«AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау өкілдері Еңбекшіқазақ ауданындағы Рахат және Қаракемер ауылдық округтеріне атбасын тіреп, тұрғындар тілегін тыңдады.
Екі ауылдық округтегі қабылдауларға жалпы саны 70-тен астам азамат өздерін алаңдатқан мәселелерге жауап іздеп келді. Онда тұрғындардың басым бөлігі жаңа мектептер мен спорт алаңдарын салу, ішкі жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру, ауыл шаруашылығы, субсидия алу, ұялы байланыс пен интернет сапасының нашарлауы, дәрігерлік амбулаторияның жоқтығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыссыздық және әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Әсіресе, Рахат ауылдық округінің іргесіндегі саяжай тұрғындарын алаңдатып отырған мәселе аз емес. Жарықтың жиі сөнуі, электр желілерінің талапқа сай келмеуі, жолдың жүруге де жарамайтындығы, қайтыс болғандарды жерлейтін жердің жетіспей, көрші ауылдардағы зиратқа сабылуы, көпір мен жолаушылар тасымалының түйткілдері халықты әбден мезі етті. Билік қарап отырмай, мәселені заң аясында шешіп-ақ жатыр. Дегенмен, сайжай тұрғындарын мазалаған мәселенің бірі реттелсе, енді бірі алдан шығады. Сол үшін саяжай тұрғындары облыс әкімдігінен өздері тұрған аумаққа елдімекен мәртебесін беруді жиі өтініп келеді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберген Әшімов, Қайназар ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу жұмысы кешеуілдеп келе жатқандығын, сонымен қоса, мектеп ғимаратын көгілдір отынмен қамтамасыз етуде қиындықтар барын жеткізді.
Республикалық қоғамдық қабылдау тобының мүшесі Сағындық Жылқыбаев тұрғындар көтерген мәселелер назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
– Алматы облысының басқарма басшылары, партияның депутаттық фракция мүшелері қатысып, азаматтарды қабылдады. Қаракемер ауылын сараптайтын болсақ, көп көтерілген мәселе саяжайларға ауылдық мәртебе беру, суармалы егістік пен жайылым болды. Сұрақтар жинақталып, министрлікке хат жолданады. Әр мәселеге тиянақты жауап беруін қадағалаймыз, – деді Сағындық Жылқыбаев.
Мобильді топ мүшесі, облыстық «AMANAT» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Аслан Көбентаев барлық өтініш орындалғанша партияның жіті бақылауында болатындығын атап өтті.
– Өткен жылы Алматы облыстық партия филиалына 3 мыңнан аса өтініш келіп түсті. Соның 2 мыңнан астамы оң шешімін тапты. Бүгінгі мобильді қабылдау барысында азаматтардан түскен өтініштер де жерде қалмайды. Партияның тікелей бақылауында болады. Мұндай қабылдаулар жыл соңына дейін жалғасады, – деді Аслан Көбентаев.
Қоғамдық қабылдауда облыстық жер қатынастары, цифрлық технологиялар, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, энергетика және ТҮКШ басқармаларының мамандары қатысып, қойылған сауалдарға жауап берді.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы