Алматы облысында жыл сайын жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) жұқтырған 400 мыңға жуық адам тіркеледі. Халықтың медициналық көмекке жүгінетін себептері көп. Солардың бірі – тұмау және ЖРВИ-мен ауыру. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Марат Исмаилов айтты.
Өңірдің бас санитарының айтуынша, облыс бойынша эпидемиологиялық жағдай вирустық А гепатиті, тағамнан улану, туберкулез, қызылша, эпидемиялық паротит, ЖРВИ, тұмау, эхинококкозбен сырқаттанғандардың өсуімен, жіті ішек жұқпасы, парентеральді гепатиттер, кене энцефалитінің төмендеуімен сипатталады. Сонымен қатар былтыр аймақта оба, тырысқақ, сібір жарасы, құтырма, туляремия сынды қатерлі жұқпалары аурулар тіркелмегенін атап айтты.
Сала басшысының сөзінше, тұмаудың эпидемиялық маусымы қазан айынан басталып сәуір айына дейін жалғасады. Осы уақытта сыртқаттанатындардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар. Мәселен, былтыр эпидмаусымда 382 892 адам жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Ал осы инфекциямен ауырған 250 638 баланың 65 пайызы 14 жасқа толмаған. Облыс бойынша тұмауға қарсы вакцинация былтыр қазан айынан басталып, халықтың жалпы санының 11 пайызы екпе алған.
Спикердің баяндауынша, аймақта қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Аптасына 200 адам аталған дертті жұқтырады. Жыл басынан бері облыс көлемінде 5675 адамда қызылшаның алғашқы белгілері байқалып, оның 3652-сі зертханалық талдау нәтижесінде расталған.
«Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысына сәйкес, елімізде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізіліп жатыр. 2024 жылдың 12 ақпанына дейін жаппай иммундауға жататын 112 200 адамның 83 пайызы қызылшаға қарсы қосымш аегілді»,- дейді Марат Исмаилов.
Облыста көкжөтел мен КВИ жұқпалы ауруына қатысты эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Бүгінгі таңда көкжөтел жұқтырған 6 адам және КВИ жұқтырған 2 адам белгілі. Марат Исмаиловтың сөзінше, сырқаттанғандардың басым бөлігі Жамбыл ауданында анықталған.
Маманның сөзінше, иммундау уақытында жүргізілсе ауру одан әрі таралмайды.
«Халықтың екпеден бас тартуына әлеуметтік желілерден алынған қате пікірлер мен діни түсінік пайымдары ықпал етіп отыр. Сондай-ақ, интернет ресурстарда таралған жалған ақпараттар елдің екпеге деген наразылығын тудыруда», – деді Марат Исмаилов.
Сөз соңында спикер кез келген аурудың ең жақсы емі алдын алу екенін айтып, облыс тұрғындарын екпе алуға шақырды.