Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды үнемі назардан тыс қалдырмай келеді. Осы орайда, «Аманат» партиясының Алматы облыстық филиалы, мен «Жастар рухы» аталатын жастар қанаты өңірдегі оқу орындарының жатақханаларын тесксеріп, онда тұрып жатқан білімгерлердің тұрмысымен танысуды дәстүрге айналдырған. Мәселен, өткен аптада партия атынан сайланған депутаттар Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық және Қаскелең мәдениет колледждерінде болып, қалыптасып отырған жайға мониторинг жасап қайтты.
2023 жылдың қыркүйек айында, жаңа оқу жылының басталуына орай облыстық мәслихаттың депутаты Әсел Заирова, Қарасай аудандық мәслихатының депутаттары Абылай Зуайда мен Бекжан Сүнбеков Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжі мен Қаскелең мәдениет колледжінің жатақханаларына арнайы ат басын тіреп, қалыптасып отырған жағдаймен танысқан еді. Тексеру барысыда екеуінен де кемшіліктер анықталып, оқу орнының басшыларына ескерту де жасалынған. Ал ақпан айында алғашқы құраммен барып жасалынған жұмыстың нәтижелерімен танысқанда, екі жатақханадағы жағдай әртүрлі екені анықталды.
Санжар Жандосов атындағы кәсіптік білім беретін оқу орны 1986 жылы салынып, пайдалануға берілгенімен бүгінге дейін күрделі жөндеу жүргізілмей келеді. Бұл жатақхана есігінен кіргенде-ақ бірден байқалады. Ғимараттың еденіндегі төсеніштер тозып сыры кеткені, әр-әр жерінде жамалғаны, қабырғаларының ескіргені аңғарылады. Сол сияқты мұндағы жиһаздар, қолжуғыштар, дәретханалар көнелігімен көзге қораш көрініп тұр. Дегенмен, білім шаңырағының басшылары жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын сапалы орындап, қолда барды ұқсатуға күш салып келеді екен. Білімгерлерге көгілдір отынды пайдаланып ас дайындауға, өздері жуынып, кір-қоңдарын тазалап алуға, медициналық көмек алуға, теледидар алдында демалуға, ғаламтор қызметін пайдалана отырып сабаққа дайындалуға мүмкіндік жасалған. Жаңа матрацтар, жастықтар мен төсекжапқыштар алынып, біршама жаңартылыпты.
Колледж директоры Рүстембек Бакировтың айтуынша, мұнда бүгіндері 593 жас білім алып, «аспаз», «шаштараз», «автоэлектрик», «электромонтер» мамандықтарын меңгеріп жатыр. Жалпы 300 адамға арналған жатақханада жыл басында 90 студент орналасқан болса, қазір жоғары курс студенттері кәсіптік тәжірибеге кетуіне байланысты 43 білімгер қалыпты. Қыркүйек айындағы тексеру кезінде айтылған ескертпелер ескеріліп, жуынатын бөлмелер, төсек-орындар қалыпқа келтірілген.
Жатақхана тұрғындарымен, колледж басшылығымен әңгімелескен кезде оқу орнына, соның ішінде жатақханаға күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі баса айтылды. Жоба-сметалық құжаттары дайындалып, құзырлы мекемлерге ұсынылғандықтан бұл мәселенің де шешілетін уақыты алыс емес сияқты.
Депутаттар тексеру жүргізген екінші жатақхана – Қаскелең мәдениет колледжіне тиесілі ғимарат еді. Білім шаңырағы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұржамал Дикембаеваның айтуынша, негізінен кітапханашылар мен халықтық қолданбалы өнер шеберлерін әзірлейтін колледжде 253 студент білім алуда. Олардың 151-і мемлекеттік грант бойынша оқып жатыр Ал, 70 адамға арналған жатақханада бүгіндері 50 студент тұрады.
Мәдениет колледжіне 2014 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айта кету керек. Алайда, соған қарамастан мұнда студенттердің лайықты өмір сүруіне жағдай жасалынбаған десе де болады. Алдымен көзге шалынған ас бөлмесінен талай шалағайлық аңғарылды. Атап айтқанда, мұнда әдеттегі газ плиталарының орнына әбден тозығы жетіп ескірген электр пештері әлі де тұр екен. Оның өзінде құлақтары жоқ болғандықтан, тістеуір мен қысқыштың көмегімен ғана қосуға болады. Жуынатын, кір жуатын бөлмелер болғанымен, пайдалануға келмейді. Су жылытқыш «Аристон» қондырғысы қойылғанымен, кәріз жүйесінің істен шығуына байлансты оны пайдалану мүмкін емес.
Жатақхана жиһаздары көнеден қалған мұрадай, киім ілетін шкафтарының есіктері де жоқ болып шықты. Интернет жүйесі оқу ғимаратында болғанымен, жатақханаға жеткізілмеген. Бөлмелердегі шамдардың өзі болар-болмас қана жарық беріп тұр. Мұндағы темір төсектер мен төсеніштердің жағдайы ешқандай сын көтермейтіндей күйде. Матрацтары өте жұқа болғандықтан жамбастарына батпас үшін бір төсекке бірнешеуін салуға мәжбүр. Қайсыбір төсектердегі тордың үстіне ағаш төсеніш қойып қана ұйықтауға болатындай.
Иә, бір жатақханада пайдалануға берілгелі бері жөндеу көрмесе де жағдай жасалынса, екіншісінде салғырттықтың салдары менмұндалайды. Тексеру барысында колледж басшылығына анықталған кемшіліктермен жұмыс жасап, білімгерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту қажеттілігі ескертілді.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы