Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Дәурен Азаматов облыс әкімінің қаулысына сәйкес 19 ақпаннан бастап өңірде су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі басталғаны туралы Өңірілік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында айтты.
Бүгінгі таңда елдімекендерден 3,1 мың текше метр қар шығарылған. Сонымен қатар, 154,8 шақырым арық желілері, 48,2 шақырым канал, 87 автожол және 7 темір жол астындағы су өткізу, 27,2 шақырым су бұру каналдары қазылды.
Өз баяндамасында Дәурен Азаматов 27 елдімекен су тасқыны қаупі барын, 7 елді мекенде қауіп толығымен жойылып, 20 нысанда қауіп азайтылғанын атап өтті. Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдай салдарын жою үшін облыс аумағында жеке құрамның 1326 адамы, 471 техника, 29 жүзу құралы, 120 мотопомпа техникасы жұмылдырылған.
Спикердің айтуынша, Еңбекшіқазақ, Талғар, Кеген мен Қарасай аудандарының 12 елді мекенінде жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы 88 су өткізу құбыры ауыстырылып, 435 шақырым арық-канал жүйесі қайта жаңартылған.
«Профилактикалық мақсатта аумақтық ТЖД-ның аудандық бөлімшелері 123 елдімекенді қамти отырып, 92 рейд жүргізді. Бұдан бөлек «Көктем-2024» оқу-жаттығу барысында бес су тасқыны қаупі бар 1,8 шақырым арықтар мен каналдар, 73 автожолдар астындағы су өткізу құбырлары тазартылды. Нәтижесінде су тасқыны қаупі барынша азайды», – дейді Дәурен Азаматов
Еске салайық, су басқан жағдайда құтқару қызметіне “112 “нөмірі бойынша хабарласу қажет.