Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ауылшаруашылық саласындағы бағдарламалардың жайы айтылып, олардың орындалу барысы сөз болды. Сондай-ақ, инвестициялық жобалардың Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйеніп іске асып жатқандығы жеткізілді.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ауылшаруашылық бағдарламаларын іске асыру шеңберінде облыстық бюджеттен 15,0 млрд теңге бөлінген. Агроөнеркәсіп саласындағы жобаларды қарау үшін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің өкімімен арнайы комиссия құрылған. Бұдан өзге өткен жылы 18 қазанда ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыс әкімдігі арасында үшжақты шарт жасалған. Брифинг спикері, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Сыдықов ауылшаруашылық бағдарламаларын іске асыру үшін бөлінген қаражат «Қонаев» ӘКК сенім білдірілген агент шотына аударылғанын айтты. Бүгінгі күні сенім білдірілген өкіл кредит алуға үміткерлердің құжаттарын тексеру, АӨК саласындағы жобаны бағалау, кепілдердің болуы мен сәйкестігі бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. Сенім білдірілген өкіл мен қарыз алушы арасында ақша қаражатын бере отырып, келісім жасау осы айға белгіленген.
Өз кезегінде сөз алған Қонаев ӘКК инвестициялық жобаларды дамыту және активтерді басқару департаментінің директоры Тыныс Сайланбаев аймақтағы инвестициялық жобалар туралы тарқатты. СҚО-ның тауарлы сүт фермасын салу және кеңейту бойынша тәжірибесін тираждау шеңберінде облыста 11 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Олар – «ABDI AGRO» ЖШС, «Байсерке Агро» ЖШС, «Кооператив Талас» ӘКК, «Айдарбаев» ШҚ, «Тұржан Дәулетхан Мәжитұлы» ЖК, «Агропромышленная компания «Адал» АҚ, «Агрофирма Dinara ranch» ЖШС, «Ризык Агро» ЖШС, «Болашақ Агро» ЖШС, «Ақ сүт» ЖШС. Бұл жобаларды іске асыру импортты алмастыруға, сүттің қосымша көлемін өндіруге тікелей әсер етеді және өңіріміздегі сүт өнімдеріне қажеттілікті 100%-ға қамтамасыз етеді. Спикер Тыныс Сайланбаев өсімдік шаруашылғына да тоқталып өтті. Ол өз сөзінде:
– Өсімдік шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыру (ылғал үнемдейтін технологияларды қолдану) және көкөніс қоймаларын салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда өңірімізде 748 мың тонна көкөніс өнімдері мен 471 тонна картоп жиналды. Облыста қуаттылығы 128,6 мың тонна болатын 71 көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерін сақтау үшін қолда бар ресурстар жеткіліксіз. Қосымша қоймалар салу маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерін сақтау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді және облыс тұрғындарының өз өндірісіндегі көкөніс өнімдеріне деген қажеттілігін 78%-ға қамтамасыз етеді, – деп өсімдік шаруашылығын сәтті дамыту сатысын тілге тиек етті.
Құралбек СӘБИТОВ