Қарағандыда «Жедел жәрдем» жүргізушісін аяусыз соққыға жыққан бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, елдің ашу-ызасын туғызған еді. Көп ұзамай әлгі есерсоқ ұсталды. Араға бірер күн салып Ақмола облысында тағы осындай оқиға болды. «Жедел жәрдем» жүргізушісінің жағасына жармасып жатқан бейнені көзіміз көрді. Қарап отырып еріксіз басыңды шайқайсың. Түн ұйқысын төрт бөліп, адам жанын арашалау үшін асығатын жандарға қол жұмсау, оларды балағаттау – барып тұрған арсыздық. Оған басқа теңеу таба алмаймыз. Сондықтан қоғам болып «Жедел жәрдем» қызметкерлеріне деген құрметті еселеуге тиістіміз. Өйткені олар соған лайық!
Осылай дегенде, 24 жыл «Жедел жәрдем» көлігін тізгіндеп, ақ халаттылармен бірге тер төгіп жүрген Асқар Сағынбаевты ерекшелеп айтқымыз келеді. Ол кісі 2002 жылы Ұйғыр аудандық орталық ауруханасына жүргізуші болып жұмысқа орналасқан. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өткен. Зейнет жасына шығуына да бір жыл қалыпты.
Жұмыс барысында талай оқиғаны бастан кешкен ағамыз ашыла әңгімесін айтты. Асқар Рақымжанұлының сөзінен кейін күн-түн демей жолда жүретін «Жедел жәрдем» қызметкерлерінің еңбекқорлығына, төзімділігіне тәнті болдық.
Жүргізушілер үшін ең қиын сәт – қыс мезгілі. Ол кезде күннің суығы былай тұрсын, көктайғақтан жол жүру қиындайды. Бірақ соған қарамастан, шақырту түскен жерге тез жету – міндет. «Жедел жәрдем» қызметкерлері өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін арашалау үшін барынша жылдам жетуге тырысады. Кейде мекенжайды таппай сабылатын сәттер де аз емес көрінеді. Әсіресе, аудан орталығынан сырт ауылдарға шақыртуға барғанда ауа райының қолайсыздығынан, жол сапасының нашарлығынан сәл кешеуілдеп жететін кездер болады. Бірақ адамның бәрі оған түсіністікпен қарап, сыпайы қарсы ала бермейді. Көлік жүргізушісіне қоқан-лоққы көрсетіп, ерте келмегендеріне айғайлап, арнамысқа тиетін сөздер айтатындар да көп кездеседі. Тіпті науқастың жақындары Асқар ағаны қылғындырған кездер де аз болмапты.
– Оларды барынша сабырға шақыруға тырысамыз. Кейде осындай айқай мен балағат сөздерді естігенде, қолыңды бір-ақ сілтеп, жұмыстан кеткің келеді. Бірақ келесі шақыртуға барғанда керісінше алғыс арқалаймыз. Әрине, бес саусақ бірдей емес, біреу ашуланса, енді бірі ризашылығын білдіріп жатады, – деп ағынан жарылды ағамыз.
Асқар Сағынбаевты әріптестері ерекше құрметтейді екен. Біз ол кісімен әңгімелесіп тұрғанда жанымызға тағы бір көлік жүргізушісі келді. Қолдаш Аюпов есімді азамат Асқардай сабырлы жанның сирек кездесетінін, өз ісіне деген жауапкершілігінің мол екенін, 10 жылдан бері қасында жүріп, азаматтығына тәнті болғанын ықыласпен жеткізді. Әріптесінің мерейін өсірген сөзге біз де риза болдық. Адамдардың бір-біріне деген мейірім-пейілі төмендеп, сый-құрметі азайып бара жатқан қоғамда осындай сыйластықтың барына қуанасың.
Бүгінде аудандық орталық аурухананың «Жедел жәрдем» бөлімшесі Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына қарайды. Сонда аға жүргізушісі болып еңбек ететін Асқар Рақымжанұлы зайыбы екеуі екі ұл өсіріп, немере сүйіп, қазыналы қарттыққа аяқ басты. Адал еңбекпен несібесін тауып, жауапкершілік жүгін арқалап, туған-туысы мен жақындары, жора-жолдастарының алдында құрметке ие.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы