргенде жыларман болып едім. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясында жергілікті мекемелер көмек қолын созып жатады. Әрине, барлық мекеме қызметкерлері миллиондап жалақы алмаса да, өз үйіндегі бала-шағасын мектепке дайындауға да аз қаражаты кетпесе де аузынан жырып береді. Бірақ сондайда «Сіздер тек мектеп формасын ғана алып бересіздер ме? Ал қыстық киімін кім әпереді? Ананы кім береді?» деп дарақыланатындарды көрдік. Сонда деймін-ау, үйіндегі баласының ең болмаса бірауық киімін тауып бермей, ата-ана не істеп отыр? Себебі, қолын қалт етіп қозғағысы келмейді. Жұмыс істеуге уақыты жоқ адам әкімдік алдында сағаттап емес, күн санап жүреді. Даурығады, дарақыланады. Көмегін айғаймен алса болды. Сонда жұмыс істеп, маңдайын сылып жүргендерден олардың несі артық? Әрине, шын мәнінде жағдайы төмен отбасылар бар. Жетімдер бар тағдырдан тумай жатып таяқ жеген. Оларға берілсін. Ал аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін азаматы бар, бірақ «жұмыс жоқ» деп жатып-ішіп масыл болғандарға неге көмек беріледі? Міне, осының бәрі – қоғамның дерті. Өткен жылдың мәліметіне сүйенсек, елімізде 106,7 мың отбасындағы 559,8 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Осы мақсаттарға бюджеттен 65,4 млрд теңге бөлінген. Қомақты қаржы.
Бүгінгі қоғамда жеңіл ақша тауып баюдың жолын қуушылар көбейген. Мәнмағынасы жоқ, жеңіл күлкіге құрылған бейнежазбалар арқылы хайп қуып, лайк жинап жатқан жастар саны артқан. Олар білімнен гөрі трендті жоғары қояды. Арзан атаққа құмартып, ел ішінде шу шығарып, елді алдап-арбап ақша табу сәнге айналған. Ал бірақ бұл дерттің дендеуі жақсылық емес. Оны ойлап жатқан жастар некен-саяқ. «Хайптан» қайыр жоқ. Себебі ұлттың ұлылығын емес, желінің жеңіл дүниелерін насихаттайтын мұндай әрекеттер өскелең ұрпақтың да санасын улайды. Мәңгүрттікке әкеледі. Азап пен тозақтан шығып, ұлт етіп қалыптастырған ұлылардың сара жолынан адастырады. Сондықтан бұл дерттің емін қазірден бастамасақ, ертең кеш болмасына кім кепіл?
ТҮЙІН: Біз кешегі заман мен бүгінгі қоғамның бет-бейнесінің бір парасын көрсеттік. Қиын замандар алып келген мықты адамдар бізге жақсы өмірді сыйлады. Ал бүгінгі бейбіт заман жақсы мен жаманның, адал мен арамның, бейнет пен зейнеттің қадірін біле бермейтін таяз адамдарды тудырды. Хакім Абайдың «Қарны тоқтық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын» деген сөзі осы заманға тұспа-тұс келіп тұрғандай ма, қалай өзі?
Анар Дүйсенбайқызы