Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының құрылғанына 30 жылдан асты. ОСК – республикадағы сайлау комиссияларының біртұтас жүйесіне басшылық ететін мемлекеттік орган. Оның негізгі міндеті – Қазақстан Республикасында еркін және әділ сайлау, республикалық референдумдар өткізу жолымен азаматтардың тікелей немесе өз өкілдері арқылы мемлекет істерін басқаруға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету. Демократиялық даму тұрғысынан аса маңызды бұл жауапты жұмыс қалай жүзеге асырылып жатқаны жайында Талғар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Батталғазиевпен әңгімелескен едік.
– Дәулет Алтанұлы, ең алдымен, өзіңіз жетекшілік ететін комиссияның құрамы, мүшелерінің, тұрақты қызметкерлерінің саны, атқаратын жұмысы туралы айтып берсеңіз.
– Аудандық сайлау комиссиясының 7 мүшесі бар, соның ішінде 2019 жылдан бері кәсіби түрде сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы жұмыс істеп келді. Ал өткен жылдан бастап тағы бір штат беріліп, комиссия төрағасы, төрағасының орынбасары, хатшы жұмыс атқарады. 2024 жылдың басында, 3 қаңтар күні Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясынын бірінші отырысы өтті. Осы отырыста хаттамалық шешіммен комиссия төрағалығына мен, төраға орынбасарлығына Мұхит Дүйсебаев, комиссия хатшылығына Гүланда Лепесова сайланды. Сол күннен бастап комиссия тұрақты кәсіби негізде өз өкілеттіктерін жүзеге асыра бастады. ОСК туралы ережеге сәйкес, сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасында өтетін Жалпыхалықтық референдум, Президент, Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын, ауылдық округ әкімдері сайлауларының өтуін қамтамасыз етеді.
– Талғар ауданында қанша сайлау учаскесі, қанша сайлау округтері бар, олар қалай жабдықталған? Сайлау комиссиясының мүшелері қалай сайланады? Неше мәрте сайлау өтті?
– Талғар ауданы әкімінің шешімімен 85 сайлау учаскесі құрылған. 25 округтік сайлау комиссиясы бар. Аудандық орталық ауруханада, туберкулезге қарсы диспансерде, наркология диспансері, уақытша ұстау изоляторында 4 жабық сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Барлық 85 сайлау учаскесі 1-қабатта орналасқан. 68 сайлау учаскесінде пандустар орнатылды, олардың 37-сі талапқа сай, 33-і бейімделген. 15 сайлау учаскесіне пандус қажет емес, яғни, табалдырықсыз, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы.
Ал, сайлау комиссиясының мүшелері қалай сайланатынына келсек, еліміздің «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңына сәйкес, тиісті учаскелік сайлау комиссияларының құрамы сайлаушылардың санына қарай айқындалады. Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың және қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары негізінде тиісті жергілікті мәслихаттар сайлайды.
Сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Сайлау комиссияларының мүшелері мемлекеттік орган өкілдері ретінде қорғауда болады.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Орталық сайлау комиссиясы, Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы және аудандық аумақтық сайлау комиссиялары округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерімен жоспар бойынша семинар-оқытулар өткізіп отырады. Сайлау заңы бойынша комиссия мүшелері тест тапсырып, сертификатталады.
2023 жылы ҚР Парламентінің Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, Тұздыбастау, Қайнар ауылдық округ әкімдерінің сайлауы болып өтті.
– Сайлау науқанына халықтың көзқарасы, сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігінде қандайда бір өзгеріс байқала ма? Сайлауды бақылауға кімдер қатыса алады?
– Қазіргі таңда халқымыздың сайлауға деген көзқарасы жақсы жаққа қарай өзгеріп келеді. Жоғарыда айтылған сайлаулардың бәрі заң аясында өтті. Сайлауға қатысатын партиялардың, бір мандатты округтерден ұсынылатын кандидаттардың саны артты. Соның нәтижесінде бәсекелестік деңгейі көтерілді, заңбұзушықтар болған жоқ. Осыдан да болар, бұрынғы кездерге қарағанда сайлаушылардың белсенділігі едәуір артты. Өйткені, әркім өзі таңдаған партия немесе жеке кандидатқа дауыс бергісі келеді. Бізді қуантатыны да осы! Бұл – Ата заңымызда жазылғанындай, халықтың биліктің қайнар көзі екенін нақты сезіне бастағанын көрсетеді.
Ал сайлаудың өту барысында, дауыс беру күні, дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап, сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде сайлауға түскен әрбір кандидаттың сенімді өкілдері, саяси партиялардан, сондай-ақ өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан ҚР азаматтары байқаушылар ретінде тіркеледі. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қызметтік куәлігін, редакцияның тапсырмасын көрсеткен жағдайда емін-еркін қатыса алады.
– Халықтың айтуы бойынша тіркелген кандидаттар жергілікті атқарушы органдардың тарапынан ұсыныла ма? Әрі қарай бұл үдеріс қалай жүреді?
– Ауыл әкімдерін сайлау бойынша айтсақ, Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңына сәйкес, әкім болуға кандидатты ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар – өз мүшелері арасынан, азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен әкім болуға кандидат ретінде дауысқа түсу ниеті туралы тиісті сайлау округінің аумақтық сайлау комиссиясына өтініш беру арқылы, сондай-ақ егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге екеуден аз кандидат ұсынылса, жоғары тұрған әкім атқарады.
Саяси партия бір сайлау округінде тек бір кандидат ұсынуға құқылы. Саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органының әкім болуға кандидатты ұсыну туралы шешімі хаттамадан үзінді көшірмемен ресімделеді. Бұл шешімі ұсынылған кандидаттың назарына жеткізіледі. Содан соң, кандидаттың дауысқа түсуге келісімі туралы өтінішімен бірге тиісті аумақтық сайлау комиссиясына әкім болуға кандидатты ұсыну туралы хаттамадан үзінді көшірмемен бір мезгілде жіберіледі. Ешкім біреуден артық сайлау округін кандидат болып ұсыныла алмайды.
Егер сайлауды тағайындау кезінде өзгеше белгіленбесе, кандидаттарды ұсыну – сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және аудандар, облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өткізілетін күнге отыз күн қалғанда және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін сайлау өткізілетін күнге жиырма бес күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.
Ал ұсыну мерзімі аяқталатын күнге әкім болуға екеуден аз кандидат ұсынылса, онда тиісті аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін үш күннен аспайтын мерзімге ұзартады. Бұл ретте, ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталатын күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда, жоғары тұрған әкім тиісінше екі не бір кандидатты көрсетуге құқылы. Ал жергілікті атқарушы органдарға келетін болсақ, олар сайлау округінің шекараларын, сайлаушылардың тұрғылықты жерi бойынша тiзiмiн жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды. Әрбiр сайлау учаскесi бойынша сайлаушылар тiзiмiне өзінің шешімімен учаске құрған әкiм қол қояды және ол дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша ұсынылады.
– Биыл Талғар ауданында қандай сайлаулар өтеді?
– Жақында №24 сайлау округі бойынша Талғар аудандық мәслихатының депутаты М.Жұмахановтың өз өтініші негізінде өкілеттігі тоқтатылған болатын. Соған орай ҚР «Сайлау туралы» заңына сәйкес, жоғарыда аталған №24 бірмандатты сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың шығып қалған депутатының орнына 31 наурызға сайлау тағайындалып отыр. Оған да осы округ аумағында тіркелген сайлаушылар белсене қатысып, өздері ең лайықты деп санайтын кандидатына дауыс беретіндігіне күмән жоқ.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Құтмағабет Қонысбай,
Талғар ауданы