Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасының аумағынан шығарылғанына 35 жыл толуына орай Қонаев қаласында шара өтті. Салтанатты шара басталмас бұрын жиналған қауым интернационалдық борышын өтеу кезiнде ерлiкпен қаза тапқан боздақтарға қойылған ескерткiшке гүл шоқтарын қойды.
Ескерткіш басында Ауған соғысының ардагерлері зұлмат соғыс пен оның елімізге тигізген зардабы туралы баяндап, сұрапыл жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, жастарды бейбіт өмірдің бағасын білуге шақырды. Мерекелік шара одан әрі қалалық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Салтанатты жиында алғашқы сөз кезегі Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсұлтановаға берілді.
– Бұл – Қазақстанға ғана емес, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері үшін де үлкен тарихи оқиға. Осыдан 35 жыл бұрын Ауған соғысынан 21371 қазақстандық ардагер аманесен өз Отанына оралған. Бүгінде 91 ардагер Қонаев қаласында ғұмыр кешуде. Қазақстандық интернационал-жауынгерлердің арасынан Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл мен «Қара майор» атымен танымал болған даңқты командир Борис Керімбаевтың ерлігі аңызға айналды. Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз – жастарға үлгі. Сіздер тәуелсіз еліміздің іргесін бекітуге, ынтымағын сақтауға да ықпал етіп келесіздер, – деді қала әкімінің орынбасары.
Сахна төрінде Сәуле Қайырлықызы мен қалалық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Болат Садықов Ауған соғысының ардагері Марат Қалығұловтың кеудесіне «Қонаев қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар Қонаев қаласындағы Ауған соғысының ардагерлері «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына – 35 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Келесі кезекте сөз алған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Бақыт Рахымбаев ардагерлерді мерекемен құттықтады. Бақыт Жеңісбайұлы бірқатар ардагерге облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің Алғыс хатын табыстады. Одан кейін от кешкен тағы бірнеше азаматқа ҚР Қарулы Күштері десанттық-шабуылдаушы әскері қолбасшысының Алғыс хаты берілді.
Салтанатты жиын әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы