Көпірдегі күрделі жөндеу жұмыстары 26 қаңтар күні басталған. Қонаев қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, әуелде жұмыс 1 айға созылуы керек болған. Әйтсе де, мердігер компания «TARKER» ЖШС күшейтілген режимде жұмыс істеп, күрделі жөндеуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Жөндеу жұмыстары кезінде жолдың біріктірілген тұсындағы ақауы бар 6 темір ауыстырылды. Жалпы ұзындығы 46,8 метрді құрайды. Алдымен жолдың бір бағыты жөнделіп, кейін екінші жағы жөнделді. Темірлердің орнына арматуралар қойылып, бетон, сосын мастика құйылды. Сондай-ақ біріккен тұста ауыр салмақты көліктердің ағымына шыдас беретін резеңке іспеттес материал қойылды.
Мердігер жөндеу жұмыстарын еуропалық технология бойынша істеді. Деформацияға ұшыраған жолды жөндеу отандық сертификаттарда бекітілген нормаға сәйкес жүргізілді.
Мердігер компания жөндеу жұмыстарына 5 жылға кепілдік беріп отыр. Егер осы уақыт аралығында жол бұзылып, я ақаулар болып жатса, серіктестік оны өз қаржысына жөндейді.