Екі күн бойы Талғар қаласында «Аманат» партиясының Саяси менеждмент академиясы ұйымдастырған «Саяси SMM: депутаттың қызметін ілгерілету тақырыбында барлық дейгейдегі мәслихат депутаттарына арналған семинар-тренинг болып өтті. Оған Алматы облысының мәслихат депутаттары, партияның аймақтық және аудандық филиалдарының өкілдері қатысты.
Аманат партиясы Орталық аппаратының Саяси жұмыс департаментінің бас консультанты Гүлнәр Нұрахметханова жиналған жұртқа бұл шараның мақсатын былай түсіндірді:
– Сайлаудан кейін жер-жерде, шалғай ауылдарда болып, халықпен кездескенде көпшіліктің «Аманат» партиясы атқарып жатқан жұмыстарды жақсы білмейтініне көзіміз жетті. Сондықтан да бұл семинар-тренингті ұйымдастырудағы басты мақсат – партияның атқарып жатқан жұмыстарын сіздерге жеткізу. Өйткені, қанша жұмыс атқарылып жатса да партия туралы негативті, келеңсіз пікірлер айтылып жатады. Күнделікті өмірде халықпен кездескенде тұрғындар «Аманат» партиясына алғыстарын білдіріп жатқанымен, әлеуметтік желіде үнемі негатив үдеп тұрады. Осындай жағдайлардың алдын алу, оған төтеп беру, депрессияға ұшырамау жолдары, сол арқылы халықпен қалай жұмыс істеу керек, соны лекторларымыз теориялық және нақты тәжірибе тұрғысынан екі күн бойы үйретеді. Шара біткен соң барлық қатысушыға арнайы сертификат табысталады. Оның мансаптық өсу жолында, әсіресе жастар үшін көп көмегі тиетіні сөзсіз. Әрине, сіздердің жұмыстарыңыз әлеуметтік желіге байланысты емес, бірақ заман талабына сай, біз әлеуметтік желіде жұмыс істеп үйренуіміз керек!
Одан кейін сөз тізгінін Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі, «TuraNews» ақпараттық-сараптамалық порталының бас редакторы Алмас Тоқабаев ұстады. Ол семинар қатысушыларына ақпараттық кеңістіктегі күнделікті жағдайды және әлеуметтік желілердегі трендтерді бақылау (мониторинг), оқиғалар мен трендтерді талдау, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі дағдарысқа қарсы коммуникациялар, медиа контентті жасау мен ілгерілетудегі тәсілдер, әлеуметтік желілердегі сыни байланыстарды бейтараптандыру дағдылары жөнінде жан-жақты түсіндірді.
– Біз әлеуметтік желіде кім, қалай жұмыс істеп жатқанымен танысу үшін барлығыңыздың, 192 адамның парақшасына кіріп шықтық. Барлығыңызда – «Аманат», «Аманат», «Аманат». Ана жерде жиналыс, мына жерде жиналыс, ол жиналыста не мәселе шешкенімізді де айтпаймыз. Комиссияның отырысы, қоғамдық қабылдау тағысын тағы. Яғни, сізді танымайтын адамдар тек жиналысқа барып, әдемі сөйлеп қайтатын адам ретінде ғана қабылдайды. Сізді тұлға ретінде білмейміз, қандай адам екеніңізді, отбасында қандай әке, қандай ана екеніңізді де білмейміз. Сіздер – әрқайсыңыз бір-бір саланың кәсіби маманысыздар, сол салада қандай екеніңізді де білмейміз. Яғни, сізді беделді тұлға ретінде тануға, маман ретінде құрметтеуге негіз болатын дүниелерді парақшаларыңыздан көрмейміз. Ал адамның тұлға ретінде беделі болмаса, оның сөзінің де салмағы болмайды ғой. Иә, сіз сыйлы азаматсыз, мамансыз, бірақ тек өз таныстарыңыздың, ұжымыңыздың арасында – шағын ортада ғана. Әлеуметтік желі болса Сізге миллиондаған адамға өзіңіздің кәсібилігіңізді, азаматтық ұстанымыңызды көрсететін мүмкіндік беріп тұрған кезде оны неге пайдаланбасқа, – деген сарапшы, дағдарыс менеджері көркем безендірілген көрнекі құралдар мен слайдтарды пайдалана отырып, нақты мысалдар негізінде әсерлі әңгімеледі.
Әрі қарай «Kozildirik Media Group» креативті PR-агентігінің басшысы, «Негативті басқару» SMM бойынша әдістеменің авторы Ерлан Мусипов «Депуттатың ақпараттық бейнесін қалыптастыру, түрлі тақырыптарға сапалы ақпараттық материалдарды даярлау (мақалалар, ақпараттық кестелер, репортаждар және т.б.)», «Әлеуметтік желілерде жарияланымдардың SMM-ілгерілетілуі», материалдарды бөтен ресурстарда орналастыру», «Сапалы заңгерлік сүйемелдеу» тақырыптарында дәріс оқыды.
«Basnews.kz» ақпараттық-сараптамалық порталының бас редакторы Рамазан Дәулетбаев, «Аманат» партиясы Орталық аппараты саяси жұмыс департаментінің бас консультанттары Гүлнәр Нұрахметханова мен Бекарыстан Аманжолов та өз кезегінде «Депутаттардың өз сайлаушыларымен әлеуметтік коммуникациясындағы микротаргетинг принциптері», «Бөлімшелермен тиімді байланыс орнату», «Бастауыш партия ұйымдарындағы СММ», «Материалдарды даярлау үшін жедел ұсынымдар әзірлеу», «Партиялық жобаларды жүзеге асыру арқылы «Аманат» партиясының құндылықтарын ілгерілету» тақырыптарында құнды пікірлерін бөлісті.
Кез келген уақытта қатысушылар сұрақ қойып, оған нақты жауап қайтару, көрнекі құралдардың, слайдтардың көмегімен түсіндіру арқылы ашық та емін-еркін пікір алмасу негізінде ұйымдастырылған шара өте тартымды әрі ұғынықты өтті десек, артық айтқандық емес.
Ең бастысы, біздің бұл шарадан ұққанымыз – партиялық жұмыстың дені бастауыш ұйымдарда жүргізіліп, халыққа әбден жақындауы тиіс. Сондай-ақ, партияның жергілікті жерлерде атқарған нақты істерін әлуметтік желі арқылы халыққа күнделікті жеткізу арқылы тек Мәжіліс пен «Аманаттың» орталық аппараты өкілдерінің ғана емес, оның аймақтардағы, аудандардағы өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттарының да еңбегі дұрыс насихатталғаны жөн.
Тағы бір қуанышты жайт, семинар-тренингті жүргізген, жоғарыда есімдері аталған азаматтардың айтуынша, ауыл халқы ел көлемінде болып жатқан жаңалықтардың басым бөлігін облыстық газеттерден оқып біледі екен. Демек, әлеуметтік желі қанша қарыштап кетті десек те жұртшылық арасында газеттерге деген сұраныс жоғары деген сөз. Осыған орай, жергілікті атқарушы билік пен мәслихаттар, мемлекеттік мекемелер мен оқу орындары мұны да естен шығармағандары дұрыс!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы