Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматы облысы Іле ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысының үстінен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
«Ол Іле ауданының орта мектептерінде іс жүзінде еңбек етпеген адамдарға топ адаммен алдын ала сөз байласып жалақы аудару арқылы 680 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Сонымен қатар ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, өзінің жүргізушісін мектеп-гимназияға кәсіби бағдаршы лауазымына жалған жұмысқа орналастырған, оған заңсыз жалпы сомасы 4.9 млн теңге жалақы төлеген.
Қазір күдікті сот санкциясымен қамауға алынып, тергеліп жатыр.
Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.