«Заңғар» жастар сыйлығының «Үздік жас кәсіпкер» номинациясы Кеген ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Сандуғаш Терлікбаеваға бұйырды. Жеңімпазға арнайы диплом мен 300 000 теңгенің ақшалай сертификаты табысталды.
Ол – Кеген ауылындағы «Санди Кеген» деп аталатын сұлулық салонының иесі. Тұрғындарға көрсеткен сапалы қызметінің арқасында кәсіпкердің еңбегі еленіп, жұмысы бағаланды. Жастар сыйлығын жеңіп алғанына біз де шын жүректен қуандық.
Сандуғаш Жексембіқызы 1992 жылы 8 қаңтарда Кеген ауылында дүниеге келген. Әкесі Жексембі, анасы Күлпаршын жеті баланы тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Үш әпкесі мен үш ағасы бар. 2008 жылы «Алматы үздіксіз білім беру» колледжіне оқуға түсіп, 2011 жылы оны ойдағыдай тамамдайды. 2012-2014 жылдары Кеген аудандық қаржы бөлімінде есепшінің көмекшісі қызметін атқарды.
2016 жылдан бастап жеке кәсіппен айналысты. Кегендегі орталық базар ішінен дүңгіршекті жалға алып, шаштараз болды. Оның шаш қию шеберлігіне тұрғындар тәнті болды. Бірте-бірте келушілер көбейді. Сөйтіп, Сандуғаш 2019 жылы 19 қаңтарда «Санди Кеген» атты сұлулық салонын ашты. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша 500 мың теңге грант алып, ол қаражатқа кажетті құрал-жабдықтар сатып алады.
Қазіргі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта кәсібін кеңейту жоспары бар. Ол үнемі қайырымдылық жасауға асығады. Көп балалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетеді. Тасашы ауылындағы мектеп жанында орналасқан интернат балаларын шамасы келгенше киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Жұбайы Айдос Бақтыбай екеуі Исламхан мен Алдияр есімді екі ұл тәрбиелеп отыр. Исламханды төрт жасынан бастап Алматы қаласындағы «Өнер» мектебіне берген. Алты жасар Исламхан «Мұқағали Мақатаев», «Жусан иісі», «Ұрлаудан басқа амал жоқ», «Бір тоқсан», «Тоғжан» атты сериалдарға түсіп үлгерді.
Сандуғаш Жексембіқызы шаш қиюмен қатар қолөнермен де айналысады.
– Адам жастайынан қай салаға икемді болса, соны дамытқаны жөн. Білімге, жаңашылдыққа ұмтылу керек. Кәсіпкер бір саланы өмір бойы алып жүрмеуі де мүмкін. Нарыққа қарай бейімделіп, жаңа жобаларға көңіл бөліп, соңғы технологияны да пайдаланған абзал, – дейді ол.
Дана халқымыз «Кәсіп түбі – нәсіп» деп текке айпаған. Жастардың өз бизнесін бастап, елеулі жетістікке жетуі арқылы мемлекетіміздің абыройы асқақтап, ел экономикасы көтеріледі. Бұл арқылы отандық өнімнің болашағына жарқын жол ашылары анық.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы