Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толды. 15 қаңтарда мерейтойын салтанатпен атап өттік. Ғасырға жуық уақытта ҚазҰУ қабырғасынан миллиондаған студент түлеп ұшты. Осы кезеңдер ішінде университетте көптеген маңызды өзгерістер болды. Бүгінде ол әлемдік деңгейдегі заманауи жоғары оқу орнына, сондай-ақ, Орталық Азия аймағындағы жоғары білім беру жүйесін дамытудың жетекші ғылыми-әдістемелік және зерттеу орталығына айналды.
Қазіргі таңда ҚазҰУ әлемдегі 800 үздік университет арасында 207-ші орында тұр. 2018 жылы халықаралық QS STARS деңгейі бойынша еліміздегі білім беру қызметтерін көрсету, ғылыми-инновациялық қызметі және академиялық беделі жағынан алдыңғы қатарда.
Бүгінде университетте білім алушылардың контингенті шамамен 26 мыңды құрайды. Жыл сайын шетелдік студенттер саны артып келеді. Әлемнің 54 елінен келген 3,5 мыңнан астам студент бакалавриатта, магистратурада және докторантурада оқиды. Университет құрылымында 16 факультет пен 68 кафедра, 8 ғылыми-зерттеу институты және 29 ғылыми орталық бар. 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханалары жұмыс істейді.
Филология – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің байырғы факультеттерінің бірі. 1937 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Факультетте 6 кафедра бар. Біздің кафедра – Шетел тілдері кафедрасы. Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы жоғары кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық мамандықтары бойынша студенттерге шет тілдерін оқытады.
Кәсіби шеберлігін арттыруда оқытушыларға арналған мүмкіндіктер көп. «Болашақ» бағдарламасы бойынша біздің кафедраның оқытушысы Лаура Алиярова АҚШ-тағы Калифорния университетінің халықаралық кәсіпқойларға арналған көшбасшылық академиясында білімін жалғастырып жатыр. Аталған бағдарлама бойынша университетте келесі жылы тағы да бір оқытушымыз П.Елубаева тағылымдамадан өтпекші. Жақын арада Токиода өткен 15-халықаралық Азия конференциясы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары өз тәжірибелерімен бөлісіп, бірқатар шеберлік сабағын өткізді. Қазақстан атынан 14 қатысушы, оның ішінде әл-Фараби университетінен үш профессор барды. «Студенттердің сыни қарым-қатынасын дамыту мақсатында тілді оқытуға медиа сауаттылықты енгізу» тақырыбында біздің кафедра дәріскері Перизат Елубаева шеберлік сабағын ұйымдастырды. Нәтижесінде шетелдік ғалымдардың ҚазҰУ-дің оқыту практикасына, әдістері мен технологияларына деген қызығушылығы артты.
Мерейтойың құтты болсын, атың аңызға айналған университетіміз! Алда әлі талай асулардан асып, белестерді бағындыратын жақсы жаңалықтар көп. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымын, филология факультетінің оқытушыларын, Шетел тілдері кафедрасының профессорлық-оқытушы құрамын құттықтап, жаңа шығармашылық табыстар, жемісті еңбек және осы жетістіктерге жетуде мықты денсаулық тілеймін.
Гүлжазира Қойтасова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультеті
Шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы, магистр