«Жан әлемі» айдарының бүгінгі тақырыбы құмар ойынға арналады. Өйткені, құмар ойынға салыну да жан әлеміндегі теріс құбылыс әрі психологиялық дерт саналады екен. Қазіргі таңда құмар ойынға қызығатын жастар қатары көбеюде. Қоғам дертіне айналған ойынқұмарлық адамдарды материалдық қана емес, рухани тұрғыда да азғындатуда. Құмар ойынға қызығушылар саны артуымен қатар, «лудомания» деген термин жиі айтыла бастады. Бір сөзбен айтсақ, ол – алкоголизм, наркомания, таксикомания сияқты дертпен пара-пар созылмалы психикалық ауру. Демек, лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар.
Технология дамыған сайын онлайн ойындардың түр-түрі шығып, ойынқұмарлық дерті асқынуда. Өйткені, бұрындары адамдар оңай олжа тауып, бәс тігу үшін ойын автоматтары, букмекерлік кеңсе мен казиноға арнайы баратын болса, қазір ақша салып ойнайтын түрлі ойын қолыңыздағы ұялы телефонның ішінен табыла кетеді. Демек, ол – онлайн түрде әрбір адамға қолжетімді. Бұл арқылы, әсіресе, жастар мен жасөспірімдердің санасы улануда. Ақша тігіп, оны көбейтуді ойлайтын жастар мұндай қадамға ойланбастан-ақ барады. Оған қаржылық тәуелділік, құмарлық, жеңіске деген ұмтылыс сезімдері жетелейді. Алайда, мұндай ойынды үздіксіз ойнай берген адам оған қалай тәуелді болғанын аңғармай да қалады. Бұл жағдайдан өз бетінше шығам деу қиынға соғады. Сондықтан психологтың көмегі мен арнайы орталықтың қызметіне жүгінуге тура келеді. Соңғы жылдары елімізде ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған.
Лудомания дертінің қаншалықты қатерлі екені жөнінде республикалық дәрежедегі тренер, «One-stop – Бір қадам» жобасы орталығының психолог-маманы Жеңісгүл Хабаевадан сұрап көрген едік.
– Бүгінгі таңда лудоманияның салдарынан әрбір жетінші отбасы ажырасып жатыр. Статистика бойынша, 1500 баланың 887-сі лудоманияға шалдыққан. Бұл психикалық ауру болғандықтан оны емдемесе болмайды. Ол асқазандағы жара сынды діттеген жерін ойып түсіреді. Құмар ойынға адамдар көбіне қаржының жетіспеуінен, отбасындағы кикілжің, өзін бақытсыз сезінуден барады. Оңай ақша табамын деп ойлайды. Сөйтіп, ойынға қалай кіріп кеткенін білмей қалады. Кейін шығайын десе де шыға алмайды, өйткені ол психикалық ауруға шалдығады. Адам есірткіге қалай тәуелді болса, құмар ойынға да соншалықты тәуелді болады. Лудоманияға шалдыққан баланы емдемеген жағдайда оның болашағына балта шабылады, өйткені ол өмірден өз орнын таба алмайды. Осы орайда атааналарға айтарым, балаңыздың сабағы нашарласа, мінез-құлқында өзгеріс пайда болса, ақша сұрай бастаса, тіліңізді алмай, бақылау шегінен шығып кетсе, бірден дабыл қағу керек. Баламен сөйлесіп, не мазалап жүргенін білу қажет. Үлкендердің қадағалауынсыз қалған жасөспірім басқа жақтан қызық іздеп, түрлі ойындарды ермек етеді, жаман әдет-қылыққа бойалдырады. Көп ата-ана мұндай жайтқа көз жұмып қарайды. Ол дұрыс емес. Баланың ойынға кіріп кеткенін білген жағдайда оның қарызын жабудан бұрын емдетуді ойлау керек. Лудоманияны дамыған шет елдерде психикалық ауру деп қабылдайды, оған дер кезінде көмек қолын созады. Ал біздің елде бұған аса мән бермейді. Ата-аналар «баламның басына тигенде ойын ойнағанды өздігінен қояды» деп ойлайды. Бұл – сауатсыздықтың салдары. Өйткені, психологиялық саулықтың негізі отбасында қаланады. Қазіргі таңда көп ата-ана «баламның көйлегі көк, қарны тоқ» деп, олардың ішкі жан-дүниесіне үңіле бермейді. Мұның салдары ата-ана мен бала арасындағы алшақтыққа, түсінбестікке әкеліп тірейді. Балалардың психологиялық саулығын сақтау үшін, ең алдымен, ата-ана жанашыр жақыны, сырлас досы болуы керек. Бала табиғатын танып, бойындағы бар ерекшелікті көре білуі тиіс. Қазір көп ата-ана балаларын назардан тыс қалдырды. Сол себепті жеткіншек бос уақытын теледидар мен телефонға телмірумен өткізеді. Ал теледидарда балдырғандарды қатыгездікке баулитын мультфильмдер жетерлік. Мұның барлығы бала психологиясына әсер етпей қоймайды. Ғаламтор желісінде де жасөспірімдердің санасын улайтын ойын көп. Соның кейбірі жеткіншектерді өлімге жетелейді. Осындай ойынның салдарынан жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы жиілеген. Бұл жағдайлар отбасында қадағалаудың жоқтығынан туындап отыр. Атаана балаға шынайы қамқор бола білгенде ғана олардың психологиялық саулығы сақталады, – деді психолог.
Осы орайда өз тәжірибесіндегі бірдіекілі жайтпен бөліскен Жеңісгүл Жапарханқызы үйінде үнемі жалғыз қалатын жасөспірімнің құмар ойынға қалай шырмалғанын айтып берді. Ол бала ақша табу мақсатында ұялы телефон арқылы ойынға кірген. Күндіз-түні тоқтаусыз ойын ойнағандықтан ұйқысы бұзылып, салдарынан елес көретін болған. Әке-шешесі «ішіне жын кірді» деп, баланы молдаға апарған. Одан ешқандай нәтиже шықпағандықтан психологқа жүгінген. Жеңісгүл Жапарханқызы әңгімелесу барысында баланың жоба жасап сататын ойынға кіріп кеткенін, ақшаның көлемі 2000 мен 5000 теңге аралығын құрайтынын, егер бала оны жасай алмаса, телефонның ар жағында ойынды басқарып отырған таныс емес екі адамға 2000 теңгеден 4000 теңге ақша төлеу керек болатынын, соның салдарынан жасөспірімнің ұйқысы қанбай, дағдарысқа түсіп, жағдайы нашарлағанын анықтаған. Баланың денсаулығы сыр беріп, оқу үлгерімі де төмендеп кеткен. Психолог жасөспіріммен жұмыс істеу барысында оның күн тәртібін белгілеп берген. Атаанасының қадағалауымен бала уақытылы ұйықтап, ойын ойнауды мүлде доғарған. Соның нәтижесінде жасөспірімнің ұйқысы қанып, мазалаған елестен арылған. Бұл жерде баланың ата-анасы дер кезінде психологқа жүгінгендіктен жағдай оңды шешімін тапқан.
Бір ер адам отбасы, үш баласы бола тұра құмар ойынға қызыққан. Тапқан табысын үйге әкелмей, ойын автоматтарына салған. Өзінің айтуынша, ақшаны отбасына беруге қимаған. Қолына ақша түссе болды, ойынға салып, ұтысқа жетуді армандаған. Ұтқан ақшасының қызығын да көрмей, қайтадан ойынға салып, ұтыла берген. Ұтылған сайын қарызға ақша алып, ойынға тіккен. Жалғыз ұлы болғандықтан ата-анасы қарызын жауып беріп отырған. Осылайша жігіт ойынға басымен кіріп, созылмалы психикалық ауруға шалдыққандықтан емделуге көп уақыт жұмсалған. Ол психиатрға барып, ем алу арқылы ғана ойын ойнауын тоқтатқан.
Міне, осы сынды мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Адам ойынқұмар лықтан айыға алса жақсы, ал әлі де оның жетегінен шыға алмай жүргендер қаншама? Осының салдарынан кейбір жастар оқудан да шығып қалып, тура жолынан жаңылады. Өйткені, оған психологиялық көмек керек. Кеше үйленген жастардың жылдам ажырасып кетуіне де осындай жайт себеп болуда. Ойынға құмартқан жас тапқан-таянғанын отбасын асыруға емес, алдаусыратып өзіне тартқан ойын автоматтарына жұмсаса, ондай шаңырақ қалайша шайқалмасын? Оның үстіне лудомания дертіне көбіне үйдің асыраушысы болып табылатын ер адамдар шалдығады екен. Соңғы уақытта жастардың, оның ішінде, қыздардың да ойын жетегінде кетуі дабыл қағарлық жайт.
«Лудоманияны қалай емдеуге болады?» дегенге келсек, ол психикалық ауру болғандықтан алдымен адамның жан дүниесін емдеу керек. Ол үшін ойын басқа жаққа бағыттау қажет. Мәселені басқа жолмен шешуді ойластырып, ақшаны бекерге шашпай, оны бір пайдалы затқа жұмсауды үйреткен абзал. Өзін қызықтыратын басқа іспен айналысып, құмартатын бір затты жинауға көңіл аударғаны жөн. Бір әуестіктен басқасын табу арқылы бұл дерттен айығуға болады. Мәселен, спорттық секция, бассейнге бару. Оқушыларды түрлі үйірмелерге қатыстыру. Өз жетістіктерін күн сайын қағазға жазып отыру арқылы да адам белгілі бір нәтижеге қол жеткізеді, алға қарай ұмтылады.
Қазіргі таңда лудомания асқынып бара жатқан дерттің бірі болғандықтан ондай жандарға қоғам болып көмек қолын созу маңызды. Өйткені, әр лудоманның артында отбасы – барымен баласының қарызын жапқан ана, жылаған әйел, бала тұр. Өйткені, ойынға құмартқан адам соның жолында барын салады. Несие алады, қарызға батады, көлігін, үйін сатады. Бала-шағасының бар нәсібін желге шашады. Осы орайда баланы не ересек адамды ойынқұмарлыққа жеткізбейтін, оған тыйым салатын заң болуы керек. Емдеу орындарында ем алу да қолжетімді болып, науқастарға шынайы көмегін тигізуі қажет. Казино, ойын автоматтары, ғаламтордағы азарт ойындарға тұсау салынуы тиіс. Ал балалар үнемі атаана бақылауында болуы шарт. Сонда ғана «лудомания» деген таңсық дерттен аулақ боламыз.
Алма Есенбай