Облыстық қоғамдық-саяси «Алатау арайы» газетінің №21 (182) санында (20 ақпан, сейсенбі) жарияланған журналист Айжарық Көптілеуовтің «Жолақы жыры бітер ме?» атты мақаласы бойынша Қонаев қаласының әкімдігі төмендегі жағдайды баяндайды:
ҚР Автомобиль көлігі туралы Заңға сәйкес, қалаішілік қоғамдық көлік қатынасының тарифін жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Қонаев қаласы әкімінің қаулысына сәйкес, жолақы 80 теңге болып бекітілген. Сондай-ақ аталған Заңның аясында тарифтер сараланып, электронды билеттерді көбірек қолдану мақсатында Қонаевта «Avtobys» электронды төлем жүйесі енгізілген. Биыл қоғамдық көліктерде қанша адам қатынайтынын білу және «көлеңкелі экономика» болмауы үшін қолма-қол төлем көлемі 200 теңге болып нақтыланған. Ал QR-код, карта, электронды банкинг және ұялы байланыс операторлары арқылы төлесе, жолақысы – 80 теңге.
Бақылаушылар арқылы жасалған күнделікті есеп алдағы уақытта автобус санын көбейту, субсидия бөлу секілді мәселелерді шешуде септігін тигізеді. Әлеуметтік осал топтағылар, көпбалалы отбасыларға, ардагерлер, мектеп оқушыларына арналған жеңілдіктер өз күшінде қалды. Келер аптада автобустардағы QR-код жазылған парақшалар саны көбейтіледі. Бұл тұрғындардың кезек күтіп қалуы мәселесін түбегейлі шешеді.
Айта кетейік, шаһарда 9 бағыт бойынша 24 автобус қызмет етеді. Ал қала жұртшылығы электронды карталарды 1-ықшамаудан, №41-үйден сатып ала алады.
Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі