Қазіргі таңда ұлттық киімдерімізді тек Наурыз мерекесі мен салтанатты жиындарда ғана кию үрдісі бәсеңсіп келеді. Әрбір ою-өрнегінде халқымыз тарихының қайталанбас көрінісі бейнеленген ұлттық киімдеріміз жастардың арасында «трендке» айналып келе жатыр. Сонау ғасырлар легінен қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық киім әлі де өз құндылығын жоғалтқан жоқ, қайта уақыт өткен сайын заманына қарай түрленіп, жетіліп келеді. Бұл қуантарлық жайт екені сөзсіз.
Алматы облысы Қонаев қаласының бірқатар мектептері де заман ағымымен қатар дамып, біте қайнасып келе жатқан асыл қазынамыз ұлттық киімдерімізді киюді қолға алып, ұлттық құндылығымыз, мәдениетімізді дәріптеу мақстында түрлі шаралар өткізіп жатыр. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл бастама еліміз бойынша іске асып, керемет нәтиже көрсетуде.
Қонаев қаласындағы Орта мектеп гимназия базасында атаулы бастама қарқынды іске асып жатыр. Білім ордасында оқушы айнасы болған ұстаздар жұмыс киіміне көз жауын алатын ұлттық нақыштағы киімдерді үйлестірсе, оқушылар да қалыспай заманауи сәнге үйлестіріп, әшекеймен әсемдеп киіп жүр. Оқушылардың сөзінше, бұл олардың ұлт мәдениетіне деген жауапершілігін, сүйіспеншілігін арттыруда.
«Тәрбие-ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің бір қыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Болашақта да дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. «Ұлттық рух – ұлттық құндылық» жобасы аясында білім алушылардың ұлттық нақыштағы киімдерін кию, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында әр аптаның жұма күні ұлттық киімдерді кию акциясы оқушылардың көңілінен шығып, күнделікті әдетке айналды. Сонымен қатар түрлі бағыттағы шаралар да ұйымдастырылып жатыр. Үзіліс барысында асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, бес тас секілді ұлттық ойындарымыз ойнатылып, оқушылардың қызығушлығын одан әрі арттыруда. Өлең оқу, ән айту, «Ойлан тап» интеллектуалды сұрақтарға жауап беру челлендждері қарқынды өткізіліп жатыр. «Бір мақал – бір бауырсақ» челленджінде ұстаздарымыз бен оқушылар мақал-мәтелдерін айтып, ыстық бауырсақтан дәм татты. Білім ордасында жас ұрпақтың тек заманауи білім нәрімен ғана сусындап қоймай, ұлттық мазмұнда тәлім-тәрбие алып жатқанына қарап, жанымыз жадырады. Ұлттық тәрбие – ел болашағы», — дейді Орта мектеп гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Рахманова.
Құндылыққа негізделген білім мен тәрбие қай уақытта болса да өзекті. Отанын қадірлейтін және оның әрі қарай дамуына серпін беретін, терең білімді, озық ойлы, адал және ұлттық болмысы айқын тұлға тәрбиелеу мәселесі бәрімізге ортақ.
Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі