Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінде облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі және бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Онда құқық қорғау органдары мен кәсіпкерлік субъектілер арасында атқарылатын жүйелі жұмыстар талқыланды.
Еңбекшіқазақ ауданы Алматы облысындағы ірі аудандардың бірі, 285 мың халқы бар. Өңірде 25256 шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ертай Нұрмахановтың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестен ауданға 12 млрд 206 млн теңге көлемінде салық түскен. Өткен жылы 235 млрд 340 млн теңге көлемінде өнім өндірілген.
Биылғы мораторийдің аяқталуы кәсіпкерлерді алаңдатып отырғаны жасырын емес. Олардың сөзінше, жоспардан тыс тексерістер көбейіп, бизнес қауымдастық өкілдері кәсібінің дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Жиында Алматы облысы кәсіпкерлік палатасының бизнесті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ілияс Мырзекенов осы мәселеге қатысты ойын ортаға салды.
– Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты бизнесті тексеруге мораторий енгізілгені рас. Ол 2020 жылы күшіне еніп, 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды. Биыл қаңтар айынан бастап мораторий қолданысын тоқтатты. Бұл, әрине, көптеген кәсіпорын иелерін алаңдатып отырғанын түсінеміз. Сондықтан осы мәселені мемлекеттік органдардың өкілдерімен талқылау үшін жиналып отырмыз. Кәсіпкерлік қызметті тексеру заң аясында жүргізіліп, кедергі келтірмеуін қалаймыз. Осындай кездесулер кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалогқа септігін тигізіп, тексерулер кезінде кәсіпкерлер құқығының сақталуына ықпал етеді деп сенеміз, – деді Ілияс Мырзекенов.
Аудандық прокуратура бұл қадам да ең басты қадағалаушы орган екені анық. Еңбекшіқазақ аудандық прокурорының орынбасары Айдос Жұмабаев кәсіпкерлерге алаңдауға негіз жоқ екендігін айтты. Ол кәсіпкерлерге QR-коды бар арнайы парақша таратылғандығын, сол арқылы кез келген заңсыз тексерістерге шағымдана алатындығын жеткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнесті қорғау бойынша жұмысты үш бағытта жүргізеді. Бұл бизнестің адалдығына жәрдемдесу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу, өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне жедел ден қою жөніндегі тұжырымдамалық шараларды қамтиды.
– Жыл басынан бұл бағытта жұмыс атқаратын арнайы мобильдік топ құрылып, бизнес өкілдерімен жанжақты кездесулер ұйымдастырылуда. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою. Қандайда бір көмекке мұқтаж кәсіпкер «Е-өтініш» платформасы арқылы немесе біздін департаментке келіп, өздерінің арызшағымдарын бере алады. Біз «Бизнеске жол» жобасы бойынша заң аясында көмек көрсетеміз, – деді Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Меруерт Еркінқызы. Аталған жиында салық декларациясы және мобильді аударымдар саласындағы өзгерістер туралы да кеңінен сөз болды. Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Алмат Қалиевтің айтуынша, жаңа өзгерістер аясында 2024 жылдан бастап жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңі басталды. Кәсіпкерлер салық декларацияларын электронды форматта тапсыруы керек. Бұл салық есептілігінің ашықтығы мен жеделдігін жақсартады. Қаржы ағындарын тиімді бақылау және қаржылық қылмыстардың алдын алу үшін үкімет мобильді аударымдарға жаңа талаптар енгізуде.
Аталған шара заңсыз қаржылық операциялармен күресуге және бизнес пен азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған. Жиында кәсіпкерлер сөз алып, отандық өнім өндірушілерді қолдау, несиелендіру, коммуналдық төлемдер бағасының өсуі, инфрақұрылым жүйелерін тартудағы кедергілер мен негізсіз айыппұлдар сынды өзекті мәселелерді көтерді. Екі сағатқа созылған кездесу барысында шағын және орта кәсіп иелері өздерін толғандырған сауалдарына тиісті орган басшыларынан жауаптар алды.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы