Елімізде көптеген отбасы балаларды толыққанды тәрбиелеу мен дамыту, олардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасай алмай отыр. Өкінішке қарай, зерттеулердің нәтижесі қоғамда отбасы институты әлсіреп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымызға сай отбасылық құндылықтар мен дәстүрлердің жоғалып бара жатқанын анықтады. Бұл олқылықтың орнын білім беру ұйымдары ата-аналармен бірлесіп қолға ала бастады.
Еңбекшіқазақ ауаданындағы О.Жандосов атындағы орта мектепте қамқоршылық кеңес мүшелерінің қолдауымен ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылды. Аталған орталықтың шылуына мектептегі қамқоршылық кеңестің мүшелері қатысты.
– Бұл орталықтың міндеті – балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, психологиялық және әлеуметтік құзыретін дамыту. Жаңа ашылған орталық оқу жылының соңына дейін ата-аналарға ұлттық құндылықтарға негізделген сабақтар өткізеді. Бұл сабақтарда ертегі, аңыз-әңгімелер, батырлар жырларынан үзінділер келтіру, мақал-мәтелдер, халық әндері, дала ділмарларының шешендік сөздері, жыраулар шығармашылығы, салт-дәстүрлер мен ғұрыптардың, ұлттық киімдердің маңызы, ұрпақтар тізбегі (шежіре), ер мен әйелдің қоғамдағы орны, туыстық қатынастардың ерекшеліктері қамтылады. Сонымен қатар жоба аясында «Даналық мектебі» клубы құрылады. Клуб мектептің нақты сұраныстарына сәйкес «Ата өсиеті», «Әже даналығы», «Аға қамқорлығы», «Жеңге кеңесі» секілді секцияларды ұйымдастыру арқылы ұлтымызға тән туыстық қарым-қатынастарды ұрпақ бойына сіңіруді мақсат етеді, – дейді мектеп директоры Айжан Жамешева. Мектеп директорының сөзінше, білім ордасындағы қамқорлық кеңестің мүшелері Мерболат Әбенов, Жасұлан Құмғанбаев, Болат Даутов, Қайрат Тортаев, Жасұлан Байпақов, Ерлан Идрисов сынды азматтар үнемі игі бастамалар мен қиындыққа тап болған оқушыларға қолұшын созып келеді екен. Айталық кәсіпкер Тілек Әлімжанов мектеп оркестіріне ұлттық киім мен домбыралар тарту етіпті. Ал ұшқан ұясын ұмытпаған түлектер де мектепке өз жақсылығын жасап келе жатқаны тағы бар. Олар мектепте жаңа кабинеттердің ашылуына көмектесіп, білім ошағының материалдық-техникалық базасының нығаюына қолдау көрсетіп келеді.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы