Бүгін Қонаев қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Күн тәртібіне сәйкес, депутаттар мәслихаттың төрағасын сайлау туралы мәселені қарастырды. Сессияда депутат Иманғали Игесенов төраға лауазымына тәжірибелі маман әрі басшы Серікбай Нұржановты ұсынды. Ал мәслихат басшысының лауазымын уақытша атқарушы Болат Садықов бұл ұсынысты дауысқа салды. Нәтижесінде халық қалаулылары бірауыздан Серікбай Шәмшіұлын сайлады.
«Сенім білдіргендеріңізге үлкен рақмет. Соңғы кездері мәслихат жұмысында шешілмеген мәселелер туындап жатыр. Сондай-ақ қаладағы көкейкесті проблемалардың түйінін тарқату үшін баршаңызды ауызбіршілікке шақырамын. Қайрат Ахметтаевқа алғысымды білдіре отырып, сәттілік тілеймін», – деді Серікбай Нұржанов.
Еске салайық, VIII шақырылым депутаттары мәслихаттың бұрынғы төрағасы Қайрат Ахметтаевқа қатысты сенімсіздік вотумын жариялаған болатын. Бұдан бөлек, белсенділер мәслихат аппаратына байланысты сын айтқан.