Биылғы 4 қаңтарда «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы «Есімі – жаңа, тарихы – көне» деп облыстық газеттің қоғамдық-саяси мәртебесін сөз етті. Тарихын еске салды. Іле-шала бұл пікірді Мейрамбек Төлепберген, Жұмаш Арғымбайұлы, Марат Тоқашбаев секілді ардагер журналистер бірауыздан қолдап, үн қосты.
Дұрыстап саралаған адам мәселенің мәнісін анық түсінеді. Алматы облысының газеті 1918 жылдан бері шығады деген ұғым жадымызға бала кезден қалыптасты. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда осы заңдылық өзгеріске түскен. «Алатау арайының» биылғы жаңажылдық нөмірі 162-санмен басталған.
Неге? Әлде «Алатау арайы» газеті Алматы облысы өміріне жолдан қосылған басылым ба? Бұл мүмкін емес! Өйткені, біз білетін облыстық газеттің 100-ден асқаны, 106-ға қадам басқаны бұлтартпас шындық. Мен өзім де, менің 70-тен асқан қатарластарым да, алматылық «Коммунизм таңының», яғни, «Жетісудың» тұрақты авторы болғанбыз. Шығармаларымыз жарық көргенде қанат қаққандай арқаландық. Газет арман қуған талай жастың тұсауын кесті.
2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшті. Себебі, Талдықорған облысы таратылды. Екі аймақ бірікті. Заң бойынша тарамаған Алматы облысының әкімдігі билік тізгінін ұстады. Ондағы барлық құзырлы мекеме қалыбын сақтай отырып, Талдықорған қаласына жайғасты. Соның бірі «Жетісу» газеті еді.
Облыстық басылымның бас редакторынан бастап, саптарын толық сақтады. Өз еріктерімен Алматыда қалғандар болса, олардың орны Талдықорғандағы жаңа әріптестермен түгенделді. Кейін облыстық газеттің құрылтайшысы ретінде «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. 2018 жылы «Жетісудың» 100 жылдығы аталды. Мерейтойда алматылық ардагерлердің басы қосылып, мәре-сәре қуанғаны есімізде. Газеттің тарихын жан-жақты баяндайтын кітап та шықты.
Ал 2022 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 21 жыл бұрын қосылған екі облыс қайтадан бөлінді. Бұл жолы Талдықорған облысы – Жетісу облысы деп аталды. Әкімшілігі жаңадан жасақталды. Алматы облысы өзінің толық құрамымен, басқармалар мен мекемелердің бірі қалмай Қонаев қаласына көшті. Олардың арасынан «Жетісу» газеті ғана ілеспеді.
Неге? Себебін кейін білдік. Қайта ашылған Жетісу облысының атауы газеттің «Жетісу» деген атына сәйкес келгендіктен, сондай шешім қабылданыпты. Сондықтан газеттің құрылтайшысы «Өлке тынысы» «Огни Алатауды» ғана қасына ертіп, Қонаев қаласына сыңаржақ аттанған. Мұнда келген соң «Өлке тынысы» жаңадан облыстық газет ашады. Оны «Алатау арайы» деп атайды. «Алатау арайы» Алматы облысының қоғамдықсаяси газеті мәртебесімен жұмысын жалғастырып жатыр. Былай қарасаң, дызалақтайтын дәнеңе жоқ тәрізді. «Бір қараның орнына – бір қ ара».
Бірақ ең маңызды нәрсе ескерілмеген. Салдарынан Алматы облысы газетінің шежіресі 104 жылға кейін шегінді. Мәселен, өзімен бірге «туып», тең жасасқан «Огни Алатау» – 106-да. Ал «Алатау арайы» «Огни Алатаудың» шөбересі секілді. Бүгінгі мөлшермен есептесек, бір жарымда. Мұның қисынсыз екенін сіз де сезіп отырсыз. Бұдан кейін «Алатау арайына» жанарыңыз жасаурай қарап, «Тарихың қайда, тарланым?» деуден басқа лажыңыз қалмайды!
Сөзіміздің дәлелі үшін өткенді парақтайық. 1918 жылы біздің өңірде Кеңес өкіметі орнайды. Соған байланысты Алматыда Жетісу облыстық революциялық комитеті құрылады (Тіркестің ішінде «Жетісу» деген сөз жүргендіктен, оны бүгінгі Жетісу облысымен шатастырмау керек). Ревкомның аумағына Алматы (Верный) қаласы, оның айналасы және шалғайдағы бірқатар елдімекен кіреді. Аталған ревкомның органы болып Алматыда «Жетісу ісші халық мұхбірі» деген газет жарық көреді.
1929 жылы республика астанасы Қызылордадан Алматыға ауысады. Үш жылдан кейін сыртқы аймақты республика астанасымен қабаттастырмай, Алматы облысының аумағы дербес белгіленеді. Алайда облыстың орталығы Алматыға орналасады. Сондықтан ол астаналық облыс деген қосымша атауға ие болады. 1918 жылдан осында шыққан «Жетісу ісші халық мұхбірі» газеті облыстың меншігінде қалады.
Кейін уақыт талабына сай облыстық басылымның аты тоғыз рет өзгеріпті. Оныншысы – қолыңыздағы «Алатау арайы». Оның бәрін жіпке тізбей-ақ, қысқартып 60-жылдан қайырайық. Газет сол жылдары «Коммунизм таңы» болды. Бұдан соң «Жетісуға» ауысты. Аты жаңаланғанымен, заты бұрынғыдай сақталып, шығармашылығы дамыды. Журналистер қауымының күшімен дәстүрі берік қалыптасты. Сол ерекшеліктерді іздесеңіз, бүгінгі мұрагер – «Алатау арайынан» молынан табасыз.
«Жетісу» – астаналық облыстың органы болғандықтан, Алматыдағы мүйізі қарағайдай республикалық басылымдармен бәсекеге түсетін. Еліміздің барлық аймағындағы әріптестеріне үлгі көрсететін. «Жетісуда» қызмет еткендердің дені кейін үлкен қайраткерге айналды. Республика басшыларының қатарынан орын алған бір ғана Кәкімжан Қазыбаевты мысал етсек те жеткілікті. «Жетісуда» қолтаңбасы қалған Сарбас Ақтаев, Мамадияр Жақыптар қазір қазақ журналистикасының абыздары. Бас редакторлар болған – Әбдіуәлі Қарағұлов, Пернебек Бейсенов, Баймолда Мусиндердің жарқын бейнесі көз алдымызда. Бердібек Соқпақбаев, Оспанхан Әубәкіров, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев тәрізді классик терді қанаттандырған қастерлі басылым да осы «Жетісу» еді.
Ендеше, аңызға айналған «Жетісуымыз» қайда?! Ол ешқайда кеткен жоқ, Талдықорғанда. 2001 жылға дейін, Талдықорған облысы тарамай тұрған кезінде мұнда «Жерұйық» деген газет шыққан. «Жетісу» сол газеттің орнында. Алайда осы тұста біз ұқпайтын бір жай бар. «Жетісуды» аты өзгерген «Жерұйыққа» балайын десең, «Газет 1918 жылғы маусымнан шығады» деп бірінші бетінде жазулы тұр. Ал «Жерұйықтың» («Октябрь туының») 1918 жылдан шықпағаны бесенеден белгілі.
«Жерұйық» газетін өзіне орган еткен Талдықорған облысы қашан, қалай пайда болды? Осы сұрақтың жауабына назар салайық. «Ғасыр-ғұмыр» атты кітапта әріптесіміз Әміре Әрін бұл туралы тайға таңба басқандай анық айтады. «1944 жылдың 16 наурызында Талдықорған облысы құрылуының өзі жергілікті тұрғындардың Ұлы Отан соғысы тұсындағы жігерін жани түскен. Сөйтіп, 1945 жылдың 7 қаңтарында өңірлік «Сталиншіл» газеті өмірге келеді» дейді автор.
Одан кейін бұл газет «Советтік Жетісу», «Октябрь туы», «Жерұйық» болып өзгеріпті. Газет бүгін «Жетісудың» атын иеленіп отыр. Жарайды десек те, Баянжан Мәдиев, Ұзақ Бағаев, Жүрғали Ертілесов, Тұрсын Әбдіуәлиев, Бейбіт Нұрасыловтар қол қойған, талдықорғандықтар сүйінген «Жерұйық» «Жетісуға» бола өзінің әдемі атын жоғалтқаны біртүрлі секілді. Өйткені Жерұйық – өте қымбат теңеу. Асан Қайғы бабамыздың ақ маяға мініп алып өмір бойы іздеген ғажайып өңірі еді.
Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романында мынандай бір эпизод бар. Панфилов дивизиясының офицерлері Алматыда жаңадан жасақталатын 100-бригаданың құрамына жіберілетін болады. Олай еткен жағдайда дивизияға қатысты көп оқиғалар ұмытылмақ екен. Жауынгер бұйрыққа бағынады десек те, сол кездегі Бауыржан Момышұлының «Маған рұқсат етіңіз, жолдас комиссар!» деген қыран дауысы, дәлелді уәждері Мәскеудегі жоғары басшылықтан түскен мәселенің өзін түбегейлі өзгертеді.
– Жауынгерлік ар-намысым менен осында, жауынгер жолдастарымның қаны төгілген дивизияда қалуымды талап етеді. Өлген жолдастарымның әруағы қашан қатардан шыққанымша осы дивизияның туы астында болуымды талап етеді, – дейді Момышұлы. Сөйтіп, даңқты батыр Панфилов дивизиясының қазаққа қатысты тарихының сақталуына үлесін қосыпты. Сол сияқты, «Жетісудың» Алматы облысына қатысты шежіресін жоғалтып алсақ немесе ұмыт қалдырсақ, газетті ашқан, оны жетілдірген, баспасөзді шыңдаған кешегі аталарымыз бен әкелеріміздің әруағына не айтамыз?
Сондықтан мынандай ұсынысым бар: Болар іс болды. «Жетісу» газеті – Жетісу облысында қалды. Оған таласпайық. Өйткені «Екі торының бөтендігі жоқ». Бірақ құжаттар зерделеніп, Алматы облысының басылымында ежелден келе жатқан «Газет 1918 жылғы маусым айынан шығады» деген титулды өз қалпына келтірейік. Титул бүгінгі «Алатау арайына» таңбалансын. Содан кейін 1918 жылдан бастап жарық көрген барлық нөмірдің жиынтық саны есептеліп, «Алатау арайында» дұрыс көрсетілсін. Енді төрт жылдан кейін Алматы облысы газетінің 110 жылдығы болады. Соны ұлықтау құқығы «Алатау арайына» берілсін. Ақиқаттан аттамаған жөн. Менің бұл сөзіме оқырмандар мен әріптестер түсіністікпен қарайды деп сенемін.
Батық Мәжитұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты