Талғар – Алматы облысындағы агроөнеркәсіп саласы жақсы дамыған аудандардың бірі. Бұған әсіресе, «Алматы» асыл тұқымды зауыты» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, «Алель агро» акционерлік қоғамы, «Қазақ тағамтану академиясының зауыты – «Амиран» ЖШС сияқты ірі өндіріс орындары үлес қосып келеді.
– Біз 2023 жылы «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 3,5 пайыздық мөлшерлемемен 1,8 млрд теңгеге Нидерланды мен Эстониядан 1300 бас асыл тұқымды мал басын сатып алдық, – дейді «Алматы» асыл тұқымды зауыты» АШӨК басшысы Рүстем Ахметжанов. – Олар ұрықтандырылған құнажын болып келді және қазіргі күнге дейін 759-ы бұзаулады. Бүгінгі күні сол сиырлардан күнделікті 18-20 тонна сүт сауылып тұр, орташа өнімділік тәулігіне 24-25 литрден келеді. Құнажындардың бұзаулауына қарай жақын айларда күнделікті сауып, өткізілетін сүт көлемін 40 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Рүстем Ахметжановтың айтуынша, өндірістік кооперативте мал шаруашалығы саласының білікті мамандары жеткілікті. Солардың еңбегінің арқасында мұндағы мал басы ғылыми негізделген рационға сәйкес азықтандырылады. Жалпы ұжымда 210 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жазғы, күзгі маусымдық жұмыстар кезінде тағы қосымша жұмысшылар тартылады.
– Бір қарағанда асыл тұқымды сүтті сиырдан тәулігіне 24-25 литр сүт сауып алу аз көрінуі мүмкін, бірақ біз сүтті қанша көп саусақ – кальций мөлшері азаятындықтан, сиырлар тез қартайып, оларды пайдалану мерзімі қысқаратынын да ұмытпауымыз керек. Тіпті 45-50 литрге дейін сүт беретін сиырлар да бар. Сондықтан тек көрсеткіш қуып, бұл мерзімді қысқартып алмай, әр сиырдан кем дегенде төрт бұзау алып, осылай бірте-бірте мал басын көбейтіп, мегаферма құру, келешекте сүт нарығына 100 тоннаға дейін өнім шығарамыз деген мақсат қойып отырмыз.
Қазіргі кезде өндірістік кооперативтің 8128 гектар ауылшаруашылық жері бар. Оның 1420 гектары егістік болса, 6705 гектары – жайылым, тағы 3 гектары – өзге санаттағы жерлер. Бүгінгі күні бұл АШӨК «Dinara group Kazahstan» агрохолдингінің Талғар ауданындағы үлкен құрамдас кәсіпорны. Сондықтан өз меншігіндегі жерлерде жүгері өсіріп, жем-шөптің біраз бөлігін өздеріміз даярласақ, қалғандарын холдинге қарасты басқа кәсіпорындардан өндіреді. Былайша айтқанда, сырттан жем-шөп сатып алмаймыз. Өндірілген өнімді «ФудМастер» компаниясына өткіземіз, – дейді Рүстем Ахметжанов.
Ол келтірген мәліметтерге сүйенсек, «Алматы» асыл тұқымды зауыты» АШӨК аудандағы 95 жылдық тарихы бар ең ірі шаруашылықтардың бірі. 1929 жылы Сталин және К.Маркс атындағы ұжымшарларды қосып, ірілендірудің нәтижесінде құрылған. Кезінде дәнді, майлы және жем-шөптік дақылдар өсірумен айналысқан бұл шаруашылық өнімділіктің жоғары дәрежесіне жеткен. Егіншілікпен қатар мұнда сүтті бағыттағы ірі қара, асыл тұқымды жылқы мен қой өсірілген.
– Біз бұл кәсіпорынға 2016 жылы инвестор ретінде келіп, былайша айтқанда сатып алып, жұмыс істеп жатырмыз. Бұрын бұл жерде 750 бас асыл тұқымды Алатау сиырлары болған. 2020 жылдан бастап біз оларды өнімділігі жоғары, сүтті бағыттағы голштин-фриз асыл тұқымды ірі қарамен ауыстырдық. Олар жергілікті жағдайға әбден бейімделді. Қазір малдың жалпы саны 3260 басты құрайды, соның 1004-і сауын сиырлар, – дейді кооператив басшысы.
Кеңдала ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылында орналасқан тауарлы-сүт фермасының жұмысын өз көзімен көріп, жағдаймен жете танысқан аудан әкімі Таңат Айдарбеков жаңадан салынып жатқан асыл тұқымды ірі қара тек мал басын көбейтіп қана қоймай, аудан бойынша өндірілетін сүт көлемінің еселеп артуына да ықпал ететінін айтты. Ол сондай-ақ қазір ауданда негізінен етті бағыттағы 7 мың басқа жуық мүйізді ірі қара бар екенін жеткізді.
Әкімнің айтуынша, қазір мемлекеттік қолдаудың арқасында ауданда «Молочная долина» сияқты мал шаруашылығы мен құс өсіруде ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Оның бір дәлелі – жуырда ғана Жалғамыс ауылында орналасқан «Алель Агро» АҚ құс фабрикасы Венгрия мен Нидерландыдан «ArborAcres» асыл тұқымды 281 мың тәуліктік шөже сатып алды.
Бұл құс фабрикасы – етті құс өсіру үшін жоғары технологиялы инкубациялық жұмыртқа өндіруге бағытталған заманауи ауылшаруашылық кешен. 2013 жылы құрылған фабриканың жобалық құны 6 млрд теңге. 2016 жылы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында «Даму» қорынан 1,9 млрд теңге несие алып, 4,1 млрд теңге қарыз қаражаттарын жұмсаған бұл кешенде 210 жұмыс орны құрылып, жылына 32 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарланып отыр. Бұған дейінгі құс саны 162 251 басты құрайды, жыл басынан бері 2,279 млн дана жұмыртқа өндірілген. Фабрикада ең сапалы жүгері және бидай дәні, сондай-ақ басқа өсімдіктерден алынған жем қолданылады. Мұнда өндірілетін өнімнің сапасы бірнеше, соның ішінде ЭКО, ISO сертификаттарымен айқындалған. Компания экологиялық таза өнім өндіріп, саудаға шығаратын өндірістер реестріне енгізілген.
Жалпы Талғар ауданында мал шаруашылығы мен құс өсіру жақсы дамып келеді. «Алматы» АШӨК алдына қойған мақсатқа жеткен кезде халқымыз үшін аса қажет және пайдалы өнім – сүт өндіру еселеп артпақ.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы