Алматы облысының аумағында қалың қар жауып, ауа-райының күрт сууына байланысты республикалық маңызы бар бірнеше жол учаскелерінде көліктердің жүруіне шектеу қойылды деп хабарлайды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.
“ҚазАвтоЖол” мекемесінің ақпараты бойынша, 16 ақпан күнгі сағат 13:20-дан бастап Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас жолының 126-172 шақырымы аралығында (Шелек кентінен Көкпек ауылына дейін) барлық көлік түрлерінің жүруіне шектеу қойылды. Сонымен қатар, 16 ақпан күні сағат 15:40-тан бастап Көкпек-Кеген-Түп жолының 0-72 шақырымы аралығында (Аласа асуынан Кеген ауылына дейін) барлық көлік түрлерінің жүруіне шектеу қойылды.
Бұған дейін 16 ақпан күнгі сағат 10.30-дан бастап Алматы-Өскемен тас жолының 25-124 шақырымы аралығында (ақы алу пунктінен Жетісу облысының шекарасына дейін) үлкен жүк көліктері мен қоғамдық көліктердің жүруіне, сағат 12-ден бастап Алматы-Шелек-Қорғас тасжолының 24-254 шақырымы аралығында (ақы алу пунктінен Жетісу облысының шекарасына дейін) барлық көліктердің жүруіне шектеу қойылған болатын.
“Қазгидромет” мемлекеттік мекемесі Алматы облысында 16 ақпаннан бастап 21 ақпанға дейін Алматы облысында күн райының күрт суытатынын, өңірдің солтүстік аймақтары мен таулы аудандарында 18-20 ақпан күндері түнде -30-35 градусқа жететін аяз тұратынын ескертеді. 17 ақпанға қараған түні таулы аудандарда қалың қар жауып, тұман түседі, жолдарда көктайғақ болады.