Іле ауданындағы М. Мақатаев атындағы №13 орта мектепте Мұқағали онкүндігі аясында қаламгерлер – «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі Қайрат Бестібаев пен «Алатау арайы» газетінің Қарасай ауданындағы меншікті тілшісі Қуат Қайранбаймен кездесу кеші өтті. Игі шараның мақсаты – балаларды ақындардың шығармашылығымен таныстыра отырып поэзияға құштарлықтарын арттыру, эстетикалық тәрбие беру.
Кеш қонақтары алдымен мектеп ішіндегі М. Мақатаев музейін аралап көрді. Оқушылар ақиық ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдеби композиция құрды. Ақын Қуат Қайранбаев Мұқағалиға арнаған жырларын оқып, мұзбалақ ақынның артында қалған асыл мұрасы – баға жетпес рухани қазына екенін жиналғандарға тебірене әңгімеледі. Сонымен қатар бала кезінен бірге өсіп, поэзия әлеміне бірге қанат қаққан қаламдас досы, әріптесі Қайрат Бестібаевтың шығармашылығына тоқталып, бірге өткізген балалық шақтарын сағына еске алды. Қос ақынның арасындағы кіршіксіз достығы туралы паш етті.
Қайрат Бестібаев та өз кезегінде Қуат Қайранбаевтың азаматтық қасиеттері жайында кеңінен сыр шертіп, ақын өлеңдерін оқыды, талдау жасап, қызықты естеліктерімен бөлісті. Жаңа өлеңдерін шабыттана оқыды. Сырласу кеші сырлы әуенмен әрленді.
Кеш соңында мектеп директоры Аяулым Жақашбайқызы қонақтардың иығына шапан жауып, ілтипат білдірсе, қаламгерлер өздерінің жыр жинақтарын мектеп кітапханасына тарту етті. Жас оқырмандардан үлкен әсер алған ақындар мектеп ұжымына толағай табыс тілеп, оқушылармен естелік суретке түсті.
Бағдат Шойбасов,
Іле ауданы